Емханаңызды таңдадыңыз ба?

Среда, 23 Сентябрь 2020 04:17 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 11719 раз

DSC 4046

Бүгінгі таңда еліміз бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын (МСАК) таңдау басталды. Қыркүйектің 15-інен басталған бұл шара тұрғындардың өз еркі бойынша қалаған емханасына тіркелуіне қарашаның 15-іне дейін мүмкіндік береді. Осы аралықта дұрыс таңдау жасауға тырысыңыз. Дегенмен, бұл шараға байланысты оқырмандар тарапынан туындаған сауалдар да аз емес. Олардың сұрақтарын топтастыра келе, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Беденге қойған едік.

i–Ахмет Сейсенбайұлы, оқырмандардың көбі өзіне қолайлы емхананы таңдау үшін қайда баруы керектігін сұрап жатыр. Сонымен қатар «ол үшін арнайы өтінішті кімге жазуымыз керек» деген ата-апаларымыз да бар. Бұған не дейсіз?

–Емханаға тіркелудің бірнеше жолы бар. Егер ЭЦҚ (электронды-цифрлы қолтаңба) болса электронды үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркелуге болады. Ондағы денсаулық сақтау бөліміне кіріп «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электронды құжат түрінде тіркелгені туралы хабарлама береді.
Сонымен бірге, тікелей емханаға барып та тіркелуге болады. Ол үшін өзі таңдаған емханаға барып, өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатын көрсетсе болғаны. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер; колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.

– Бұл орайда тұрғындардың жекеменшік медициналық орталықтарды таңдауына мүмкіндігі бар ма?

–Әлбетте. Шымкент қаласы бойынша 36 медициналық емедеу мекемесі азаматтарды қарашаның 15-іне дейін тіркей алады. Оның 14-і мемлекеттік, 22-сі жекеменішік медициналық орталық. Әр азаматтың тандау құқы бар.

–Жекеменшік емханаға тіркелу де жоғарыдағыдай талаппен өте ме?

–Дәл солай. Электронды қолтаңбасы болса www.e.gov.kz веб-порталы арқылы. Ал, жасы үлкен ата-апаларымыз бен мүмкіндігі шектеулі азаматтар емханаға барып тіркелуіне болады.

– Айтыңызшы, мемлекеттік емхана мен жекеменшік емхананың қызмет көрсету ісінде қаншалықты айырма бар? Қайсысы сапалы ем-дом жасайды деп ойлайсыз?

–Әрине, осы тіркелу науқанында көп азаматтар жақсы сапалы, өздеріне ынғайлы емханаға тіркелуге тырысады. Себебі кімде болса, мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келеді. Дегенмен, өз басым мемлекеттік емханалардағы қызметтер белгілі стандартқа сай дер едім. Яғни, сапалы медициналық қызмет көрсетуде мемлекеттік мекеме бір саты жоғары тұрады деп ойлаймын. Себебі, мемлекеттік емханалардың арнайы жабдықталған стандартқа сәйкес өз ғимараттары бар. Қажетті құралдар жеткілікті. Тиісті сала мамандары да мемлекеттік мекемелерде жетерлік. Десек те, жекеменшік клиникаларда да білікті мамандар барын жоққа шығара алмаймын. Ең бастысы әрбір азамат өзіне ыңғайлы емхананы дұрыс таңдағаны жөн.

–Ахмет Сейсенбайұлы, қателеспейтін адам болмайды. Тәуір екен деп таңдаған жекеменшік емхананың қызметі уақыт өте келе көңілден шықпай жатуы әбден мүмкін ғой. Осындай жағдайда емделуші қайтадан мемлекеттік емхананы таңдауына мүмкіндігі бар ма? Қайтып келген пациентін мемлекеттік емхана кері қабылдай ма? Себебі, көп адамды «дұрыс таңдамай қалсам қайтемін?» деген ой мазалап жүрген сияқты...

–Әрине, егерде медициналық көмекті сапалы және уақытылы көрсетпеген жағдайда, меншік түріне қарамастан емделуші кінәлі маманның үстінен шағымдануына болады. Заңға сәйкес ол маман жауапқа тартылады. Ал, медициналық мекеменін құжаттары заң талабына сай болмаған жағдайда түзілген келісімшарттар бұзылып, медициналық мекеменін көмек көрсету қызметі тоқтатылады. Ондай сәтте азамат, қайтадан өзінің таңдаған емханасына қайта тіркелуіне құқығы бар.
Сонымен қатар, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада қызмет көрсетуді жалғастыра алады.
Айта кету керек, кез келген азамат басқа мекенжайға ауысқан жағдайда немесе жылына 1 рет басқа емхананы таңдауына болады.

–Кеңесіңізге көп рақмет.