Версия для печати

«Баспана кезегіне тұру – қолжетімді» Избранное

Пятница, 26 Август 2022 05:34 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5312 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Баспана мәселесі қашан да күн тәртібінен түскен емес. Халқы тығыз орналасқан Шымкент тұрғындарын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселенің бірі саналады. Осы орайда қалалық тұрғын үй басқармасы тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл туралы басқарма басшысы Жанат ӨТЕБАЕВАМЕН сұқбаттастық.

7

 

– Жанат Өмірсейітқызы, сіз азаматтарды жеке мәселемен жиі қабылдайсыз. Онда көтерілетін мәселелердің көбісі неге байланысты?

– Тұрғын үй басқармасы басшысының аптаның әр сәрсенбі күнінде азаматтарды жеке қабылдау кестесі бекітілген. Қабылдауда болатын азаматтар, әрине, тұрғын жай мәселесімен келіп жүгінеді. Көпшілігі – баспана кезегінде тұрған көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары. Бұдан бөлек кезекке тіркелмеген азаматтарға да барынша заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық көмек көрсетеміз.
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының (әрі қарай – Заң) 67, 74-баптарына сәйкес коммуналды тұрғын үй қорынан баспана белгіленген тәртіппен, кезек реті арқылы беріледі. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 49 473 азамат тіркелген.

– Оның ішінде санаттарға тоқталып өтсеңіз...

– Санаттар бойынша: Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 063, көп балалы отбасылар – 10 156, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 20 351, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 876, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27. Жалпы биыл 1 605 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болатын, оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 30, көп балалы отбасыларға – 52, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бойынша – 91 отбасыға пәтер табысталды. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кезекте тұрған азаматтардың бірыңғай республикалық электронды дерекқордың сервисі қолданылуда.

– Жалпы, Шымкентте осы үй кезегіне тұру тәртібін тағы бір нақтылап алсақ?

8

– Тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін Заңның 67-бабының талаптарына сәйкес белгіленген санаттардың біріне сай болуы, отбасының тұрғылықты мекенжайы соңғы 3 жыл көлемінде Шымкент қаласында болуы және өтінім берушінің және отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі шарт.
Кезекке тіркелуге мына санаттардағы азаматтар өтініш білдіре алады:
1) ҰОС қатысушылары мен мүгедектері;
2) Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
3) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын
«Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
4) Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы;
5) Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер;
6) Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар.
Егер азаматтар жоғарыда аталған санаттардың біріне сәйкес келсе, онда тұрғын үйге кезекке тұру үшін барлық қажетті құжаттармен бірге өтінімді kezеkte.kz электронды порталы арқылы жолдай алады.

– Ал кейбір азаматтар осы баспана кезегіне қабылданбай жатады. Оған негізгі себептер қандай?

– Жоғарыда аталған үй кезегіне тұрудың талап-шарттарына сәйкес келмеген жағдайда азаматты баспана кезегіне алудан автоматты түрде бас тартылады. Яғни, өтінім берушінің иелігінде 5 жыл мерзімде тұрғын үй тіркелмеуі шарт, 3 жыл мерзімде тұрақты тіркеуі болуы қажет, аталған санаттардың бірін растауы тиіс. Тағы бір атап өтерлік жайт, Заңның 71-бабының 5-тармағына сәйкес аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары коммуналды тұрғын үй қорынан тұрғын жайға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізімдеріне, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын жайға мұқтаж азаматтарды есепке қоюдың және кезектілігінің электронды базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізеді.
Түгендеу нәтижелеріне сәйкес Заңның 73-бабының негізінде азаматтар:
1) Егер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылса;
2) Басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастары тоқтатылса;
3) Азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берілсе;
4) Жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған болса;
5) Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайларда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын жайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын жайға мұқтаж адамдар есебiнен шығарылады.

– Шымкентте құрылыс қарқынды жүруде. Салынып біткен үйді құрылыс басқармасынан тұрғын үй басқармасы қабылдап алған соң қандай жұмыстар атқарылады?

– Дұрыс айтасыз, Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 650 мың шаршы метрге жуық баспана салынса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1 млн шаршы метрге жеткен болатын. Бұл да болса тынымсыз еңбек пен төгілген тердің нәтижесі. Осы орайда Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы қала аумағында тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Басқарманың негізгі міндеті – Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру. Құрылыс басқармасы тарапынан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң, нысандарды мемлекеттік мекеме арқылы тіркеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үй басқармасының теңгеріміне өткізіледі. Аталған үйлер арендалық бағытта болса, кезегі келіп жеткен азаматтардың құжаттары тұрғын үй комиссиясында қаралады. Ал пәтерлер ипотекалық бағытта болса, «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтар арасында жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бойынша конкурстар өткізіледі.

– Білуімізше, үйлерді, оның ішінде арендалы көп қабатты үйлерді жөндеу жұмыстары да тұрғын үй басқармасына қарасты. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынған?

