«Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» Избранное

Пятница, 30 Апрель 2021 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8110 раз

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Елдегі ынтымақтастық пен татулық, бірліктің мерекесі. Осынау қастерлі құндылыққа үлес қосып жүргендер қатарында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы түрлі этномәдени бірлестіктер де бар. Бұл бірлестіктердің жұмысын «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырады. Бір шаңырақ астына бірігіп, ұлтаралық келісім мен ынтымақтастық жолында жүрген жандардың жұмысы туралы Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармаға қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінің басшысы Ербол БАЙҚОНАҚОВ айтып берді.

705

 

– Ербол Сүлейменұлы, мекеме жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз...

– «Қоғамдық келісім» мекемесі 2018 жылғы тамызда құрылды. 2019 жылғы күзде қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың қарамағына өттік. Мекеме құрылымы 4 бөлімнен тұрады.

 

706

 

– Мекеме этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіреді. Қазір қалада қанша этномәдени бірлестік бар? Одан бөлек қоғамдық құрылымдар бар ма?

– Ия, біздің мекемеге қарасты 16 этномәдени бірлестік қызмет етеді. Олардан бөлек 6 қоғамдық құрылым, кеңестер бар. Нақты айтсақ, 12 этномәдени бірлестік жанынан жастар қанаттары, 8 этномәдени бірлестік жанынан аналар кеңесі құрылған, 5 этномәдени бірлестік жанында кешкі мектеп жұмыс істейді. Сонымен қоса түрлі хор ұжымдары, вокалдық топтар, би үйірмелері – жалпы саны 22 ұйым «Қоғамдық келісім» мекемесінің аясында әрекет етеді. Этномәдени бірлестіктерден бөлек, біздің мекеме Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында жұмыс істейтін 6 қоғамдық кеңестің жұмысын үйлестіреді.

– Оларға жеке-жеке тоқталып өтсеңіз.

– Ең алдымен Қоғамдық келісім кеңесін айтуға болады. Төрағасы – Орынбай Рахманбердиев. 31 адам мүше, отырыстары әр тоқсан сайын өтіп тұрады. Биылғы І тоқсанда негізінен коммуналды мәселелер мен тұрғындарды жұмыспен қамту жайы тыңдалып, сала басшыларына ұсынымдар берілді. Сонымен қоса тұрмыстық келіспеушіліктер, даулар секілді 12 мәселе қаралып, оң шешілуіне ықпал етті. Тағы бір ірі құрылым – Аналар кеңесі. Балқия Көмекбаева төрағалық ететін кеңеске тоқсан сайын жиналып тұрады. Жыл басынан бері ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында 13 іс-шара өткізіліп, жоғарғы оқу орындарында 7 кездесу ұйымдастырылды.

Үшіншісі – Медиация кеңесі. Төрағасы өзім. Кеңестің 13 мүшесі бар. І тоқсанда кеңес медиативтік қызметті дамытуға бағытталған 2 онлайн қабылдау, 2 вебинар өткізді. Қазіргі кезде қалалық деңгейде – 1, аудандық деңгейде – 4, барлығы 5 медиация кабинеті ашылған. Жалпы, Шымкент бойынша жергілікті атқарушы органдарда 51 медиатор тіркелсе, соның ішінде 12 медиатор Қазақстан халқы Ассамблеясымен жұмыс істейді. Биылғы жаңалығымыз – жыл басынан бері қалалық білім басқармасы мен «Дана» медиация орталығы арасында меморандум түзіліп, қала мектептерінде «Мектеп медиациясы» жобасы жүзеге асырылуда.

Бұлардан бөлек ғылыми-сарапшылық топ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының Шымкент қалалық штабы бар. Ал Бақтияр Тайжан төрағалық ететін журналистер мен блогерлер клубының бастамасымен «Мен қазақша сөйлеймін!» челленджі өтті.

