Версия для печати

Манат БИБАСОВ, «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-нің бас директоры: Жаңа өндіріс мұнай-химия саласын дамытуға үлес қосуда Избранное

Среда, 27 Июль 2022 05:54 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3988 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында мұнай-химия бағытындағы метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіру жобасы іске асырылуда. Метил-трет-бутил-эфирі – октан санын ұлғайтуға пайдаланатын қоспа. Жоба аясында жылына 57 000 тонна МТБЭ өндіру жоспарланған. Кәсіпорын мұнай өнімдеріне жоғары стандартты қосымша қоспа өнімдерін дайындайды. Жалпы аталған өндіріс қаланың өңдеу өнеркәсібіне айтарлықтай үлес қосады. Мұнай-химия саласындағы тың өндірістің іске қосылғанына тура бір жыл болды. Жаңа өндірістің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жобаны жүзеге асырушы «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Манат БИБАСОВПЕН арнайы сұхбаттастық.

53

 

– Манат Мұратұлы, жаңа өндірістің ерекшелігі неде? Өнімдеріңіз қаншалықты бәсекеге қабілетті?

– Бұл – экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру және мұнай-газ химиясы саласындағы импортты алмастыру мақсатында қолға алынған әлеуетті жоба. Мұны мұнай-химия саласының сапалы, жаңа деңгейге көшуінің бастамасы деп білеміз. Қазіргі таңда мұнай өнімдері сапасының жоғары болуы – нарықтың талабы. МТБЭ қоспасы жағармайдың октандық санын арттырады және отынның толық жануына ықпал етеді. МТБЭ өндіру мұнай өнімдерінің энергетикалық қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын бірегей өндіріс.

54


Зауыт құрылысы 2019 жылы 30 қыркүйекте басталып, 2021 жылдың шілде айында аяқталды. Өндіріс орны өте жоғары сапада салынды. Оны жобалау кезінде МТБЭ өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі франциялық AXENS компаниясының технологиясы қолданылды. Ол – дүниежүзіндегі мұнай-химия саласындағы танымал компания. Зауыт құрылысы осы компанияның бақылауымен жүргізілді. Жоба мемлекеттік сараптамадан, экологиялық тыңдаулардан өтті. Былтыр 23 шілдеде алдын ала іске қосу жұмыстары бітсе, 28 шілдеде іске қосу актісіне қол қойдық. Зауыт құрылысы, жабдықтарды сатып алу Қазақстан Даму Банкінің несие қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Жылына өндірілетін
57 мың тонна МТБЭ ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен өтейді әрі экспортқа шығаруға да мүмкіндігіміз бар. Қазір 150-ге жуық жергілікті азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Барлық өндірістік процестер жолға қойылды. Бүгінгі таңда зауыт өнімдерінің басты тұтынушысы – Шымкент мұнай өңдеу зауыты.
Жоба Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылды. Жаңа өндіріс Қазақстандағы мұнай-химия өндірісін дамытып, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды өңдеудің тереңдігін арттыру, жалпы ел аумағындағы бензин өндірісіндегі отандық өнім үлесін молайтуға әсер етеді.
Бұған дейін Еуро-4, 5 экологиялық сыныптарындағы жанармай өндіру үшін МТБЭ компонентін басқа жақтан сатып әкелетін. Қазіргі таңда импортқа, шеттен келетін өнімнің орнына біз өзіміз шығарып жатырмыз. Аталған қоспа бензиннің сапасын жоғарылатып, толықтай жанып кетуіне себепкер болады. Ауаға шығатын зиянды қоспаларды азайтады. Біздің өнім жоғары стандарттарға сәйкес жасалған. Қазіргі шығарып жатқан өнімнің нақты тазалық сапасы – 98,23 пайыз. Ал, қазақстандық стандарт бойынша оның сапасы 98 пайыздан кем болмауы тиіс.
Қазіргі таңда біздің өнім тек қана Шымкент мұнай өңдеу зауыты ғана емес, басқа да шетелдерге экспортталуда. Бір жылдың ішінде 26 мың тоннаға жуық өнімді нарыққа шығардық. Өнімді мұнай өңдеу зауытынан басқа Өзбекстан, Ресей елі сатып алуда. Өнімнің басым көпшілігін «ПетроҚазақстан» компаниясы алады.

– Білікті кадрлар жеткілікті ме? Мамандар даярлау мәселесі қалай шешімін тапты?

