Бақытжан Позилов: «Қауіпті вирус мутацияға ұшыраған»

Среда, 18 Ноябрь 2020 04:05 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 16046 раз

76 main

Елімізде коронавирус індеті бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанымен, қауіп басым. Ковидтің екінші толқыны қайта бас көтере бастағаны алаңдатпай тұрған жоқ. Вирустық инфекциялар, тұмау, маусымдық аурулар басталған кезде коронавирустың күшеюі мүмкін екендігін де мамандар жасырмайды. Сонымен, мамандар болжаған пандемияға дайындығымыз қалай? Жаздағы күрделі жағдайдан қаншалықты сабақ алдық? Осы орайда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловпен сұхбаттасқан едік.

позилов3– Бақытжан Жолдасбекұлы, коронавирустың ықтималды «екінші толқыны» өрши қалған жағдайда оған қаншалықты дайынбыз?

– Иә, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзде пандемияның екінші кезеңі болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Себебі, жедел респираторлық вирусты аурулар дәл осы кезде өршиді. Күн салқындағанда індетпен бірге қосарланады деген қауіп болды. Сол үшін алдын алуға дайындық жұмыстары жүргізілді. Бұл дұрыс шешім болды. Қазір елімізде әлемдегідей үлкен пандемия жоқ. Алайда Шығыс және Батыс Қазақстан өңірлерінде індетпен ауырғандар көбеюде. Әзірге Шымкент жасыл аймақта. Бірақ арқаны кеңге салып, босаңсуға болмайды. Қалада індет басталғалы бергі 24 наурыздан қарашаға дейінгі аралықта 5297 адам тіркеліп, оның 5160-сы жазылып шықты. Өкінішке қарай, 75 адам көз жұмды.
1 тамыздан 17 қарашаға дейін ковид белгілері бар пневмонияның 1086 жағдайы тіркелді. Оның 12-сі – 18 жасқа толмаған балалар. Өткен тәуліктерде коронавируспен ауырғандар тіркелмеген еді. 5 қарашада стационарға бірден 8 науқас түсті. Бұл бізді алаңдатып отыр. Қазір 62 адам ем алып жатыр.
Аурудың алдын алу мақсатында сақтық шараларын күшейттік. Егер екінші кезең болған жағдайда, С жоспары бойынша 5000-нан астам төсек-орын қайта ашылады. 10 600-ға жуық медицина қызметкері оқудан өтті. Бастапқыда өкпені желдету аппаратының саны 310 болса, бүгінде 612-ке жетті. Медицина мамандары адамдарды шоғырландырмау, вирустың белең алуына жол бермеу мақсатында жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы коронавирус инфекциясы, эпидемиялогиялық ахуал туралы ресми және сенімді ақпаратты https://covid19shymkent.kz/ сайтынан білуге болатынын ескертеміз.

– Күзгі және қысқы маусымда болжамдалып отырған коронавирустың жаздағы жағдайдан айырмашылығы неде? Оның салдары қандай болуы мүмкін?

–Әлем елдерінде пандемия асқынып барады. Жұқтыру оқиғасы мен өлім-жітім оқиғасы артуда. Көрші Ресейде де ахуал алаңдатарлық. Жағдай көктем-жаз айларындағыдан қиындау. Себебі, алдыңғы толқында науқастарда респираторлық вирусты аурулар болмаған. Ал күзде маусымдық тұмау, жаппай суық тию жағдайды күрделендіріп отыр. Оның үстіне қауіпті вирус мутацияға ұшыраған.

– Жедел жәрдемге жұрт қаншалықты жүгінеді? Оны сұрағаным, тұмауға атүсті қарайтын әдетімізбен бұл екі ауруды шатастырып жүрген жоқпыз ба?

– Бұған дейін жедел жәрдемге жоғары температура, жөтел, тұмаумен түскен шақыртуларда COVID-19 инфекциясы болған жоқ. Ал қазіргі шақыртуларда қауіпті вирус болуы ықтимал. Бүгінде дәрігерлер белгіленген алгоритм бойынша жұмыс істейді. ЖРВИ мен жедел респиаторлық вирустың симптомдарын, науқастың қай аймақтарда болғанын анықтайды. Содан соң диагноз қояды.

–Жазда індетті ауыздықтай алмауға дәрі тапшылығының себеп болғанын жақсы білеміз. Талай сын айтылды. Ақыры бар кінәні «СК-Фармацияның» мойнына іліп, мұндай тапшылық болмайтынына өзімізді сендіргендей едік. Бірақ дерттің «екінші толқынына» дайындық жасап жүргенде дәрі-дәрмек таппай сенделетін жағдай қайталанбай ма?

– Жаз айларында дәрі тапшылығы туындап, дәріханалардың алдында ұзын-сонар кезек болды. Сондай-ақ парацетамолды 20-30 бумадан алғандар көп кездесті. Ақыры бұл жағдай дәрі тапшылығына алып келді. Қазіргі таңда дәріханалар мен емханаларда және ауруханаларда дәрі-дәрмектің екі айға жеткілікті қоры дайындалды. Мұнан бөлек, қалалық әкімдік резервінен дәрі тапшылығын болдырмау мақсатында қаражат қарастырылды. Сондықтан жетіспеушілік болады деп айта алмаймын.

– Аурудың алдыңғы шебінде жүрген әріптестеріңіз туралы бір ауыз айтып өтсеңіз. Оларға үстемеақы төленді ме?