– Этномәдени бірлестіктер тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мекеме қызметкерлерінің өз күшімен Шымкенттегі шағынаудандар мен елдімекендердің ахуалдық картасы жасалды. Айта кетейік, қаладағы этнос өкілдері тығыз орналасқан 23 елдімекен бар. Мысалы, Сайрам, Таскен, Оңтүстік, Мәртөбе, Мирас, Базарқақпа деген секілді. Этномәдени бірлестіктердің көмегімен жасалған ахуалдық картада сондағы тұрғындардың саны, әлеуметтік жағдайы қамтылды. Құжатта әр аумақ бойынша өзекті мәселелер айқындалып, оларды оңтайлы шешу жөнінде ұсынымдар әзірленген.

Ербол Сүлейменұлы, этномәдени бірлестіктердің барлығы ұлтаралық ынтымақтастық жолында жұмыс істеп жатқаны белгілі. Дегенмен, топ болған соң арасында көшбасшы болады дегендей, осы бірлестіктер арасында да белсенділері бар болар?

– Иә, белсенді бірлестіктер бар. Мысалы, славян этномәдени бірлестігін, өзбек, түрік, кәріс этномәдени бірлестіктерін белсенді деп айта аламыз. Олар барлық іс-шараларға белсене қатысып, алдыңғы шептен табылады. Ұлттық мерекелерді ерекше өткізеді. Мүшелері де, этнос өкілдерінің саны да көп. Дегенмен, бұл – басқа бірлестіктер жұмыс істемей отыр деген сөз емес. Ортақ Отанымыз – Қазақстанның дамуына, бірліктің нығаюына өз деңгейінде үлес қосып келеді. Мысалы, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында этнос өкілдері арасында «Ұлтаралық достықты сақтау» тақырыбында кездесулер өтті. «30 жыл – 30 жетістік» тақырыбында түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен фотокөрме ұйымдастырылып, 1 наурыз – Алғыс айту күнінің қарсаңында, тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 игі іс» қайырымдылық акциясының аясында донорлық акция ұйымдастырылды. Оған қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мүшелері – жалпы саны 30-дан астам адам қатысты.

Жастармен де кездесулер өтіп тұрады. Мектептерде өткен жиындарда әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Арзу Гурбанова, ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Дінмұхамед Искендиров, өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Рахима Бұрханова ұлтаралық ынтымақ пен халық арасындағы татулықтың маңыздылығы жөнінде айтып, ойларын ортаға салды. «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен шешен-ингуш этномәдени бірлестіктердің мүшелері Забадам елдімекенінің тұрғындарымен жүздесті. Онда мемлекеттік этносаясат түсіндіріліп, жалпы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарын ілгерілету тақырыбы қозғалды, аумақ тұрғындарын толғандыратын мәселелері көтерілді. Бұған қоса қаладағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшелері карантин талаптарын сақтай отырып, кезінде депортацияға ұшыраған алдыңғы буын өкілдерінің құрметіне арнап құдайы ас берді. Шешен этносының ақсақалдары өздеріне кезінде қазақ халқының ерекше қолдау көрсетуінің нәтижесінде бүгінгі заманға аман-есен жетіп отырғандарын айта келіп, барша қазақ халқына айрықша алғыстарын жеткізді.

Этномәдени бірлестік өкілдері қалалық сенбілік секілді қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. 1 наурыз – Алғыс айту күні қалалық этномәдени бірлестіктер басшыларының қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қою шарасында түрлі этнос өкілдері Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Этномәдениі бірлестік мүшелері, сонымен қатар, қайырымдылық шараларына да белсенді атсалысады. Мақтаарал ауданының тұрғындарына жалпы сомасы 13 млн 500 мың теңгені құрайтын азық-түлік пен киім-кешек, құрылыс материалдары жіберілді. Пандемия кезінде көптеген қайырымдылық іс-шарасы нәтижесінде жалпы сомасы 4 млн теңгеге көмек көрсетілді. Жалпы, 2020 жылы Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері тарапынан 19,7 млн теңгенің көмегі көрсетіліпті. Одан бөлек түрік этномәдени бірлестігінің қатысуымен кәсіпкерлер 90 млн теңгеге жуық көмек көрсетті. Айта берсек, атқарылып отырған жұмыс аз емес. 1 мамыр күні қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері 200 адамға ауызашар себеттерін таратуды жоспарлап отыр.

