Версия для печати

Самат АЛТАЙ, режиссер: «МОЙЫНДАМАУҒА МОЙЫН БҰРЫП КЕТКЕНБІЗ...» Избранное

Среда, 09 Июнь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3550 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттің мәдениетінде маңызды іс-шараларды ұйымдастырып, жақсы өтуіне тікелей ат салысып жүретін бір азамат бар. Бірақ, аты көп аталмайды. Иә, біз 22 жылда театр өнерінде 74 рөлді сомдап, 46 спектакль, 23 ертегі мен өзінің авторлық 11 пьесасының қойылымдарын сахналаған Самат Алтай туралы айтып отырмыз. Айтары бар азаматпен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

950

 

–Самат Тұрсынбекұлы, қазақ өнері әлі күнге дейін Кеңес кезінен қатып қалған стереотиптер бойынша тыныстап келе жатқандай көрінеді. Сіздің мәдениет саласында жүргеніңізге ширек ғасырға жуықтапты. Осы уақыт аралығында көкейге не түйдіңіз?

–Көп құндылықтарымыз жоғалып бара жатыр. Қанымызға сіңбеген қасиеттер пайда бола бастады. Кез келген адам амбициясын арыз арқылы жеткізеді. Бір адамға деген өкпе-назыңды адам ретінде айтып, келіссөзге келіп, бітісу деген некен-саяқ. Міндетті түрде соттасумен аяқталады. Осындай теріс қасиеттерді қай заманнан көріппіз? Осындай керітартпа қасиеттеріміздің кесірінен біз ұлттық кодымызды жоғалтудамыз. Кейде «қайда бара жатырмыз?» деп таңғаламын. Бәлкім, үркіп, шошудың да қажеті жоқ. Жаңа заманның жаңаруының бір түрі шығар. Көп нәрсені Еуропадан алып, батысты үлгі тұтқанды жақсы көреміз. Өз ойым, неге біз Еуропаға өз мәдениетімізді үйретіп, таңдандырмасқа?! Олардың қолындағы технология бізде де бар. Бізде көп жағдайда мойындамаушылық деген нәрсе алға шығып кете береді. Өзімізді өзімізден жоғары не төмен адамдармен салыстырмалы түрде ой қорытқанды жақсы көреміз. Әр ұлттың өз ерекшелігі, даму процесі, қоғам талаптарын қабылдап-қабылдамауы болады. Онымен ешқайсымыз санасқымыз келмейді. Жаңару керек деп бәрін бір күнде өзгертуге тырысамыз.
Мәдениет саласында тағы бір көңілге қонбайтыны, бізде мемлекеттік наградаларға ұсынылған немесе ғалымдар өз тұжырымдамасын жазған кезде міндетті түрде кеңес кезіндегі тұлғалармен салыстыра отырып айтады. Соларды ғана мақтан тұтып, насихаттайды. Әлі күнге дейін кеңестік стереотипте қалып кеткенбіз. Алдымызға біреуді қойып, теңегенді жақсы көреміз. Бірақ, қазір заман жаңарды. Шетелдің өзі ақыл сұрап, кеңесетін ғалымдарымыз мәдениет саласында да толып жатыр. Осы теңеу, салыстыру, қайраткерлердің ізбасары деп айтуға келгенде қызғаныш бар. Оларға теңегіміз келмей тұрады. Осының кесірінен мықты адамдарды жарнамалау жоқ. Кезінде, кезінде деп өмір бойы өкінішпен өтеміз бе? Неге осы күннің жастарын, ғалымдарын мойындап, Қазақстанның жаңа элитасын жасақтамаймыз? «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты негізге ала отырып Қазақстанның жаңа тұлғаларын дайындауымыз керек. Осылар арқылы келешегімізді жоспарлауымыз керек.

– Мәдениеттегі тоқырау осыдан болып тұр дейсіз ғой. Драматургияда жеткен жетістіктеріміз бар ма?

