«Дәрігердің жұмыс барысында қателесуіне болмайды»

Среда, 28 Апрель 2021 06:37 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8193 раз

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері осы стипендия бойынша қаншама жас мұхит асып, шетелде білімін жетілдірді. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде өз білімі мен білігін ел игілігіне жаратып, еңбек етуде. Солардың бірі – шымкенттік оториноларинголог-дәрігер, «Medincus» халықаралық есту және сөйлеу орталығының Шымкент қаласындағы филиалының директоры Еркебұлан АБДРАХМАНОВПЕН сұхбаттастық.

erkebulan-abdraxmanov

– Еркебұлан Қайырұлы, «Болашақ» қазақ жастарына қанат бітіретін бағдарлама дегенді түлектердің өзінен жиі естиміз. Осы туралы өз ойыңыз қандай?
– Расында, «Болашақ» бағдарламасы – біздің жастарға берілген таптырмас мүмкіндік. Бағдарлама өз саласындағы ең үздік оқу орындарында білім алуға немесе тәжірибеңді жетілдіруге жол ашады. Өзім Германияда көш бастап тұрған Фрайбург университеттік клиникасында білімімді жетілдірдім. Неміс оқу жүйесіне сәйкес, дәрігерлер оқуларын тікелей аурухана қабырғаларында алады. Клиникада ғылым мен тәжірибе ұштасып, медицина саласындағы ең озық деген жетістіктер күнделікті қолданыста болады. Бүгінде кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екенін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Өз салам бойынша мықты мамандардан және озық технологияны қолдануда көп тәжірибе жинадым. Себебі, бізге ол жақта дайын маман ретінде қарады. Әрқайсымыз науқастарды қабылдап, операция жасадық.

– Отоларингология – медицинадағы күрделі саланың бірі. Осы бағытты таңдауға не  себеп болды?
– Медицинаның бұл саласына қызығушылығымды тудырған – әкем. Өйткені әкем – дәрігер-оториноларинголог. Ал түпкілікті таңдау жасауға 12 жасымда гайморит болып ауырып, әкемнің бөлімшесінде емделіп жатқан кезім әсер етті. Дәл сол кезде оториноларинголог мамандығының қаншалықты қызықты екеніне куә болдым. Науқастарды емдеу, ота жасау – бәрі мені қызықтыра бастады. Тіпті бөлімшедегі науқастардан олардың дерттері жайлы сұрадым. Сол кезден бастап, үлкейгенде дәрігер атанып, сырқаттанған барлық адамды емдегім келетінін түсіндім. Осылайша бала арман өмірлік ұстанымыма, дәрігер болып қалыптасуыма көп көмегін тигізді деп ойлаймын. Алғашқы еңбек жолым Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі клиникада басталды. Шыны керек, Германияның медицинасымен танысуым осы клиниканың солармен серіктес болуымен байланысты. Өйткені Германияға «Болашақ» арқылы бармас бұрын, «Қазақмыс» корпорациясының өз дәрігерлерін шетелде оқыту бағдарламасы арқылы сол Фрайбург университет клиникасында резидентура аясында 2 жылдық білім алдым. Содан кейін оралып, алған білімімнің жемісі нәтижесінде жаңадан оториноларингология бөлімшесін ашып, жергілікті науқастарды заманауи әдістермен емдеу тәсілдерін енгіздім.

– COVID-19 індетімен ауырған науқастар иіс пен дәм сезу қабілеттерінің төмендегеніне шағымданып жатады. Маман ретінде осы инфекциялық ауру туралы әңгімелеп берсеңіз.
– COVID-19 індеті барлығымызды әуреге салғаны рас. Оның негізгі салдарынан басқа, иіс пен дәм сезбеу, шаш түсу, бас айналу, құлақтың шуылдауы сияқты кері әсерлерін де кездестіреміз. Айта кетейін, иіс сезіну көбінесе уақыт өте келе өздігінен қайта қалпына келеді.

– Құлақ, мұрын, тамақ аурулары адамдарды көктем мезгілінде көбірек мазалайды. Лор дәрігері ретінде қандай кеңес бересіз? Неден сақтану керек?
– Құлақ, мұрын, тамақ аурулары арасында ең жиі кездесетіні, әрине, қабыну аурулары. Бұл дерт көбінесе вирустық инфекция кезінде қозып, әрі қарай асқынып жатады. Қоздырғыш факторларға жалпы суықтау, ауыспалы кезеңде ағзаның әлсіреуін айтуға болады. Сол үшін осы кезеңдерде ауа райына сай киіну, жақсы тамақтану керек. Жазда ауру болмайды деген қате ұғым да бар. Ыстық болғандықтан, адамдар суық су ішіп қояды, желдеткіштің кесірінен суықтап қалып та жатады. Осыған назар аударған жөн. Сонымен қатар, сау кезде де аурудың алдын алу үшін дәрігерге қаралған дұрыс. Кейде тамақ немесе мұрын құрамында қабынуға тез жол беретін өзгерістер табылып қалуы мүмкін. Бұл өзгерістерді алдын ала емдеп, қалпына келтіруге болады.

– Сіздіңше, қазіргі оториноларингологияның өзекті мәселелері қандай? Технология бұл салада қаншалықты дамып жатыр?
– Әрине, біз өз тәжірибемізде тек дәлелді медицина қағидаларына сай әрекет етуіміз керек. Бұл қолданылатын емге ғана емес, сонымен қатар, жүргізілетін зерттеу әдістеріне де қатысты. Ем қолданғанда тек халықаралық және отандық протоколдар мен стандарттарға сүйеніп тағайындау жасаймыз. Өйткені адамдар құлағына, мұрнына, тамағына еш пайдасы жоқ немесе зиян келтіретін заттар (сарымсақ, пияз суы, неше түрлі майлар) тамызатынын тәжірибемізде кездесіп тұрады. Олар емдік әсер көрсетпек түгілі, бұл мүшелердің нәзік шырышты қабаты мен терісін күйдіру қаупі жоғары екенін түсінбейді. Күнделікті тәжірибемізде қазіргі кезде қолжетімді озық технологияларды да пайдаланамыз. Оториноларингология саласынанда кең тараған әдістердің бірі – эндоскопиялық зерттеу жүргізу. Соның көмегімен жай көзге көрінбейтін өзгерістерді анықтау мүмкіндігі бар. Ең бастысы, жай ғана ЛОР-мүшелерінің құрылым өзгерістерін ғана емес, функционалды тұрғыдан да бағалауға мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!