– Ал жергілікті атқарушы органдарда Ассамблея мүшелері бар ма?

– Әрине, бар. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы этнос кәсіпкерлерін шоғырландырып, қайырымдылық бастамаларын іске асыруға жұмылдырып келеді. Ал Шымкент қаласының мәслихаты құрамында «Бірлік» депутаттық тобы жасақталып, Е.Омаров, И.Болдинова, Х.Ахматханов, Б.Салимов, Е.Хван секілді халық қалаулылары Ассамблея бастамаларына қолдау көрсетіп келеді. Осылайша Ассамблея мүшелерінің бастамаларын іске асыруға, Шымкент қаласын достық пен келісімнің тұғырлы ордасы ретінде танытуға жұмыла жұмыс жүргізуге дайынбыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Осы орайда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше этномәдени бірлестіктердің бірер мүшесіне сөз берсек деп едік.

 

Ikram

 

Бейбіт тірлік пен адал достықтың үлгісін көрсетті

«Әрбір алыс сапар алғашқы нық қадамнан басталады» дейді дана халқымыз. Мемлекетіміз Қазақстан Республикасы егеменді ел болып, тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында бір ғана ұлы мақсат болды. Ол – көп ұлтты қазақстандықтардың басын бір шаңырақ астында топтастыру еді.

 

Осының аясында Елбасының идеясымен 1995 жылдың 1 наурызы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда Орталық Азия мемлекеттерінде, сонымен бірге, Еуропа елдерінде беделі биік қоғамдық бірлестік болып танылған. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық қазақстандықтарды бір шаңырақ астына жинап, бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ идеясы аясында жұмыс істеп келеді.

 

Біз, Қазақстан халқы, ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделін қалыптастырдық деп мақтанышпен айта аламыз. Айналамыздағы көрші елдерге үлгі бола алдық. Біздің Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын, атқарып отырған істерін көрші мемлекеттер де өздеріне алып, үйренуде. Оған көмегімізді аянып қалмаймыз.

 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл – үлкен мереке.

 

Оған қоса биылғы жыл – тарихи және саяси маңызды жыл. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осынау 30 жыл аясында мемлекетіміз қаншама жетістіктерге жеттік, талай белестерді бағындырып, тар жол, тайғақ кешулерден өттік. Әсіресе, қазіргі таңда барлық этностың терезесі тең болып, көп ұлтты Қазақстанда тең құқылы өмір сүріп келеді. Алланың назары, күннің нұры түскен мемлекет – Ұлы дала елі. Осынау Ұлы дала перзенттері бейбітшілікті алдына мақсат етіп қойып, жасампаздықтың жарқын жолында айқын қадам басып келеді.

 

Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Достлик» қауымдастығы көп ұлтты Қазақстан халқын осынау қадірлі мерекемен шын жүректен құттықтайды. Отбасыларыңызға амандық, дастарханыңызға құт-береке берсін!

 

Әрқашан еліміздегі тыныштықты, бірлікті, бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа аманат ретінде жеткізу – біздің, Ұлы дала перзенттерінің қастерлі міндеті.

Икрам Хашимжанов

Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достлик» қауымдастығының төрағасы

Temur

Береке бастауы – бірлікте

Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам этнос өкілдеріне ортақ Отан. Барлығымыз киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп келеміз.

Сол себепті 1 мамыр «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі. Бұл күн – Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекенің бірі. Еліміздің барлық өңірінің халқы 1 мамыр күнін атап өтеді, мұндағы мақсат – ел ішіндегі түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.

«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлігінен жаңылмаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.

1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея біздің ортақ үйіміз – Қазақстандағы шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.

Бүгінде әрбір этнос өкілінің өз салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің нәтижесі деп білеміз.

Еліміз індетті жеңіп, алдағы уақытта баяғы қалыпымызға түсуді нәсіп етсін! Дастарханыңызға құт-береке берсін!

Темур Пак,

Шымкент қалалық ҚХА кәріс этно-мәдени бірлестігі
жастар қанатының төрағасы, №88 мектеп мұғалімі

Последнее изменение Понедельник, 22 Ноябрь 2021 10:15
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.