Версия для печати

Сәрсен ПЕРНЕБЕКОВ, Қалалық №2 аурухананың бас дәрігері, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нейрохирургы: «КАДРЛЫҚ ПОТЕНЦИАЛЫМЫЗ ӨТЕ ЖОҒАРЫ» Избранное

Пятница, 26 Март 2021 03:42 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 13244 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Қалалық №2 аурухана мегаполистегі көпсалалы медициналық қызмет көрсететін бірегей мекеме. Ауруханада өткен жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, мамандар тұрғындарға жоғары медициналық қызмет көрсетуді бастады. Жаңа орталық пен бөлімшелер ашылып, заманауи құрал-жабдықтар және қондырғылармен қамтамасыз етілуде. Медициналық ұйымдағы өзгерістер мен тың жаңалықтар жайында аурухананың бас дәрігері Сәрсен ПЕРНЕБЕКОВПЕН арнайы сұхбаттастық.

427

 

–Сәрсен Махамбетұлы, кезінде «Фосфоршылардың ауруханасы» аталған мекеменің күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін екінші бір тынысы ашылғаны сезіледі. Ғимарат ауласының кіре берісінен-ақ мұнда үлкен өзгерістердің орын алып жатқаны байқалады?

428

–Иә, екінші тынысы ашылды деген сөзіңіздің жаны бар секілді. Өйткені, іргетасы 1975 жылы қаланған ауруханада соңғы 45 жылда ешбір ағымдағы не күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Медициналық ұйым көп жылдар бойы Қазақ-түрік университетінің құзырында болып, тек 2018 жылы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баланысына өтті.
Аталған нысан бас корпус (стационар), босану бөлімі және емханадан тұрады. Бас ғимаратта 9 бөлімше, атап айтқанда - хирургия, гинекология, неврология, аллерго-пульмонология, гастро-нефрология, гематология, ревматология, кардиология, оңалту бөлімшелері бар. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін бас корпуста Шымкент қаласында екінші болып үшінші деңгейлі көмек көрсететін инсульт орталығын аштық.
Ал екінші деңгейлі қызмет көрсететін босану бөлімшесінде жылына 7500-ге жуық сәби дүниеге келеді. Жалпы босану бөлімшесін 3-ші деңгейлі перинаталдық көмек көрсететін орталыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Мұндағы үшінші деңгей дегеніміз қазіргі таңда қалалық перинаталдық орталық секілді 500 грамнан жоғары салмақта нәрестелер дүниеге келген жағдайда сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріледі.

429


Қазіргі таңда қалалық денсаулық сақтау басқармасына жоғары технологиялық көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдықтарға өтінім берілді.
Үшіншісі – емхана жағдайына тоқталсақ, 2020 жылы 50 000 тұрғын, биыл 49 500 тұрғын тіркелген, тәулігіне 700-ге жуық азамат дәрігерге қаралады.
Алдағы жоспарымызда нейрохирургиялық бөлімше ашу мәселесі тұр.

– Инсульт орталығының мүмкіндігіне тоқталсақ. Жалпы орталықтың ашылуы қандай қажеттіліктен туындады?

–Қазіргі таңда әлемде кең тараған әрі қауіпті дерттің бірі – инсульт. Жыл сайын дүниежүзінде бұл дертке шамамен 15 миллион адам шалдығады. Салдарынан 3-5 миллионы қайтыс болады екен. Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адам инсультқа шалдығып, ауырғандардың 80 пайызы мүгедек болып қалады. Бұл статистика жуырда қаламызда ТМД мемлекеттері мен Қазақстанның білікті де тәжірибелі невропотолог, нейрохирург дәрігерлері бас қосып, «Инсульт ауруын емдеу және алдын алу» жөнінде өткізген онлайн халықаралық конференциясында да айтылды.
Миллионнан астам халқы бар Шымкентке негізінен 4 инсульт орталық қажет. Соның біріншісі - қалалық №1 клиникалық ауруханада. Екінші болып, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен біздің аурухана базасында жоғары мамандандырылған инсульт орталығы мен ангиография бөлімшесі ашылды.

430


Басты мақсат – бас ми қан айналымы бұзылыстарымен түскен науқастарға дер кезінде сапалы, арнайы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету арқылы өлім-жітімді және мүгедектікті азайту.
Жаңадан ашылған орталықта мамандарымыз Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
Орталық 30 орынға лайықталған. Мұнда соңғы үлгідегі экспресс - класты бипланды Philips Azurion 7 В20/15 ангиографиялық аппараты мен өкпені жасанды желдету, цифрлы рентген сынды инсульт ауруын емдеуге қажетті аппараттар орнатылған. Теңдесі жоқ құрылғылармен жұмыс істеу үшін мамандарымыз шетелдерде біліктілігін арттырып келді.
Жоғарыда №2 аурухана базасындағы жаңа орталық қалада ашылған екінші инсульт орталық екенін атап өттім. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен қаладағы аудандар екіге бөлініп, қан айналым бұзылысынан зардап шеккен науқастар (Еңбекші және Қаратау ауданы тұрғындары) бізге қарайды. Дәл қазіргі уақытта алдымызда дәрігерлердің біліктілігі мен жоғары технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып, әрбір науқастың өмірін сақтау мен мүгедектікке жол бермеу міндеті тұр.

–Теңдесі жоқ деп атаған Philips Azurion 7 В20/15 құрылғысының артықшылығы неде?

