Версия для печати

Депутат мандаты – үлкен жауапкершілік, ел сенімі Избранное

Пятница, 11 Июнь 2021 03:44 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4807 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Баршамызға белгілі биыл 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Биыл VII шақырылған мәслихатқа 29 депутат сайланды. Депутаттық корпустағы ел сеніміне ие болған әйелдер мен жастардың үлесі 40 пайызға жетіп отыр. Осы орайда 29 жасқа толмаған қалалық мәслихат депутаттарының арасындағы жаңа есімнің бірі –Тұран ӘЛІМХАНҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.

973

 

– Тұран Әлімханұлы, алдымен сізді мәслихат депутаты болып сайлануыңызбен құттықтаймыз. Өзіңіз туралы айтсаңыз.

– Рақмет. Оқырманға өзім жайлы қысқаша мағлұмат беріп өтсем, мен Тұран Абжанов, Шымкент қаласының әл-Фараби ауданының мәслихат депутаты, жас кәсіпкер, қазіргі таңда 6 жобаның бас директорымын. Атап, айтсам «World Class» фитнес клубы, «Медикер» медициналық клиникасы, «Заңғар» шипажайы мен сауда үйі, мейрамханасы. Сонымен қатар, «Pro Business» кәсіпкерлік мектебінде кәсіпкерлерді оқытудамын.

– Жалпы, қазіргі таңда депутат қандай болу керек? Депутат мандаты сіз үшін нені білдіреді?!

– Мәслихат дегеніміз тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Ал депутаттарымыз өзі сайланған аумақта тұратын халықтың мұң-мұқтажын қорғап, олардың қалауы мен ықтиярын білдіреді, берген аманатын орындайды. Сонымен бірге, жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдердің жүзеге асыру шараларын белгілеп, оның орындалу барысын бақылайды.
Бірінші орында адал және халық жанашыры болу керек. Депутатқа табысталған барлық жауапкершілікті адал орындап, халыққа аянбай еңбек ететін болса, халық та қолдау көрсететін еді.
Жалпы, депутат халық пен мемлекет билігінің арасындағы көпір деп айтсақ та болады. Себебі, халықта қандай ушығып тұрған мәселелер бар, оны зерттеп, заң бойынша әділ шешілуіне мемлекет тарапынан көмектеседі. Депутат болу маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ол жай ғана нәрсе емес. Депутаттық мінберге шын ықыласыңмен келу керек. Мен үшін депутат мандаты – үлкен жауапкершілік, ел сенімі. Осы орайда, Мағжан Жұмабаев атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі маған үлкен күш-қуат береді. Өзім 25 жасымда ең жас мәслихат депутаты болып сайландым, бұл еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін дәлелдейді. Еліміздің болашағы, халқымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға және қызмет ету үшін бұл депутаттық мандатымды арнаймын. Жалпы жоспарда, көкейде жүрген істер көп. Бірақ оның бәрін қала тұрғындарының қолдауының арқасында жүзеге асыратын боламыз.

– Шымкент қаласы мәслихатының кезекті VII шақырылымының депутаты болып сайланғаныңызға да жарты жылға жуықтады. Жалпы, халық қалаулысы ретінде қандай мәселелерді көтеріп жүрсіз?! Сайлауалды жоспарыңыз қандай?! Партия белсенділігіне тоқталып өтсеңіз.

– Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі. Миллионды қала болғандықтан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен қатар, шешілмей жүрген түйіткілді мәселелер де бар. Қазір шаһарда тұрғындар тарапынан қоғамдық көлік пен жолға қатысты мәселелер жиі көтеріледі.
Ел үшін еңбек ету – кім-кім үшін де азаматтық парыз. Ал сұрағыңызға келсек, сайлаушылар тағы да көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болуымды өтінді. Олардың ұсыныс-тілектерін ескерусіз қалдырған емеспін. Қолымнан келгенше әлеуметтік салаға өз үлесімді қосып жүрмін. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуіне шама-шарқымша ықпал етіп келемін. Сайлаушыларымның өтініштеріне сергек қараймын. Сонымен қатар, қайырымдылық қорларымен бірігіп, көмекке мұқтаж жандарға да көмек берудеміз. Карантин уақытысында 200-ден астам отбасыға көмектесіп, қол ұшын создық. Мұнан бөлек, кеше-бүгін карантин уақытысында көптеген қиындық көрген жұбайы-асыраушысынан айырылған, көп балалы анамызға баспана алып бердік.
Ал «Ақ жол» партиясының алға қойған мақсаттарының бірі – қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасының ұдайы артуына себепкер болу. Бұл мақсатқа жету үшін шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау бойынша көптеген тиімді жобалар мен іс-шараларды жүргізу керек деп санаймын.

– Тұран Әлімханұлы, сіз заңдылық, құқық тәртібі және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесісіз. Тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлер көтеретін күрмеуі шешілмей келе жатқан қандай мәселер бар?

– Түйткілді мәселелер жоқ емес. Сол мәселелердің бірі – жергілікті кәсіпкерлерге көрсетілетін қысым. Карантин уақытысында кәсіпкерлік нысандардың жұмыс уақытысы қысқартылып, көптеген шектеулер қиын жағдайға алып келді. Сол себепті, дер уақытысында бұл мәселе де өз шешімін тапты. Вакцина салдырғандардың санының артуы, «Ашық» программасының сәтті іске асуы өмірімізді жеңілетуде.

