Гүлия ЖҮЗЕНОВА, «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-нің бас директоры: БЕЛЕСТЕРДІ ОТБАСЫМЫЗБЕН БІРГЕ БАҒЫНДЫРЫП КЕЛЕМІЗ Избранное

Пятница, 04 Март 2022 03:43 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4337 раз

«ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС — Қазақстанның фармацевтика нарығында өзіндік брендін қалыптастырып, тіптен ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясын иеленген компания. Ал, осындай игі істің басында жүрген «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-нің бас директоры Гүлия Жүзенова — еліміздің фармацевтика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен, ҚР Президентінің «Шапағат» медалімен марапатталған аяулы ана. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Гүлия Бексұлтанқызымен сұқбатымызды ұсынып отырмыз.

405

 

— Гүлия ханым, сіздің кәсіпкерлікті қолға алуыңызға не түрткі болды? Кәсібіңізді қалай бастадыңыз?
— Бизнесіміздің басы шағын дәріханалық дүңгіршектен басталған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген отбасылар тұрақты жұмыс пен табыстың жоқтығынан қаржылық қиындықтарға тап болды. 1995 жылы отбасымызбен ақылдаса келіп, өз ісімізді ашуға бел будық. Азын-аулақ қаржының басын құрап, шағын дәріханалық дүңгіршек аштық. Ары қарай ісімізді дамытуды ойластырып, шектеулі мөлшерде стерильді мақта шығарып, дәрі қобдишасын құрастырдық. Кейінірек, аз көлемде жұқпалы ауруларға қарсы қорғаныш киімдері мен көп реттік қолдануға арналған оба ауруына қарсы жиынтықтар шығардық. Арада біраз уақыт өткен соң, балаларымыз есейіп, біздің кәсібімізге жәрдемші бола бастады. Әр істің өзіндік қиындықтары болатыны сөзсіз. Біз де бірқатар қиындықтар мен кедергілерден өттік. 15 жылдық қажырлы еңбегіміздің нәтижесінде 2010 жылы «Эко-Фарм» көтерме-бөлшек сауда фармацевтикалық компаниясының штаты 250 адамға жетті.

 

406

— Бүгінде «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС түрлі заманауи медициналық бұйымдарды өндірумен танылып отыр. Компанияның дамуына мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілді?
— Бизнестің өркендеуінде мемлекеттік қолдаудың рөлі орасан. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес, өндіріс орындарын ашып, дамыту үшін дәстүрлі Қазақстан халқына арналған Жолдауларында ерекше тоқталып отырды. Әсіресе, 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі-индустриялық дамыту бағдарламасы мол мүмкіндік берді. Дәл осы кезеңде медициналық бұйымдар шығаратын бірнеше зауытты іске қосу идеясы пайда болды. Дегенмен, құжаттық, қаржылық қиындықтарға кезіктік. Қиын-қыстау кезеңдерде сол жылдардағы жергілікті билік көп көмектесіп, ерекше қолдау көрсетті. Компанияның инфрақұрылымы — электр энергиясы, газ, су, кәріз жүйесі мен жол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүргізілді. Нәтижесінде 2012 жылы «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС құрылды. Бүгінде компанияда өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын 480-нен астам білікті маман қызмет етіп отыр. Олардың барлығы жыл сайын біліктілік арттырып, шетел мамандарымен тәжірибе алмасып отырады.
Өндіріс саласында өнімді өндіруден бөлек, оны нарыққа шығару да үлкен жұмыс. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өндірілген өніміміз нарыққа кедергісіз шығып келеді. Еліміздің фармацевтикалық өнеркәсібін дамытуға мемлекеттік бағдарлама аясында «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы арқылы өндірілген өнімді 10 жыл бойы ел ішінде өткізудің кепілдендірілген нарығы қамтамасыз етілді. Әрі қарай сыртқы нарыққа жол ашылды. Бұл компанияның нық тұруына мүмкіндік берді.
Өндіріс орнын ашуға, оны жүргізуге қазір де мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп отыр. Жергілікті билік арнайы экономикалық аймақтардан өндіріске қолайлы, инфрақұрылымы жүргізілген орын беруде.

— Серіктестік құрамында қанша еншілес кәсіпорын бар? Білуімізше, өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Green Cross Eco» кәсіпорны ашылды.
— Серіктестіктің жұмысын отбасымызбен жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, шетелдік компаниялар да бар. Ал, «Тассай» индустриалды аймағында ашылған «Green Cross Eco» кәсіпорнына келсек, медицинада адам өмірі үшін аса маңызды инсулиндік инелер бұған дейін шетелдерден әкелінсе, енді өзімізде өндіріледі. Кәсіпорын жылына иммуноферментті анализдің 500 мың жинағын және 70 млн инсулиндік ине шығаруға қауқарлы. Әзірге, инсулинге тәуелді ауруларда қолданатын автомат ручкаға инсулиндік иненің 6 түрі өндірілуде. Өндіріс орнының жаңадан құрылуына орай, 50 маман жұмыспен қамтылды. Бұйыртса, жаңа бағыттағы өндіріс орны ел нарығын ғана қамтып қоймай, шетелге шығады деген үміттеміз.