–Жедел ми қан айналым бұзылысы - науқастар өлімі бойынша үшінші орын алса, халықтың мүгедек болып қалу қаупі бойынша бірінші орында. Инсульт алған үш науқастың біреуі қайтыс болады. Оның үстіне қазір инсульт жас таңдамайды.
Бұл аппараттың көмегімен адам ағзасындағы барлық мүшелердің тамырларына эндоваскулярлы (тамырішілік) оталар үлкен тіліксіз, теріні кішігірім тесу арқылы жасалады. Тіпті, кейде наркоздың да қажеті болмайды.
Ангиограф құрылғысы ірі артериялар ғана емес, ұсақ тамырларды көруге мүмкіндік береді. Сол себепті бас миы тамырларының патологиясы кезінде (инсульт пен т.б.) бауыр-бүйрек, қалқанша безі, кіші жамбас мүшелері және жүрек-тамыр аурулары кезінде кеңінен қолданылады.
Тағы бір артықшылығы – бас миы және мойын тамырларына операция жасау барысында болып жатқан құбылысты бір уақытта екі проекцияда көруге болады. Бұл дәрігерлерге операция кезінде жұмыстың сапасын бақылауға көмектеседі.

Инсульт алған науқасқа әрбір секунд қымбат. Мамандар үшін де әрбір секунд текке кетпеуі қажет. Осындай кезде ота үстелінде жатқан науқасты КТ аппаратына ары-бері тасымайды. Инсультке шалдыққан науқастарды операцияға дейін немесе кейін аппарат үстінде орнынан қозғамай мидың жағдайын анықтауға болады.

–Жаңа бір сөзіңізде нейрохирургиялық бөлімше ашу жоспарда бар екенін айттыңыз. Жалпы мамандар жаңа ота түрлері, жаңа технологияларды игеруге дайын ба?

–№2 аурухананың кадрлық потенциялы өте жоғары. Рентгенхирургтар шет елдерде біліктілігін жетілдірген (Литва, Ресей, Белорусь, Германия, Оңтүстік Корея, Франция, Англия). Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маманы, атап айтқанда нейрохирург, пульмонолог, гастроэнтеролог, нефролог, ревматолог, диетолог, профпатолог, рентгенолог, гематолог мамандары бізде жұмыс істейді. Жаңа орталық пен бөлімшелерді ашу барысында Оңтүстіктегі білікті кадрларды өзімізге тарттық.
Жаңа бөлімше қажеттілігіне тоқталсақ, нейрохирургиялық аурулар бойынша науқастардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы медициналық ұйымдарға жүгінеді. Айта кеткім келетіні, шымкенттік нейрохирургтердің нейрохирургиялық аурулардың алдын алуға, емдеп-жазуға біліктілігі жетеді. Осы орайда, дәл қазір бізге қажеті - жоғары технологиялық медициналық құрылғылар. Биыл өтінім берген қажетті медициналық құрылғыларға қол жеткізсек, бас ми омыртқа, мидың түкпір-түкпіріндегі ісіктерге ота жасауды қолға аламыз.

–Пандемия медицина мамандарына жауапкершілік пен үлкен салмақ жүктеді. Карантин талаптарымен өмір сүріп жатқанымызға жылдан асыпты...

–Расында, өткен жылдың наурызында елімізде карантин жарияланған болатын. Соvid-19-бен күрескенімізге жылдан асыпты. Пандемия уақытында халықтың саулығын сақтап, науқастардың өмірімен күрескен денсаулық сақтау саласындағы әрбір маманның еңбегіне алғысымды айтқым келеді.
Соvid-19 инфекциясы өршіген тұста аурухана базасында 260 төсек-орынды провизорлық стационар жұмыс істеді. Қалада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты штаттық жұмысқа қайта көштік. Дегенмен эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлаған жағдайда ауруханамызда 400 орынды бөлімше автоматты түрде бір тәулік ішінде инфекциялық орталыққа айналады. Оған қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда, базада 68 жасанды өкпе желдеткіші, 60 оттегі концентраты, заманауи рентген қондырғысы, жылжымалы рентген қондырғы, 320 оттегі нүктесі орналасқан.

–2019 жылы перинаталдық орталықта жаңа босанған ананың аяқасты миына қан құйылып, ота жасалды. Ота сәтті өтіп, ана мен бала қауышты. Осы отаны сіздің жасағаныңыз БАҚ-та жарыса айтылып та, жазылып та жатты. Жалпы өмірін арашалап қалған пациенттеріңіз хабарласып тұра ма?

–Өткенді еске салдыңыз-ау... Бүгінгі таңға дейін 1000-ға жуық ота жасадым. Сол кезде қалалық перинаталдық орталықта босанған әйелдің жағдайы күрт нашарлап, ес-түссіз халге түскен болатын. Тексеру кезінде 40 жастағы келіншектің миына қан құйылып, инсульт алғаны анықталған. Ота шұғыл өтті. Жаңа босанған әйелдің бас сүйегін ашып, инсульттен пайда болған мида ұйыған қанды алып тастадық. Пациенттердің арасында ризашылығын білдіріп тұратындар көп.

431

 

–Білікті маман әрі басшы ретінде Сізді медицина саласында қандай мәселелер толғандырады?

–Шымкент – еліміздегі стратегиялық маңызы бар үшінші қала. Елімізден бөлек, қаламыздың өзінде бүгінде медицина саласында үлкен реформалар жүріп, материалдық-техникалық базаны жақсарту, мамандардың біліктілігін арттыру мен заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесіне жергілікті әкімдік қолдау білдіруде. Бір өкініштісі, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына медициналық көмекке жүгінетін тұрғындар саны аз емес. Осы ағын дейміз бе әлде екпінді ме, тоқтатсақ дейміз. Өйткені, қай салада болмасын ізденістегі, өз ісінің білгірі, тәжірибелі де қабілетті шымкенттік дәрігерлер көп.

Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.