ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ АЛУДЫ ЖЕҢІЛДЕТТІ Избранное

Пятница, 01 Апрель 2022 04:36 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3116 раз

«Цифрлы Қазақ-стан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар, бір айта кетерлігі, коронавирус пандемиясы кезінде тоқтап қалмай, керісінше, дами түсті. Қашықтан жұмыс істеу мен қызмет көрсету сапасы артып, алыстағы межеден күнделікті қажеттілікке айналды. Онлайн қолжетімділіктің қатарында мемлекеттік қызметтер де бар. Осыған орай ел азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалының директоры Данабек
ИСАБЕКОВПЕН тілдескен едік.

86

 

– Данабек Ержанұлы, жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Шымкент қалалық филиалының жұмысы пандемия басталғалы бергі
2 жыл ішінде қалай жүрді? Ол жұмысты қалай бағалар едіңіз?

– COVID-19 пандемиясы экономиканың барлық саласына өз әсерін тигізбей қоймады. Карантин азаматтардың еркін қозғалуына шектеу қойды, бірақ жаңа мүмкіндіктердің тууына да ықпалын тигізді. Вирустың таралу қаупіне байланысты қоғамдық және жеке ұйымдар жұмыс тәсілдерін өзгертті. Сол кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі де жаңа форматқа көшті. Азаматтар кезекті онлайн брондау арқылы келіп, қағаз жүзінде көрсетілетін 100-ге жуық қызметті ғана алуға жүгінді. Ал, толықтай локдаун болған кезде ХҚО қызметкерелері 1414 байланыс орталығының кеңесшісі болып қызмет көрсетті. Олар қызметтерді egov.kz сайты арқылы рәсімдеу бойынша жөн сілтеп отырды. Шымкент қаласы бойынша call-орталықта арнайы оқудан өткен 144 қызметкер телефон арқылы кеңес берді, 49 қызметкер бейнеқоңырау арқылы қызмет алушыларды мобильді азаматтар базасына тіркеді. Мысалы, сол кезде бір апта ішінде біздің байланыс орталығына 90 мыңнан астам қоңырау келіп түсетін. Оның барлығына дерлік жауап беріліп, кеңес ұсынылды. Бұл біздің мақтанарлық жетістігіміз, жұмысымыз тоқтап қалмай, халыққа барынша сапалы қызмет көрсетуге тырыстық.

– Пандемияға дейін де мемлекеттік қызметті электронды түрде алуға баса назар аударылған еді. Ал, карантин кезінде онлайн алынатын қызметтер саны күрт көбейді. Бұл корпорацияның жұмысын қиындатқан жоқ па? Туындаған мәселелер қалай шешілді?

– Әрине, сарапшылардың айтуынша, пандемиядан кейін бәрі өзгерді, яғни, жаңа ережелердің пайда болуы – заңды құбылыс. Шынында да солай. Естеріңізде ме, бұрын бір аңықтаманы алу үшін бірнеше бума құжат жинап, бірталай мекеменің табалдырығын тоздырушы едік. Ұзын-сонар кезекке тұрып, кешке дейін шаруаның соңында жүгіретін кездерді ұмытпаған шығарсыз. Осындай келеңсіз мәселенің шешімін тауып, Корпорация мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру және цифрландыру жолында үздіксіз жұмыс істеді, озық технологияларды енгізіп, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кедергілерді азайтты. Клиенттерге ыңғайлы және тиімді жағдай жасауға күш салып келеді. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қызмет көрсету аясы айтарлықтай кеңейе түсті. Көптеген қызмет электронды форматта қолжетімді. Карантин кезінде адамдар қажет қызметтерді онлайн алуды өздігінен үйренді. Соның нәтижесінде ХҚО-ға жүктеме азайды. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру – бүгінде фронт-офис қызметкерлеріне жүктелген ең үлкен міндет. Сонымен қатар электронды қызметтерді қаладағы ХҚО-ларда орналасқан өзіне өзі қызмет көрсету секторларында алу мүмкіндігі қарастырылған.

– Қазіргі таңда орталық жалпы тізілімдегі мемлекеттік қызметтің қанша түрін көрсетеді?

– Бүгінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдеріне айналған корпорация мемлекеттік реестрдегі 694 қызметтің 665-ін, яғни 95,8 % пайызын көрсетеді. Ал, электронды үкімет порталында барлық мемлекеттік қызметтің 93,4%-дан астамын қазақстандықтар өз үйінен немесе жұмыс орнында отырып-ақ ала алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса, жеткілікті. Қазіргі уақытта қолтаңбаны да қашықтан egov.kz порталында алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, кейбір қызметтер мен сервистерді ЭЦҚ-сыз, бір реттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Электронды қызметтерді азаматтар өздігінен egov.kz порталында, eGov mobile қосымшасында, @kenes1414bot телеграм-боты арқылы да ала алады.