– Сізді көпшілік әлеуметтік желі белсендісі ретінде таниды. Әлеуметтік желі кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізуге тиімді алаң деуге болады. Ал, депутат ретінде мәселелердің шешілуіне қаншалықты пайдалы құрал?

– Әлеуметтік желі қандай да сала болмасын тиімді құралдардың бірі. Депутат ретінде мен де әлеуметтік желіні белсенді қолданудамын. Себебі, қазіргі таңда инстаграм және фейсбук секілді әлеуметтік желілерді халық өте көп қолданады. Осы секілді әлеуметтік желілерде мен ушығып тұрған және шегімі болмай жатқан мәселелерді салып көрсетсек, халық көреді және қажетті органдар да ескеріп, дереу қолға алады.
– Пандемия еліміздегі көптеген олқылықты көрсетті. Мәселен, көптеген тұрғын алаптарда интернеттің болмауы, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі деген сияқты. Оның үстіне карантин де халықтың әлеуметтік жағдайына оңай тимеді. Осы пандемия кезінде көкейіңізде қалған бір әттеген-ай, бұны түзетпесе болмайды екен деген мәселе болды ма? Соңғы бір жарым жылда өзіңізге қандай ой түйдіңіз? Коронодағдарыстан нендей сабақ алдыңыз?!

– Дұрыс айтасыз. Covid-19 пандемиясы Қазақстан экономикасына едәуір әсерін тигізді. Оның салдарынан елімізде мыңдаған кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін тоқтатқанын БАҚ-тан таныспыз. Коронадағдарыстың арқасында елімізде цифрлық технология артта қалғаны қатты байқалды. Себебі, көптеген кәсіпкерлер осы технологиялардың ұсынатын мүмкіншіліктерін қолдана алмай, кәсіптері дағдарысқа ұшырады. Ал оны білетін адамдардың кәсіптері, керісінше дамыды деп айтсақ та болады. Сол себепті, карантин уақытысында халыққа көмектесу үшін осы коронадағдарыс әсерінен кәсіпті қалай дұрыс жүргізу керек және дағдарысты қалай жаңа мүмкіндікке айналдыру керек екендігін үйретуді қажет деп ойладым. Бұл ойымды қазіргі таңда жүзеге асырудамын.

– Сізді жастардың мәселесімен етене таныс деп ойлаймын. Осы орайда, жеке кәсіппен айналысатын және айналысқысы келетін жастарға қолдау білдіру, оларды кәсіп ашуға баулу және үйрету мақсатында қандай игі шаралар атқарар едіңіз? Жеке парақшаңызда кәсіпкерлік негіздеріне үйретемін деп жазған екенсіз осы жөнінде айтсаңыз. Өз жобаларыңызға тоқталып өтсеңіз.
– Қазіргі қазақ жастарынан, яғни, замандастарымнан ұмтылысты, қайсарлықты, жігерлікті де көріп жүрмін. Өйткені қазіргі заман талабына сай олар өздеріне тиесілі білімдерін алып, жұмыстарын істеп өз іс-әрекеттерімен намысы мен жігерін көрсетіп жатыр. Біздің елде жастарды ешқашан кінәламаумыз керек. Керісінше, қазіргі жастарға, замандастарыма алдыңғы буын ағалар бастап демеу болып, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген жастардың жағдайын жасап, демеп жіберсе, олар ертеңгі күні елдің болашағын ойлайтын, өзінен кейінгі буынға қамқоршы азамат болады.
Менің ең үздік жобаларымның бірі «Pro Business» кәсіпкерлік мектебі табысты кәсіпкерлерді оқытып шығаруда. Жоғарыда айтып өткендей, қалай дағдарысты жаңа мүмкіндікке айналдыру жолдарын үйретеміз. Бұл 6 апталық бизнес курсы, кәсіпті нөлден бастап үйретуге және оны дамытуға негізделген. Бұл курс менің барлық білімім мен тәжірибемді салған авторлық курсым. Бұл жерде тек қажетті кәсіп жүргізудегі білім мен формулаларды үйретіледі және 100-ден астам студент өз кәсіптерін сәтті және табысты дөңгелетіп алып кетті деп айта аламын.
Келесі үлкен жобаларымның бірі – «World Class» фитнес клубын айтуға болады. Жанға жайлы және таза бассейнімен, жаттығу залымен және кәсіби жаттықтырушыларымен ерекшеленеді. «Медикер» клиникасы да шаһардағы бетке ұстар медициналық орталықтарымыздың біріне айналып үлгерді. Сол секілді «Заңғар» шипажайы мен сауда үйі, кафесі жоғары деңгейде халыққа қызмет көрсетуде.
Әлихан Бөкейханов айтқандай: «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын, тірі болсам» деп ұрандатып, Алаш партиясының негізгі идеясын жалғастырудамын. Халықтың сенімінен шығып, адал еңбегіммен, пайдамды барынша тигіземін деген ойдамын.

- Әңгімеңізге рақмет.