Версия для печати

СУБСИДИЯ СЕП БОЛАДЫ Избранное

Среда, 01 Июнь 2022 04:58 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4150 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елімізде тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жұмыстар жан-жақты жүруде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы бағыттардан бөлек биыл үшінші жыл жастарды жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету жүйесі қолға алынған. Ал биылғы жаңалық – халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтардың баспана жалдау ақысының жартысын субсидиялау. Осы тұрғыда Шымкентте қандай жұмыстар атқарылуда? Нәтиже қандай? Бұл туралы қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат ӨТЕБАЕВАМЕН сұхбаттастық.

731

 

– Жанат Өмірсейітқызы, әңгімемізді көпшілік күтіп жүрген баспана жалдау құнын субсидиялаудан бастасақ. Бағдарлама туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл бағдарлама сәуір айында басталды. Операторы – «Отбасы банкі». Тиісті санатқа жататын азаматтардың жекеменшік қордан үй жалдау ақысының жартысы осы қаржы институты тарапынан төленеді, яғни, субсидия беріледі. Бұл мақсатта Қазақстан бойынша
50 миллиард теңге қарастырылған. Айта кетейік, жеңілдікті белгілі бір санатқа жататын азаматтар ғана пайдалана алады.
– Ол үшін жеке тізім жасала ма, іріктеу қалай жүреді?
– Баспана жалдау ақысына субсидия алу үшін ешқайда барудың, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын азаматтар туралы ақпарат арнайы ақпараттық жүйеде бар. Банк қызметкерлері сол мәліметтер негізінде тексеріп, өтінім берушілердің тиісті талаптарға сай келетінін тексереді. Олар І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар. Өтінім беретін отбасының соңғы 6 айдағы жалпы табысы сол отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (1 күнкөріс деңгейі – 01.01.2022 ж. жағдай бойынша 36 018 теңге).
– Белгілі бір отбасы осы талаптарға сай келеді делік. Оларға субсидия қалай төленеді?
– Үміткер otbasybank.kz порталында тіркеледі. Өтінім беру үшін ЭЦҚ қажет екенін айта кетейін. Тіркелгеннен кейін тиісті өтініштерді толтырып, жалға алатын пәтер немесе үйді өзі табады. Баспананы жалға алу келісімшарты порталда көрсетілген үлгі бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған субсидия алушы мен баспананы жалға беруші қол қояды. Порталда шот ашылып, жалға алушы пәтер ақысының жартысын аударады. Қалған жартысын «Отбасы банк» қосып, толығымен баспананы жалға берушінің шотына аударады.
– Шымкентте бүгінгі таңда қанша адамның өтінімі мақұлданды?
– Министрлік бекіткен тізім бойынша Шымкентте 8 841 отбасы субсидия талабына сай келеді. Бүгінгі таңда қалада тұрғын үй кезегінде тұрған 704 азаматтың өтінімі мақұлданды. «Отбасы банк» ұсынған ақпаратқа сәйкес, осынша отбасының баспана жалдау ақысына субсидия беріледі. Қосымша сұрақтар туындаған жерлестеріміз толығырақ ақпаратты Шымкент қаласының, Бейбітшілік көшесі, №3 ғимаратта орналасқан Amanat партиясының қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен ала алады.
– Әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға, бұған қоса, жеңілдетілген пайызбен берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін қажет жарнаның бір бөлігі ретінде берілетін сертификат туралы айтып өтіңізші.
– 2022 жылы басқарма арқылы тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаралған. Яғни, әрқайсысының құны 1 миллион теңгелік 500 сертификат. Айта кетейік, биыл сертификатқа бөлінген қаржы көлемі көбейді. Мысалы, былтыр баспанаға қолжетімділікті арттыру және табысы төмен азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен бөлінген 370 млн теңгеге 416 тұрғын үй сертификаты берілді. Ол сертификаттар өтеусіз көмек ретінде берілетінін қоса кеткім келеді. Сонымен қатар, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының осы «Бақытты отбасы» бағыты бойынша Шымкент қаласында 449 отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Осы мақсатта 4,4 млрд теңге қаржы лимиті бөлінген.
– Бұған қоса тұрғындарды баспанамен қамту бойынша қандай жоспарлар бар?
– 2022 жылы азаматтардың пайдалануына арендалы 1 605 пәтер беріледі деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жұмыс істеп жүрген жастарға 857 пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілмек. Қазір бұл үйлерде абаттандыру және инфрақұрылым жүйелеріне қосылуда. Тиісті жұмыс аяқталған соң тұрғын үй басқармасы конкурс өткізеді. Ол туралы әлеуметтік желідегі парақшамызда және БАҚ беттерінде алдын ала хабарландыру береміз. 2020 жылы осы жоба бойынша – 904 жас, ал 2021 жылы 300 жас маман жалдамалы баспанамен қамтылған болатын. Тұрғын үй-коммуаналды дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бұл пәтерлер жұмыс істеп жүрген жастарға 5 жылға жалға беріледі.
Сонымен қоса, Шымкентте кредиттік үй бағыттары бойынша 2 096 азаматты баспанамен қамту жоспары бар. Былтыр 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланып, жыл соңына 812 отбасыға пәтер берілді. Қалған 164 отбасы 2022 жылдың бірінші тоқсанында қамтылды.
– Бұл – жаңа пәтерлер. Ал қолданыстағы, тозығы жеткен үйлерді қалпына келтіру жағы қалай болуда?
– 2021 жылы қала аумағында коммуналды тұрғын үй қорын сақтау бойынша көп қабатты 11 үй жөнделді. Олар – Нұрсәт шағынауданындағы №№ 130, 134А, 134Б, 135А, 135Б, 135В, 212, 216, 14 үйлер және Желтоқсан көшесіндегі №№19, 19А үйлер. Бұл нысандарды ағымдағы жөндеуге қаржы жергілікті бюджет есебінен қарастырылды. Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен қайтарымды негізде бөлінген қаржыға көп қабатты 25 үйді күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Былтыр 20 үйді жөндеу жұмыстары аяқталып, қалған 5 үйдің жұмысы 2022 жылға ауыстырылды. Бүгінгі таңда 18 үйді ағымдағы жөндеу мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
– Және соңғы сұрақ болсын. Дәл қазір Шымкентте қанша адам үй кезегінде тұр?
– Бүгінгі таңда қала бойынша тұрғын үй алу тізімінде жалпы 48 975 азамат тіркелген. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 16 839, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер - 20 637, көп балалы отбасылар – 9634, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 838, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27.
– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.