Фахриддин ҚАРАТАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «БАРЛЫҚ ИГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ – АДАЛ ЕҢБЕК» Избранное

Среда, 23 Февраль 2022 05:10 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3808 раз

–Фахриддин Әбдінәбиұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана отандық телеарнаға сұхбат беріп, елдегі өзгерістердің бағыт-бағдары жайлы айтты. Мемлекет басшысының әңгімесінен қандай ой түйдіңіз?

–Бұл сұхбатта бұрын бола бермейтін ашықтық пен еркіндікті байқадым. Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың наразылығының басты себебі көптеген азаматтардың тұрмысының төмен екенін, Қазақстан экономикасында олигополия мен монополия күшейіп, соның салдарынан әділ бәсекелестік болмай, даму тежеліп жатқанын ашық айтты. Демек, Президент елдегі проблемаларға қанық әрі оларды шешіп, жағдайды түзетуге бекініп отыр. «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстанымның өзі жақын келешекте Қазақстанда оң өзгерістер болатынын аңғартады деп ойлаймын.
Оған қоса Президент осы сұхбатта Қазақстан халқы әлемге еңбекқор, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, адал ұлт ретінде танылуы керектігін, сонда ғана біздің елдің экономикасы гүлденетінін айтты. Бұл өте маңызды әрі орынды байлам. Себебі, барлық игіліктің бастауы еңбек екені бағзыдан белгілі ғой. Біз жастарды сапалы білім алуға, адал еңбек етуге үйретуіміз керек.

304

 

–Осы күндері Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп жатыр. Шымкент қаласына іссапарыңыздың нәтижелері туралы айтып берсеңіз.

–Қазір елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды реформалар қолға алынып жатыр. Халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Осындай сәтте халықпен кездесіп, азаматтарды қандай мәселелер мазалайтынын білу өте маңызды. Екінші жағынан Мәжілісте қаралып жатқан, қабылданған заңдар, олардың мән-маңызы туралы тұрғындарға кең ауқымды мағлұмат беріп жатырмыз.
Шымкент қаласына сапар барысында Асар-2 шағынауданының тұрғындарымен кездестім. Кездесуде тұрғындар негізінен инфрақұрылым мәселесін көтерді. Қаланың шетінде орналасқан бұл шағынауданға өткен жылы сапалы электр қуаты тартылып, ауыз су мәселесі толық шешілген. Ендігі кезекте тұрғындар жол мен табиғи газ мәселесін шешіп беруді сұрап отыр.
Сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдадым. Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелердің назарға алынып, оң шешілуін қадағалау «Nur Otan» партиясының қоғамдық бақылау комиссиясына жүктелді.

–Адамдарды жеке мәселелері бойынша қабылдадым дедіңіз, олар қандай шағымдарын айтты?

–Шымкент қаласына көршілес аудандардан 40-тан астам елдімекен қосылған. Оларда шешілмеген бірқатар мәселелер бар. Ол жерде тұратын адамдар «мегаполистің тұрғыны» деп аталғанымен, ондағы жағдай, адамдардың тұрмысы бұл атына лайық емес. Бірақ, қала әкімдігі бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр екен. Өткен жылдың өзінде 25 мың тұрғын таза ауыз сумен, 20 мың тұрғын табиғи газбен қамтылған. Қалада сапалы электр қуаты мәселесі 2023 жылға дейін, ауыз су 2024 жылға, ал, табиғи газбен қамту мәселесі 2025 жылға дейін толық шешіледі.
Дегенмен, тұрғындар ауыз су мен жарықты, жолды ұзақ жыл күткен. Оған өзінің шағынауданында, өз көшесіндегі мәселе шешілмеген соң, мүлде жұмыс істелмей жатқандай болып көрінеді. Сол себепті атқарылып жатқан жұмысты, алдағы нақты жоспарды тұрғындарға үнемі айтып, түсіндіріп отыру керек.
Оған қоса тұрғындар атқарылған жұмыстың сапасына да шағымданып жатыр. Бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, әкімдік өкілдері белсенді тұрғындармен, ақсақалдар, билермен бірлесе отырып қоғамдық бақылау орнатса, жұмыс сапалы жүреді деп ойлаймын.

–Мұнан өзге қайда бардыңыз, кімдермен кездестіңіз?

–Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында болып, студенттермен кездестім. Бұл оқу орнында жастардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалып жатыр екен.
Сонымен қатар Шымкенттегі №3 автоматтандырылған газ тарату станциясында болып, жұмыс барысымен танысып шықтым. Бұл нысан шаһар үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені, бүгінде Шымкентте табиғи газдың қысымы төмен болып, газ тапшылығы сезіліп отыр.
Жоба бойынша №3 АГРС-тің құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс. Алайда, газ тапшылығын жою үшін жергілікті билік жұмысты жеделдетіп жүргізіп, 2021 жылдың соңына дейін құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған.
Мамандардың айтуынша, қазір газ тарату станциясы іске қосуға дайын тұр. Алайда, өте жоғары қысыммен жұмыс істейтін және өрт қаупі жоғары нысан болғандықтан, станцияны іске қосу жұмыстары көктем айларына, яғни, құрғақ және жылы мезгілге қалдырылып отыр.
Бұл – елдегі ең ірі автоматтандырылған газ тарату станциясының бірі. Станцияның қуаттылығы – сағатына 250 текше метр. Бұл қаланың табиғи газға деген сұранысын толықтай өтеуге жеткілікті. Ең бастысы, бұл станция іске қосылған соң 2040 жылға дейін газ тапшылығы болмайды екен. Бұл өте қуанышты жағдай, үлкен жетістік деп ойлаймын.

–Әңгімеңізге рахмет!