–Мәдениетте драматургия өте ақсап тұр. Бұл сала ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, 1960-70 жылдары шарықтады деп жүрміз. Тәуелсіздіктен кейін бұл сала тоқырауға түскендей күйге түсті. Қандай тақырыпқа қалам сілтерімізді білмей қалдық. Драматургтердің шығармасын саралап отыратын бір бөлімнің болмағаны да қатты әсерін тигізді. Жазушылар одағында жазушылар ғана болды да, драматург деген атымен болмады. Қазақстан бойынша бір ғана Өнер академиясы драматургтер дайындайды. Басқа ЖОО-да қазақ тілі мен әдебиеті маманын дайындайды, бірақ, драматургияға оқытпайды.
Әкім Тарази Дидар Амантай, Данияр Саламат сияқты шәкірттерді дайындады. Мұрат Қолқанат, Әлібек Байбол аздап қолға ала бастады. Бірақ, әлі де бұларды мойындау жоқ. Айналып келгенде барлық мәселе сол мойындамауда болып тұр. Әлі күнге бір-бірімізді мойындай алмай жатырмыз.
Драматургтеріміздің тағы бір мәселесі – тақырып. Айналып келіп Шекспирге тоқтала береміз, тоқтала береміз. Егер өзімізді мойындамасақ, өзге бізді мойындамайды. Кез келген мәдениет және өнер қызметкерлеріне осы принципті ұстануға кеңес берер едім. Өйткені, біз қазақстандық модельді қалыптастыра білдік. Енді соны жандандырып, жаңғыртуымыз керек. Талаптар күн сайын өзгеруде. Қазір біз көрерменді күтіп отырмауымыз керек. Көрермен біздің келуімізді күтсін. Өз қызметімізді жарнамалап, ұсынуымыз керек. Ал Шымкент қаласындағы жалғыз, 40 жылға жуық тарихы бар, билеті 500-ақ теңге тұратын Қуыршақ және жасөспірімдер театрына өз қандастарымыздың, қаракөз бауырларымыздың келмейтініне әлі күнге таңым бар. Келмегені былай тұрсын, қай жерде орналасқанын да білмейтін көрермендеріміз бар. Қасірет. Мемлекетімізде адам ресурсының дамуы – негізгі мақсат. Балалардың дұрыс тәрбие алуы үшін күресіп жанымызды салып жатырмыз. Ал көрерменнің бізге жақындамауы қынжылтады. Барлық театрларда ашық есік күні өтеді. Оның мақсаты – кез келген көрермен келіп, талабын қойып, ақылдаса алады. Қай бағыттағы қандай шығарманы көргісі келетінін айтады. Әсіресе, жастар жағы сюрреализм жанрына не абсурдтық дүние көргісі келсе, келсін, ұсыныс-тілекті қуана-қуана қабылдап, сол бағытта жұмыс істеуге дайынбыз. Көрермен мен театр арасында алтын көпір қалыптастыруымыз керек. Көрермен театрсыз, театр көрерменсіз өмір сүре алмайды. Осы екі жақты тепе-теңдікте ұстағанда ғана біз өз міндетімізді толық атқара аламыз деп айтамын.

–Сөзіңізден ұққаным, мәдениетіміз кері кетіп бара жатқанға ұқсайды...