407

 

— Компания ТМД елдерінің ішінде ең алғашқы қан талдамаларына арналған заманауи вакуумдық пробиркаларды өндіруші ретінде танылыпты. Тыңға түрен салып, жаңа істі қолға алудың қандай қиындықтары бар? Қателеспесек, бұл құтының өзі талдаманың түріне қарай бірнеше түрге бөлінеді.
— Зауыттарымызды іске қосу нәтижесінде еліміздің емдеу-сауықтыру мекемелері қаржыны үнемдеу мүмкіндігіне, ал медициналық қызметкерлер жоғары қауіпсіздік кепілдігіне ие болды. Залалсыздандырылған бір реттік вакуумдық құтыларды өндіру әлі күнге ТМД кеңістігінде біздің елде ғана бар. Ал, өндіріс технологиясы мен тасымалдау технологиясын әзірлеу әдісі — құпия, әрі компанияның зияткерлік меншігі. Вакуумдық құты өндіру зауытының жалпы қуаты жылына 200 млн дана құты өндіруге жетеді. Яғни, зауыттың толық қуатын пайдаланатын күн алыс емес. Зауыт толығымен іске қосылғанда ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтеп, өнімді экспортқа шығаруға да мүмкіндік бермек.
Компанияда Оңтүстік Корея, Германия, Австрия, Италия және Швейцарияда шығарылған технологиялық жабдықтар бар. Олар халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жобаланып, алынған. Өндірісте еуропалық сападағы шикізат қолданылады. Сондай-ақ, барлық өнім ENISO халықаралық стандартына сәйкес өндіріледі және сапасы бақылауға алынған.
Залалсыздандырылған бір реттік вакуумдық құтылар тамырдан алынатын қан талдамаларының 57 түрін сақтауға және тасымалдауға мүмкіндік береді. Тиісінше, бірнеше түрге бөлінеді.

— Бүгінде «ЭкоФарм Интернейшнл» өнімдері Қазақстан нарығының қандай бөлігін қамтамасыз етіп отыр? Қандай жоспарларыңыз бар?
— Біздің компанияның өнімдері «СК-Фармация» ЖШС арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі емханалар мен ауруханаларға таралып, медициналық бұйымдармен 100 пайызға қамтып отыр. Олардың қатарында вакуумдық құты, инелерден бөлек, жұқпалы дертке қарсы қорғаныш киімдері, бір реттік медициналық бетперделер де бар.
Ал, жоспарға келетін болсақ, «ЭкоФарм Интернейшнл» компаниясы Қазақстанда баламасы жоқ, медицинаға керекті заттардың 500-ден астам түрін шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінде дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.

— Мұндай үлкен істі қолға алғанда отбасы, туған-туыстардың қолдауы ауадай қажет. Өзіңіз де отбасылық бизнес деп қалдыңыз...
— Қазақта «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» деген даналық сөз бар. Яғни, мұнымен үлкен фармацевтикалық компанияны жалғыз құрмағанымды айтқым келіп отыр. Әуелі, Алланың қолдауымен, сосын таудай тірегім – жолдасымның, қос қанатым – ұлдарымның, ағайын-туыс, бауырларымыздың бізге сенім артып, қолдау көрсеткенінің арқасында компания дамып келеді. Биік белестерді отбасымызбен бірге бағындырып келеміз. Сондай-ақ, өндірістің тасын өрге домалатып отырған білімді, өз ісіне адал, білікті мамандардың да еңбегін атап өткен жөн. Сәуле Сұлтанбекова, Ханымай Құрманбаева бастаған мамандарымыз — өз ісінің білгірі.
Фармацевтика саласы мен өндірісі — білімді, біліктілікті, жауапкершілікті, шыдамдылықты талап ететін сала. Жолдасым мен ұлдарым еліміздің фармацевтика саласында білікті мамандар даярлауға үлес қосып, дамыған елдермен бәсекелесе алатын деңгейге жеткізсек деп жүрген азаматтар.

— Отбасы мен кәсібін қатар үйлестіріп, шашауын шығармай еңбектеніп жүрген нәзікжанды ізбасарларыңызға мерекелік тілегіңіз.
— Әйел затының ең бірінші парызы — ұрпақ тәрбиесі. Әрбір әйел отбасындағы ынтымақты сақтап, перзенттерінің отансүйгіш, тәрбиелі, білімді болып өсуіне көп үлес қосуы керек. «Ана» деген аяулы атқа лайық болу үшін талмай еңбектене беруі тиіс. Түтінін түзу түтетіп, кәсібін де дөңгелетіп отырған қыз-келіншектерге әйел-ана бақытын, еңбекте табыс тілеймін. Мақсатқа жету жолында түрлі кедергілер кездесетіні анық. Сол кедергілерге сүрінбей, мақсат-мұраттарыңызға жетіңіздер. Мақсатыңыз айқын, жауапкершілігіңіз жоғары болса, бағынбайтын белес жоқ.
— Әңгімеңізге рақмет!