–Қазіргі уақытта кәсіпорында 130-дан аса адам жұмыспен қамтылған. Маман кадрлар жүз пайыз осы жергілікті азаматтар. Біздің компания жергілікті адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойған. Алайда, кадр тапшылығы мәселесі бар. Бізге жоғары білікті мамандандырылған қызметкерлер керек. Автоматтандыру саласы, технологтар, операторлар әлі де қажет. Қызметкерлерді 2021 жылдың қаңтар айынан бастап жинадық. Бастапқыда көп іздеуге тура келді. AXENS компаниясының өкілдері осында келіп, мамандарды оқытты.
Мекемеде жергілікті университеттер, колледж түлектері жұмыс істейді. Бас механигіміз М.Әуезов атындағы ОҚУ магистранты екенін айта кеткен жөн. ҚБТУ-дан да іс-тәжірибеден өтуге мамандар келмек.
Жұмысшыларға қолдан келген көмекті аямаймыз. Біріншіден, тегін тасымалдау, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Маусымдық киімдер беріледі. Одан бөлек, атаулы, кәсіби мерекеге орай көтерме сыйақылары тағы бар. Жалақылары тұрақты.

– Зауытты салуда қандай қиындықтар болды?

– Зауыт құрылысы карантин уақытында жүргізілгендіктен, бірқатар қиындықтарға тап болдық. Шектеулерге байланысты қызметкерлер күндіз-түні жұмыс істей алмады. Бірқатар құрылғылар шетелден әкелінді. Атап айтқанда, автоматтандырылған құрылғыларды шетелден әкелдік. Олармен телефон арқылы, интернет арқылы байланысып отырдық. Ал темір конструкцияларды жергілікті құрылыс компаниясы салды. Бұл ретте Шымкент қаласы әкімдігі үлкен қолдау көрсетті. Құрылысты тоқтатпай, тиісті кестеге сәйкес жұмыс істеуімізге мүмкіндік жасады.
Жалпы мұнда мамандарға талап өте жоғары. Жәй қарапайым жұмысшыға да жоғары талаптар қойылады. Мұнда өнеркәсіптік, техникалық қауіпсіздікке баса мән беріледі. Мамандар әрдайым білім-біліктіліктерін арттырып отырады. Ішкі жоспарымыз бойынша әр апта, ай, маусым сайын біліктілік сынақтары жүргізіледі. Міндеттті түрде мамандардың біліктіліктерін жоғарылатып, оларды әрдайым қадағалап отырамыз. Бізде қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған.

– Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды айта кетсеңіз.

– Шымкент қаласы әкімдігі индустриалды, инновациялық жобаларды дамытуға барлық жағдайды жасап отыр. Бұл мақсатта арнайы экономикалық аймақ құрылып, жергілікті отандық өнімді дамытуға үлкен көмек берілуде. Инфрақұрылымын жеткізіп берді. Қала әкімі зауыттың құрылыс барысында да бізге арнайы келіп, жобаға оң бағасын берді. Қазіргі таңда қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз.
Біздің жұмысшылар карантин кезеңінде де қиындықтарға қарамастан қызмет атқарды. Одан бөлек, кәсіпорында медпункт тәулік бойы жұмыс істейді. Әлеуметтік қолдау бойынша қызметкерлердің барлығының медициналық сақтандырылуы бар. Жалпы Үкіметтің бекіткен барлық қолдауларын алып отырмыз.
Жалпы осындай қолдаулардан кейін біз өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. МТБЭ өнімін нарыққа көбірек шығарғымыз келеді. Жылдан жылға жанармай өндірісі өсіп келеді. Ол өскен сайын МТБЭ көлемі де ұлғаяды. Мемлекет басшысы мұнай-химия саласын дамытуға тапсырма берді. Қазақстанда мұнай химия саласында бұдан да басқа кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Енді екінші кезеңде полипропилен өндірісін іске қосу жоспары бар. Онда 100-ден астам адамды жұмыспен қамту көзделуде. Бүгінде екінші жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Оны іске асыратын жеке команда құрылды.
Біздің зауыттың құрылысы, жабдықтарды сатып алу Қазақстан Даму Банкінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында даму банкі 10 жылға дейінгі мерзімге 9 млрд теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсетті. Жобаның жалпы құны 13,7 млрд теңге болса, қалған 4,7 млрд теңге компанияның өз қаражаты. Қазір несиені төлеп жатырмыз. Уақыт сәтімен, өндіріс көлемін ұлғайта бермекпіз. Бұған барлық мүмкіндіктер, қолдаулар жеткілікті.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.