–Олай демедім. Мәдениет саласындағы тоқыраудан кейін жақсы дамыған екі саламыз бар. Оның біріншісі – сән саласында ұлттық болмысызға сай келетін оюларымызды шетелге де шығарып оңтайлы қолданылуда. Бүкіл әлем бір ғана оюмен қазақтың болмысын танып жатыр. Екінші дамыған сала – сурет өнері. Көкжиегі кең. Суретші болғаннан соң қоғамдағы түрлі іс-әрекеттерді дәлме-дәл суреттеп жатыр. Және оны жариялауы да өте тез. Осы екі саламыз жақсы дамып келе жатыр.
Алысқа бармай-ақ Шымкентті алайық. Шымкенттің мәдениетінде көп өзгерістер бар. Оны құптап, қолдау керек. Ескі таптаурын оймен, жалаң патриоттық сөзбен тоқтап қалуға болмайды. Мәселен, сізді құрметтеп медаль берсе, оның екі жағы болады. Сол сияқты әр нәрсенің екі ұшы болады. Қабылдап-қабылдамау өз еркіңіз. Егер де сахнада қойылған шығармалар бір ғана адамның көзқарасын білдірді десеңіз, ол қате болады. Бір адамның болып жатқан оқиғаларға өзінің көркемдік көзқарасы деп қана қабылдау керек.

–Айтары бар азаматсыз. Неге көрінбей жүрсіз?

–2001 жылы алғаш қызмет жолымды Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Актер-режиссер» қызметінен бастап, 2011 жылы Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында сахна әртісі және режиссеры болып жұмысқа орналастым. Өнер академиясында Тұңғышбай Жаманқұловтың «Театр және кино актері» сыныбында оқығанмын. Одан бөлек, Гүлжан Аспетова, Ілияс Жансүгіровтың ұлы Болат Жансүгіровтен драматургия бойынша сабақ алғанмын. Пьеса жазып жүргенім мықты драматургтің сабағының арқасында. 11 ертегім, 16 пьесам бар. Оның бес-алтауы Сатира театрында қойылды. Ертегілерім қойылды. Низамидің шығармасының негізінде инсценировка жасап Қуыршақ театрында «Ләйлі-Мәжнүнді» қойғанмын. Біраз тірлік жасадым ғой, Құдайға шүкір. Қазір де шығармашылықтан қол үзгенім жоқ.
Сол Шымкентке келген соң театрдағы жұмысыма қанағаттанбадым. Одан бұрын Ресейде, Италияда іс-тәжірибеден өткен едім. Мәдениет басқармасының экс-басшысы Күлия Смайлханқызы мені іс-шараларға тартты. Содан бері қала мен облыстағы бүткіл маңызды іс-шараларды өткіземін. Мәселен, 2015 жылы «Жеңіс» саябағында Жеңістің 70 жылдығын өткіздім. Соны әлі күнге дейін ел аузынан тастамайды. Арбатқа барсаңыз, сол кездегі фотолар әлі күнге ілініп тұр.
Таяуда қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына директордың міндетін атқарушы етіп тағайындады. Бұл жерге келгеніме өкінбеймін. Қолымнан келгенше жұмысымды істеймін. Қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде өзіндік бренд қылып қалыптастыру жолында барымды саламын.

–Басқа қандай жаңалықтарыңыз бар?

