Айгүл ҚАПБАРОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: БАРЛЫҒЫМЫЗДЫ ЕЛДІҢ ДАМУЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР БІРІКТІРЕДІ Избранное

Среда, 02 Март 2022 04:49 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4121 раз

– Айгүл Жарылқасынқызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбаты қазір қоғамда қызу талқылануда. Жалпы, Президенттің айтқан жауаптары туралы пікіріңіз қандай? Қай тармақтарына баса назар аудардыңыз?

– Президенттің сұхбатында назар аудартатын мәселе көп. Соның ішінде қаңтар оқиғасына, елдің даму бағыты мен болашағына, жаңа саяси реформаларға қатысты ойлар айтылды. Жалпы халықтың дәл қазіргі таңдағы көкейінде жүрген барлық сұрағына толыққанды жауап берілді. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғасы мен оның жаңғырығы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қайғылы оқиға ретінде қалады. Біз бұдан сабақ алуымыз керек.

360

 

Президент жалпы наразылық шеруі себептерінің бірі және оның түпкі астарында әлеуметтік теңсіздіктер мәселесі жатқанын ұдайы ашық айтып келеді. Сонымен қатар Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ол наурыз айында жариялануы тиіс. Жалпы әлеуметтік салаға ауқымды және түбегейлі реформа қажеттігі туындап отыр. Халықтың көпшілігі кедейшілік шегінде өмір сүретіні анық жағдай.
Ашығын айту керек, елімізде жұмыссыздыққа қарсы күресте де қысқа мерзімде әсер ететін әдістер таңдалған. Уақытша жұмыс орнын ашып, «жалған» цифрға әуестеніп алдық. Мен бұл мәселені депутаттық сауал ретінде де көтерген болатынмын. Экономиканың кейбір тармақтары тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталуы тиіс. Алайда, бізде бұл тетік дұрыс жүзеге аспай отыр. Тіпті дипломы бар азаматтардың да жұмыспен қамтылуы төмен екенін айту керек. Жыл сайын әлеуметтік салаға орасан қаражат қаралады. Сондықтан, ең алдымен әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлу керек. Жұмыс орындарын ашу – әлеуметтік қауіпсіздік. Ал әлеуметтік қауіпсіздік – қоғамдағы тұрақтылық кепілі.
Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге нақты тапсырма берді. Олар орындалуы тиіс.

– Президент заң үстемдігін нығайту мәселесін көтерді. Яғни құқықтық нигилизмнің белең алып бара жатқанына алаңдаушылығын білдірді. Жалпы әділетті қоғам орнату үшін не істеу керек?

– Иә, Президент әділетті қоғам орнату, ашықтық мәселесін президенттік лауазымға кіріскелі бері айтып келеді. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік ұстанымы. Әділетті қоғам заң үстемдік еткенде орнайды. Қоғамда заңға деген күмән пайда болғанда, ол заң дұрыс жұмыс істемейді. Кешегі қаңтар оқиғасы жаппай қаралауға немесе жаппай ақтауға жатпайтын фактор. Кейбіреулердің талқысына салсақ, ұсталғандардың бәрін босату керек дегенге саяды. Базбіреулер өз ойын жалпы қоғамдық пікірге теңейді. Онда ел ішінде хаус орнамай ма?! Еліміздің тұтастығына қауіп төндіріп, берекетсіздік жасау, от қойып, қару қолданғандарды қайда қалдырамыз? Яғни, біз эмоционалды, агрессияшыл бағалау шеңберінен шығып, қабылдау қиын болса да, саналы түрде құқықтық негізге сүйеніп баға беруіміз керек.
Иә, тергеу барысында ұсталғандарды азаптау фактілері болған. Оны прокуратура анықтап, қызметін асыра пайдаланған құқық қорғау қызметкерлерінен үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Полицейлер жауап алудың рұқсат етілмеген әдістерін қолданған және ұрып-соғудың салдарынан қайтыс болғандар бар. Қазақстан заңдарында адам қылмыскер ме әлде кінәсіз бола ма – азаптауға тыйым салынған. Үкімін тек сот айтады. Ал Ішкі істер министрлігі өкілінің мұны жоққа шығарып, мәлімдеме жасауы қисынға келмейді. Халықтың дәл қазіргі жағдайдағы алаң көңіліне тағы да қаяу түсірудің не қажеті бар? Сондықтан, мұны мойындап қана қоймай, азаптауға жол бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Президент сұхбатында бұл жөнінде нақты айтты және қаңтар оқиғасына қатысты әр іс әділ, жіті тексеріліп, құқықтық сараптама жасалуы тиіс.

– Президент қазақ журналистикасының деңгейі жоғары деді. Цензура жоқ, әр журналист мемлекетшіл болу керек деді. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Қоғамда ең мемлекетшіл қауымның бірі журналистер деп айтуға болады. Кез келген журналист – қоғамның қозғаушы күші. Өйткені оларды кәсібі де мемлекетшіл болуға әсер етеді. Журналистикаға келу себебі де отаншылдықтан туындайды.
Президенттің журналистер қоғамдастығына жоғары баға беруі – үлкен құрмет. Бүгінгі қазақ журналистикасының деңгейі көштен қалған емес. Қазақ қоғамындағы рөлі зор. Заң жүзінде цензура жоқ. Қоғам дертін ашық айтқан сайын оның алдын аламыз.
Президент сұхбатта азаматтық қоғаммен объективті диалог орнату маңыздылығына да мән берді. Бәріміз ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сонымен бірге пікір алуандығы да басым. Тіпті атқарылып жатқан барлық істерге пайымы қарсы, ешнәрсеге сенгісі келмейтін қыңыр контингенттеріміз де, постулаттар да бар. Алайда бәрімізді де елдік, отаншылдык, тәуелсіздік ұғымдары, еліміздің одан әрі дамуы жолындағы құндылықтар біріктіреді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Р.ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.