«Жоспардың орындалуы апта сайын талқыланады» Избранное

Пятница, 12 Август 2022 04:42 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4666 раз

Еңбекші ауданы – қаланың өндірістік аймағы саналады. Қазіргі таңда ауданда абаттандыру, жол инфрақұрылымын дамыту, жұмыспен қамту, жылу маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Еңбекші ауданының әкімі Досбол ЕСІЛБЕК бізге жеті айда атқарылған жұмыстарын және бірқатар мәселелерді баяндап берді.

256

 

– Досбол Күздікбайұлы, есепті кезеңде инфрақұрылыммен қамту мәселесі қаншалықты шешімін тапты?

– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамытуда 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» нақтыланып, бекітілген. Жұмыс та жоспарға сәйкес жүргізіледі. Аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз сумен 94,5 %, электр жарығымен 96,5 %, табиғи газбен 90,7 %, кәріз жүйесімен 57 % және асфальт жолмен 71,5 % қамтамасыз етілген.

257


Қалаға қосылған 6 елді мекеннің жаңақұрылыс аумақтарын (Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас) ауыз сумен қамту бойынша «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Ауданда шағынаудан мен тұрғын алаптарды электр жүйесімен қамтуда жекеменшік жүйенің үлесі 2,5%, қамтылмағаны 1%, ол – жаңақұрылыс учаскелері. Жекеменшік жүйедегі 10 тұрғын алапта және жарықпен қамтылмаған елді мекендерде мердігер «А Мерей и К» ЖШС-і электр жүйелерінің құрылысын атқаруда. Қазіргі таңда Абдулабад тұрғын алабында жұмыстар аяқталу сатысында, Тұрдыабад елдімекенінде және «Оңтүстік» шағынауданында құрылыс қарқын алған. Жыл қорытындысымен ауданда сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 100 %-ға жеткізу жоспарда бар.
Ал табиғи газ жүйесімен қамтылмаған аумақтарды (9,3 %) мемлекеттік жүйемен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарға енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта 5 елді мекеннің (Қарабастау, Тоғыс, Елтай, Жыланбұзған, Оңтүстік) жаңақұрылыс аумағына ЖСҚ әзірленуде. Жалпы аудан бойынша 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесі толық шешімін табады.
Ауданның кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы – 57%. Ұлағат, Солтүстік-шығыс шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысын 2022 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Мирас, Шапағат шағынаудандарында құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын дамыту – алдымызда тұрған басым бағыттардың бірі. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға көңіл бөлініп келеді. Мәселен былтыр 4 магистралдық және 53 қалаішілік көшелерге асфальт төселсе, биылғы жоспар ауқымды. Жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көше жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде, 99 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді. 33 көшеде жұмыс жалғасып жатыр.
2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 18 көшенің 20,9 шақырымы жарықтандырылды. 2022 жылы 34 көшені (51,1 шақырым) жарықтандыру жоспарда. Бүгінде 18 көшеде бұл жұмыстар толық орындалды.
Сондай-ақ, аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын салдарынан су басудың алдын алу мақсатында өткен жылы 14 мекенжайда 3,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылды. Биыл жауын-шашын шамадан тыс жауып, 52 мекенжайда су көлдеу жағдайы анықталды. Су басудың алдын алу бойынша бірінші кезекте 7,3 шақырымды 21 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланып, бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Профиленд» ЖШС-і тарапынан Қызғалдақ көшесінде жұмыстар атқарылуда.

– Абаттандыру жұмыстарының барысына тоқталсаңыз...