– Тұрғын үй қорын сақтау және пайдалану шаралары аясында 2021 жылы қала аумағында коммуналды тұрғын үй қорын сақтау бойынша көп қабатты 11 үйге және Желтоқсан көшесіндегі 2 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен қаржы қарастырылып, тиісті жұмыс атқарылды. Олар – Нұрсәт шағынауданындағы №№ 130, 134А, 134Б, 135А, 135Б, 135В, 212, 216, 14 және Желтоқсан көшесіндегі №№ 19, 19А үйлер. Сонымен қатар, тұрғын үй қорын күрделі жөндеу бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен қайтарымды негізде қаржы бөлініп, көп пәтерлі 25 үйде күрделі жөндеу жоспарланған, жыл қорытындысымен 20 үйді жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 5 үйдің жұмысы биылға ауыстырылды.
Бүгінгі таңда коммуналды меншіктегі көп қабатты үйлерге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, 18 үйді ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар коммуналды бағыттағы 22 үйді ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Бұдан бөлек, 2022 жылы қала аумағында «Коммуналды дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы» аясында қайтарымды негізде көп қабатты 42 үйді күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынуда. Ал көп қабатты 16 үйдің лифттерін ауыстыруға мемлекеттік сараптама жүргізілуде.

– Мысалы, құрылыс компаниясы соғып, аяқтаған үйдің кепілдік мерзімі бар. Сол уақыт ішінде нысаннан олқылықтар табылса, кім жөндейді? Одан кейін ше?

– Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің 5 жылдық кепілдік мерзімі белгіленген. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес көп пәтерлі үйлердің белгіленген пайдалану мерзімі бар. Осы мерзім ішінде құрылыс салушы, уәкілетті компания және мердігер (бас мердігер) жобалау-сметалық құжаттамаға және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес салынған және пайдалануға берілген үйдің сапасын сақтауға кепілдік береді. Ал 5 жылдық кепілдік мерзімі аяқталған соң азаматтар тұрғын жайды өздері күтіп-ұстауға міндеттеледі.

– Кезегі келген, белгілі бір санаттағы азаматтарға мемлекет тарапынан пәтер берілді. Уақыт өте келе сол тұрғындардың үй-жайды тиісті мақсатта пайдалануы тексеріле ме? Биыл осындай тексеру барысында қанша заң бұзушылық анықталды?

– Арендалы көп пәтерлі үйлерге қатысты тұрғын үй басқармасы тарапынан жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуымен тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Атап айтар болсақ, 2021 жылы 811 пәтерге тексеру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 60 жалдамалы баспананың иесіне хабарландыру хаты жолданды, ескертілді. Ал биыл жыл басынан бастап бүгінгі таңға дейін 477 пәтерге тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде заң бұзушылық анықталған 40-қа жуық пәтер иесіне ескерту хаты жолданды.

– Тәртіп бұзған азаматтарға қатыста қандай шаралар көріледі?

– Арендалы баспанамен қамтылған азаматтар келісімшарт жасасқан күннен бастап 1 айдың ішінде пәтерге қоныстануы, яғни, көшіп баруы тиіс. Егер жалға алушы пәтер иесі 6 айдың көлемінде өзіне берілген пәтерде тұрмаса немесе арендалы үйді пайдаланудың басқа да талап-шарттарын орындамаған жағдайда, оған басқарма тарапынан ескерту түріндегі хабарлама хаты жолданады, пәтер сот арқылы кері қайтарылып алынады.

– Жанат Өмірсейітқызы, үш жылдан бері қалада жастарды баспанамен қамту бағдарламасы жүзеге асырылып, нәтижесін беруде. Биыл осы бағдарлама қалай жүзеге асырылуда?

– Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасына өтінімдер қабылдау 2022 жылдың 28 шілдесі күні сағат 09:00 ден 29 шілде күнгі сағат 19:00 аралығында жүргізілді. Нәтижесінде 1 631 өтінім келіп түскен. Конкурстың нәтижесі өтінімдердің ауқымдылығына байланысты алдағы қыркүйек айында жарияланады. Бүгінгі таңда «Жұмыс істеп жүрген жастар» бағдарламасы бойынша тапсырылған құжаттарды қайта толықтыру үшін кейбір өтінімдер қайтарылуда.
Жастар бағдарламасы бойынша қатысушыларға қойылатын басты талаптарды атап өтсем:
- Жасы 29 жасқа толмаған жұмыс істейтін жас болуы тиіс;
- Өтінім берушінің соңғы 2 жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі;
- Шымкент қаласында соңғы 2 жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар, ай сайынғы табысы 40 АЕК (122 520 теңгеден) асуы шарт.
Бағдарламаға қатысушылар kezekte.kz электронды порталында ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Одан кейін қатысушылардың балы есептеледі. Жалпы, осы бағдарлама бойынша жыл соңына дейін 857 пәтермен қамту көзделген. Олар: Тұран шағынауданынан 211 пәтер, 189-орамнан (Шымсити) 286 пәтер қыркүйек-қазан айларында, ал қалған 360 пәтер Бозарық шағынауданынан желтоқсан айында беріледі деп жоспарлануда. Айта кетсек, осы бағдарлама бойынша 2020 жылы – 904 азамат, 2021 жылы – 300 азамат пәтермен қамтылған болатын.

– Жыл соңында дейін басқа қандай мемлекеттік бағдарламамен қанша пәтер тапсыру жоспарлануда?

– 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында – 365 отбасы, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша – 1 460 отбасы несие негізіндегі баспанамен қамтылды. Ал биыл «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 1088 азаматты тұрғын жаймен қамтамасыз ету жоспарланып, конкурстар кезең-кезеңімен «Отбасы банкі» арқылы жүргізілуде. Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткенімдей, жыл соңына дейін 1 605 отбасы сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамтылады деген жоспарымыз бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.