–«Актерлік шеберлік туралы Асанәлі Әшімов былай деп ойлады», «Шәкен Айманов былай ойнап еді», «Әнуар Молдабеков ойнағанда мүлде басқаша еді» дейтін көзқарастың бар екенін жасырмай айттым. Бірақ, қалай еді? Оны ешкім айтпайды. «Былайы қалай еді?» деген сұраққа жауап іздеу үшін «Актер әліппесі» деген трактат жазып жатырмын. Бүкіл театрлар, оның ішінде посткеңестік елдердің, тіпті, америкалық театрлар да Станиславскийдің жүйесімен жұмыс істейді. Бірақ, кейінгі 10 жылда Станиславскийдің жүйесі бойынша істеп жүрген бірде-бір театрды көрген жоқпын. Барлығы өз бетінше жаңадан сахна талаптарын шығарып алған. Образ қалыптастырудың жолын тауып алған. Характер берудің тұжырымдамасын жасап алған. Ол, әрине, қуантады. Алайда, оның бәрі ғылыми негізде болуы керек. Неге қазақ сахнасында актерлік шеберліктің әліппесін қалыптастырмасқа?! Неге біз Мейерхольд, Бертольд Брехтпен ғана қалып, Станиславскийге жүгіруіміз керек? Оның бәрі батыстық болмыс пен пиғыл болғаннан кейін бізге жат келеді. Батыс пен қазақтың аражігін салыстырып бір ғана мысал айтайын. «Қарагөз» деген үлкен трагедияда Қарагөздің образына ену үшін режиссер актрисасын ертіп жындыханаға кіреді. Кірген кезде бірінші көзге түскені – орыс нәсілді келіншек алба-жұлба, бүкіл жері ашық-шашық, өзімен-өзі ыржалаңдап отыр. Қазаққа барған кезде жынды, есалаң болса да етегін жапқан. Біздің айырмашылықты көрдіңіз бе? Ұлттық кодымыздың негізін ала отырып сахнада да қазақтың актерлік өнерінің әліппесін қалыптастыруымыз керек. Осы ғылыми трактатымды жазу үшін ОҚМПУ-да педагогика және психология мамандығы бойынша магистратураны аяқтағалы жатырмын. Жақында диплом қорғаймын. Оны оқымайын десең, актерлік жұмыс психологиямен тікелей байланысты. Баяғыда Тұңғышбай аға «Менің көзім – рентген» деп айтатын. Жас келе адамның тәжірибесі толысып, өз кәсібіңді толық меңгеріп алады екенсің. Қазір ұстазымның рентгендігі маған да жетті. Сахнадағы актерлердің шығысынан-ақ қандай динамика мен темпераментпен ойнап, шарықтау шегіне қалай жететінін де біліп отырамын. Шымылдық ашылған кезде суретшілердің декорациясынан қандай шешімді көрсеткісі кеп тұрғанын, не айтқысы кеп тұрғанын біліп тұрамын.
Кез келген театрдың бағытына орай мақсаттары бар. Қазақ театрларының бәріне де қойылым жүйесі бойынша жаңа бағыт керек. Дәстүрлі түрде қалып кеткенбіз. Театрларда режиссерлерді де мойындамау бар. Бейімбет Майлиннің 16 пьесасы, Жұмат Шаниннің 30-ға жуық пьесасы бар. Ал бірақ, драматургия жоқ дейді. Өткен ғасырлардағы пьсалардың нәрі бар. Ұлттық код та соларда. Бүгінгі қоғамдағы жазылып, қойылып жүрген қойылымдарды қарасаңыз, ұлттық код таппайсыз. Бір нәрсені ашып айтқым келеді. Бұдан былай ешкім жаңалық шығара алмайды, тек жаңарта аламыз.
Екінші жаңалығым – «Шымкент: қысқа-нұсқа әңгіме» деген кітап дайындап жатырмын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту етсем деп отырмын.

–Биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде мәдениет саласында жеткен жетістіктеріміз қайсы?

–Ресей империясынан бөлініп шыққан мемлекеттердің арасында тәуелсіздік тұсында 30-ға жуық театр ашқан Қазақстан ғана екен. Қиын-қыстау заманда театр ашылған. Басқа мемлекеттермен салыстыра қарасақ, Елбасы Н.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдады. Сол арқылы шетелдегі құнды заттарымызды қайтардық, адам түгілі шыбын кірмейтін кітапханаларға кіріп жоғымызды түгендеп алдық. 2000 Мәдениетті қолдау жылында қаншама мемлекеттік мекемелер ашылды. Кез келген мәдени нысандар ашық түрде жұмыс істейді. Бәрі қолжетімді. Шымкент қаласында еліміз бойынша қуғын-сүргін құрбандарына арналған жалғыз музей бар. Біз қасіретті көп шеккен халықпыз. Жоғалған ата-бабамыздың топырағын шетелдерден алып келді. Тәуелсіздіктің жетістігі тек ғимарат салумен шектелмейді, адамның мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани өсуіне жол ашты. Бұл жол – ақ жол.

–Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.