– Ауданда жалпы 630 көпқабатты тұрғын үй 435 аулаға біріктірілген. 2011-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 565 үйдің 373 ауласы абаттандырылды. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілуде. Қазір тұрғындар да бұл жобаның тиімділігін түсінді. Аулаларды абаттандыру бағытында «Халық қатысатын бюджет» жобасы өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. 2021 жылы 41 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, ойын алаңшалары тұрғындар игілігіне тапсырылды. 2022 жылы бұл жоба 2-кезең бойынша іске асады. Жалпы 79 үйдің ауласы абаттанады. І кезеңде 37 жоба бойынша 52 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату, одан бөлек жеке секторда 6 дана балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. ІІ-кезең бойынша 12 жоба, 21 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру назарда тұр. 2023 жылы 21 жобаны іске асыру үшін ЖСҚ әзірленді.
Ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа баулу мақсатында 2011-2020 жылдар 85 ашық спорт алаңшасы орнатылды. 2021 жылы 18 спорт алаңшасы орнатылса, 2022 жылы 4 спорт алаңша және 5 спорт алаңшаны қайта құру жұмыстары жоспарланған.

– Тазалық жұмыстарына қаншалықты мән беріліп жатыр?

– Қала – өз үйіміз. Қаланың тазалығына әрбір тұрғын жауапты. Ауданда әр апта сайын сенбілік ұйымдастырылуда. Көпқабатты үй аулаларында, жеке секторларда қоқыстар уақтылы тазаланып жатыр. Жауапты мердігерлер бұл жұмыстардың маңызын түсінеді.

255


Ауданда 117 қоқыс контейнері алаңшасы бар. Қоқыс контейнерлері жыл сайын жаңарып, қатары толығып келеді. Ендігі ретте экологиялық мақсатта арнайы сұрыптап тастайтын қоқыс контейнерлерін орнату жоспары бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Біз жалпы тазалыққа деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Тұрғындар өздері тұрып жатқан үйінің алдына құрылыс қалдықтары мен қоқыс үйінділерін шығарып, қала көркіне нұқсанын келтіріп жатқан жағдайлар да бар. Көптеген кәсіпкерлік нысандарының алдынан осы көріністі байқауға болады. Осыған байланысты қазір талап та күшеюде. Аталған фактілердің алдын алуда әкімшілік және полиция қызметкерлері рейд жұмыстарын күнделікті жүргізіп жатыр. Заң талаптарын орындамағандарға әкімшілік айыппұл салу көзделген. Жалпы қала тұрғындары санитарлық тазалыққа немқұрайды қарамаса екен деймін. Әрбір адам тазалыққа, ауласын күл-қоқыстан арылтуға жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.

– Қысқы жылу маусымына дайындық жұмыстары қалай жүзеге асырылуда?

– Аудан аумағында 633 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 2022-2023 жылғы қысқы жылу маусымына көпқабатты тұрғын үйлерді сапалы және уақытылы дайындау мақсатында аудандық жұмыс штабы құрылды. Арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, ауданда 10 сервистік мекеме қысқа дайындық жұмыстарын бастап кетті. Қазірдің өзінде аудан бойынша 346 (65 %) көпқабатты тұрғын үй сығымдаудан өтті. Тұрғындар көп қабатты үйлердің жертөлесіндегі жылу жүйелерін тазалап, қысымдау жұмыстарын қазірден бастап істеу керек. Ауданда энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда.

– Қала әкімі аудан тұрғындарымен есепті кездесу өткізіп, мәселелерін тыңдауда. Жалпы кездесулерде тұрғындар тарапынан қандай мәселелер жиі көтеріледі?

– Қала әкімінің аудан тұрғындарымен есепті кездесулері оң нәтижесін беруде. Ол жұмысты жүйелеп, жоспардың орындалуы үшін қажет-ақ. Ауданда қоғамдық бақылау кеңесі құрылған. Онда әр сенбі сайын жоспардың орындалуы талқыланады. Бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандырамыз.
Әрине, кездесулерде барлық салалар бойынша өтініштер, мәселелер айтылады. Жалпы өтініштердің басым бөлігі инфрақұрылым, абаттандыру, қоғамдық көлік, жарықтандыру мәселесіне қатысты. Әрбір кездесулердегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуы басты назарда. Жоғарыда айтып өткендей, тұрғындардың мәселелері кезең-кезең бойынша шешімін табуда. Сонымен қатар, өзім де ауданда атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы халықпен кездесу өткіземін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.