– Басын қатерге тігіп, ауру ошақтарында үй бетін көрмей, адал еңбек етіп жатқан дәрігерлердің еңбегі ерен. Елдің амандығы үшін жанқиярлықпен жұмыс істеген ақ халаттылардың қай-қайсысы да құрметке лайықты. Індетпен күрес кезінде ауру жұқтырған 400-ден аса әріптесіміздің бәріне 2 миллион теңгеден төленді. Ал қайтыс болған 21 дәрігердің туысына 10 миллион теңгеден толық берілді.

– Індеттің екінші кезеңіне әзірлік жөніндегі кеңесте Президент ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша ахуалдың нашарлығын сынға алды. Оның ішінде Шымкент те аталды. Ана өлімінің жиілуіне не себеп?

– Иә, Шымкентте жыл басынан бері ана өлімі өткен жылға қарағанда көп тіркелді. Өкінішке қарай, бұл – біз үшін нашар көрсеткіш. Қазір ана өлімінің алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қалалық инфекциялық орталықта ковидпен ауырған жүкті әйелдерді қабылдайтын, босандыратын, ота жасайтын мүмкіндік жасалды. Күнделікті акушер-гинекологтарымыз аяғы ауыр аналармен жұмыс істеуде.
Жүктілік кезінде 7 қауіп-қатер бар. Егер бас, іш қатты ауырған кезде, басқа симптомдар болғанда уақыт созбай дәрігерге хабарласқан дұрыс. Алайда әйелдердің өз денсаулығына немқұрайлы қарауы қайғылы жағдайға әкеліп соғуда.

– Кавасаки синдромы туралы көп айтылып жүр. Оған шалдыққан балалар бар ма?

– Қаламызда кавасаки синдромымен тіркелген балалар жоқ. Бірақ мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтырған фактілер болды.

– Аурудың қауіптілігі неде?

– Кавасаки ешқандай жұқпалы ауру емес. Бұл – пандемияға дейін де болған, бірақ өте сирек кездесетін дерт. Көбінесе 1-8 жас аралығындағы балаларда болады. Негізгі симптомдары ұзақ уақыт болатын лихорадка. Синдром дене қызуының 38 градусқа көтерілуінен басталады, сол кезде жөтел пайда болуы мүмкін. Ауруға ұқсас белгілердің бірі – бөртпе, тілдің, еріннің қызаруы, алақанның ісінуі. Сондай-ақ синдром кезінде конъюктивит білініп, лимфа түйіндерінің үлкеюі ықтимал. Балалар кеудесі қысылып, жүрек тұсы, іші ауырып, құсу, жүрек айну, диарея сияқты жайсыздыққа тап болады. Яғни емдемеген жағдайда қауіпті патологиялық ахуалға әкеп соғады.

– Коронавирус жұқтырғандарды жас ерекшеліктері бойынша жіктеп берсеңіз. Ауруды жастар жеңіл өткереді деген рас па?

– Жаз айына дейін коронавирустың бар екеніне көпшілік сене қоймады. Алғашқы карантиндік шектеулер алынған соң, маусымның ортасында стационарларға науқастар толассыз түсе бастады. Ауырғандар арасында созылмалы дерттің салдарынан өлім көрсеткіші артты. Сонда ғана адамдар індеттің қолдан жасалмағанына көз жеткізді. Қауіпті дерттің жас-кәріге қарамайтынын білді. Демек, жастар COVID-19-ды жеңіл өткереді деген ақпаратқа алданудың қажеті жоқ.

– Аурудан қорғанудың қарапайым ғана қағидаларын халық қаншалықты орындап жүр?

– Бастапқыдай емес, адамдарда аурудан қорғану туралы түсінік қалыптасты. Қорғанып, сақтық шараларын сақтау керек екенін жақсы біледі. Ең қарапайым қағида – бетперде тағып, арақашықтықты сақтау. Бірақ көпшілік әлі де медициналық масканы дұрыс қолдануға мән бермейді. Біріншіден, қоғамдық көлік, базар, сауда орталықтарында, дүкендер мен адам бас қосқан орталарда масканы дұрыс тақпайды. Бар дегендей ғана иекке түсіріп алады. Ал мұның ешқандай пайдасы жоқ. Екіншіден, әлеуметтік арақашықтық сақталмайды. Бұл бізге үлкен мәселе туындатып отыр. Күн сайын мониторингтік топтар рейдтерге шығып, мейрамханалар мен тойланаларды тексереді. Той жасағандарға ескерту беріліп, айыппұл салынып жатыр. Қанша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, өкінішке қарай сақтық шаралары толық сақталмай келе жатқанын ашық айтуымыз керек.

– Дәрігер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Біз коронавируспен ауырып жатқан науқастар туралы ақпаратты күнделікті ашық жариялаймыз. Бірақ көпшіліктің статистикаға алаңдаушылығы төмен. Ашығын айтайын, егер санитарлық талап орындалмаса, әлеуметтік арақашықтық сақталмаса, қоғамдық ортада бетпердесіз жүрсек, той-жиындардан бас тартпасақ, індеттің «екінші толқыны» етек алуы әбден ықтимал. Яғни, вирусқа әлемнің өзі қарсы тұруға қауқарсыз. Оның қарқыны қандай боларын тап басып ешкім айта алмайды. Дәрігерлердің қолынан келері – науқасқа көмек көрсетіп, аурудың алдын алу шараларын жүргізу ғана. Сондықтан ең маңыздысы – санитарлық талаптарды қатаң сақтап, тәртіпке бағынған абзал.

Последнее изменение Среда, 18 Ноябрь 2020 10:53
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.