85

 

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсету реті қандай? Мысалы, осы санаттағы азаматтардың үйіне барып қызмет көрсету жағы қалай?

– Мекеме арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетуге көп көңіл бөлінеді. Корпорацияның фронт-офистерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар мен шақыру түймелері, Брайль мәтіні бар ақпараттық белгілер, көру қабілеті нашар адамдарға арналған тактильді жолдар
орнатылған.
Есту, сөйлеу қабілеті шектеулі жандарға онлайн сурдоаударма қызметі көрсетіледі. Ал І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар 1414 нөміріне қоңырау шалып өтінім қалдырса,
56 сағат ішінде ХҚО қызметкері өтініш берушімен хабарласып, клиентке ыңғайлы уақытта үйіне барады. Аталған санаттағы адамдар өз денсаулығына қауіп төндірмей, ХҚО-ға бармай-ақ, мемлекеттік қызметті үйден алса дейміз. Жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша филиал қызметкерлері тұрғындардың үйіне барып, 1 мыңнан астам қызмет көрсетті. Қызмет көрсетумен ғана шектелмей, сонымен қоса, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуге басымдық берілген. Бұл пандустарға, инфрақұрылымға ғана емес, сондай-ақ жұмыс орындарын қамтамасыз етуге де қатысты. Мысалы, біздің халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдауда да жеңілдіктер
қарастырылған.

– Айтыңызшы, биыл көрсетілетін қызметтердің арасында қандай жаңа қызметтер пайда болды?

– Пандемиямен күреске қарамастан, соңғы екі жыл ішінде корпорацияда бірқатар инновациялық жобалар мен сервистер іске асырылды. Сонымен қатар кейбір қызметтерді алу процесі жеңілдей түсті. Мысалы: жер қатынастарына байланысты қызметтер мен жылжымайтын мүліктің техникалық құжатын алу онлайн форматқа ауыстырылды, әлеуметтік қызметтерді СМС-хабарлама арқылы проактивті алу мүмкіндігі пайда болды. Одан бөлек, дайын құжаттарды есікке дейін жеткізу сервисі іске қосылды, QR-код арқылы мемлекеттік қызметтердің баж алымын телефондағы банк қосымшасынан төлеу мүмкіндігі жасалды. Сондай-ақ, kaspi мен halyq homebank банк қосымшалары арқылы көлікті қайта рәсімдеп қана қоймай, әлеуметтік жәрдемақының бірнеше түрін алуға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды.
Біздегі жаңалықтың бірі – ол мамандандырылған ХҚО-да жүргізуші куәлігін алудың жаңа биометрия жүйесі. Ол – мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жаңа үрдіс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді құралы. Биылғы ақпан айынан қаладағы автоХҚО-да жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі қолданыла бастады. Бұл жаңашылдық бөгде адамдардың емтихан тапсыруын болдырмауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

– Жалпы корпорацияның Шымкент қалалық филиалының 2021 жылғы жұмысының қорытындысы қандай? Қанша мемлекеттік қызмет
көрсетілді?

– 2021 жыл біз үшін жаңалыққа толы және жемісті жыл болды. Біздің корпорация әлемдік қауымдастықтың лайықты бағасын алды. Жыл соңында мемлекеттік қызметтерді дамытуға қосқан үлесі үшін корпорациямыз БҰҰ сыйлығына ие болды. Бұл біз үшін мол жетістік деп ойлаймын. Әлі де тоқтамай жұмыс істеп, жаңа жобаларды енгіземіз.
Көрсетілген қызметке келсек, Шымкент қаласында халыққа қызмет көрсететін 10 орталық бар, онын үшеуі – мамандандырылған ХҚО. Филиал қызметкерлері шымкенттіктерге
1 миллион мемлекеттік қызмет көрсетті.
Бүгінде мемлекеттік қызметтерді алуға барынша қолайлы жағдай жасаудамыз. Сонымен қоса, жыл бойы ең көп қолданылған мемлекеттік қызметтің үздік бестігін түздік. Ең көп сұратылған қызмет – жеке куәлік пен паспорт алу. Оны алу үшін 200 мыңға жуық азамат жүгінген, одан кейін автокөлікті қайта тіркеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметтері мен ЭЦҚ алу (130 мың цифрлық қолтаңба) ең соңында жүргізуші куәлігін беру қызметтері бар.

– Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.