Бақтияр НӘСІРДІНОВ, Шымкент қалалық сотының судьясы: СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РЕФОРМАЛАР ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН АРТТЫРАДЫ Избранное

Пятница, 26 Август 2022 05:38 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1780 раз

Еліміздің Ата Заңының қабылданғанына биыл 27 жыл толды. Тәуелсіздіктің төлқұжаты саналған Конституциямызға биыл азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, бірқатар өзгеріс енгізілді.
Мемлекет басшысы «Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз» деген болатын. Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Бүгінде елімізде тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар қолға алынып жатыр. Бұл орайда сот саласының мамандарына, судьяларға қойылар талап та күшейген. Шымкент қалалық сотының судьясы Бақтияр НӘСІРДІНОВПЕН қазіргі жаңашылдықтар, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, сот саласындағы мәселелерді шешу тұрғысыда әңгімелескен едік.

9

 

– Бақтияр Патшаханұлы, мемлекетіміздің тірегі болған Конституцияның қабылданғанына ширек ғасырдан асты. Бұл маңызы зор мерекені қалай атап өтуіміз керек?

– Әрине, алдымен Конституция күнін атап өтуге дұрыс көзқарас қалыптастыру керек. Бұл мереке жетістіктерімізді саралап, кемшіліктерімізді талдап, болашағымызды бағамдайтын күн деп білемін. Тәуелсіз еліміздің қол жеткізген табыстарын ұғынып, келешекке жүйелі жоспар құратын сәт. Жалпы, Ата Заңға деген құрметіміз қаншалықты? Алдымен осыны пайымдап алсақ.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Мерекеде жыл сайын тағылымды іс-шаралар, БАҚ-та түрлі танымдық, ақпараттық-насихаттық жұмыстар ұйымдастырылады. Еліміздің қоғамдық-саяси жағдайындағы өзгерістер айтылады. Бірақ онымен шектелмеуіміз керек. Өйткені, Ата Заңның қадірін ұғынып, құқықтық сауатын арттыру – жыл он екі айдағы бір күнде емес, әр қазақстандықтың зерделейтін төлқұжаты іспеттес болуы тиіс.
Ал сот саласында мерекені кеңінен атап өтетін жақсы дәстүр қалыптасқан. Мереке қарсаңында сот саласындағы өзгерістер айтылып, болашаққа жоспар құрылады. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері талқыға түседі. Биыл Шымкент қалалық сотында мерекеге орай бірқатар іс-шара жоспарланған. Салтанатты жиыннан бөлек дөңгелек үстелдер, танымдық іс-шаралар өтеді. Ал мемлекеттік мекемелер тарапынан жастар арасында басқосулар, танымдық ойындар ұйымдастырылса, қандай ғанибет болар еді?! Мұның өзі жастарға шабыт беріп, жас ұрпақтың Ата заңды, ондағы өзгерістерді білуіне өз септігін тигізетіні анық. Осындай іс-шараларды ұйымдастыру назарға алынса деген ұсынысым бар.
Жалпы, Ата Заңымыздың құндылығын арттыруда ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейтуіміз керек. Бұл әр азаматтың бірінші міндеті болуы тиіс. «Отбасы – шағын мемлекет» дейміз. Отбасында тәрбиелеп отырған ұл-қызымызға еліміздің жетістіктерін айтып, қабылданып жатқан заңдарды насихаттай білсек, құба-құп. Өзім отбасымда күнделікті өмірде танымдық бағдармаларды тамашалап, сот жүйесінде еңбек ететіндіктен, заңдарға енгізіліп жатқан толықтырулар мен өзгерістерді ұл-қыздарыма қарапайым тілмен түсіндіріп, жеткіземін.

– Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, ашық әрі әділетті қоғам құруға жол ашып отыр. Азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктері күшейе түспек. Жалпы, қазіргі қоғам, заман ағымы қандай талаптар қойып отыр?

– Ата заңға енгізілетін өзгерістер – уақыттың талабы. Биылғы бүкілхалықтық референдумда халық оң өзгерістерді қолдап, шараға белсене қатысты. Конституциялық реформалар, жаңашылдықтар, бәрі де халық үшін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын түсінді. Ең бастысы, бұл өзгерістер жалпы халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруды көздейді. Конституциялық реформаларды қолдағаны халықтың да одан зор үміт күтіп отырғанын білдірсе керек.
Референдумнан кейін елімізде Конституциялық сот құрылды. Оның да міндеті – жалпы халықтың мүддесін қорғау. Енді 2023 жылдан бастап әрбір азамат Конституциялық сотқа өзінің Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын ҚР нормативтік құқықтық актілерінің Ата заңға сәйкестігін қарау туралы өтінішпен жүгіне алады. Яғни, өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын заңнамамен келіспеген жағдайда, өз құқығын қорғау мақсатында сол заңнаманың Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы мәселені қозғауға мүмкіндігі бар. Бұл – оң өзгерістердің бірі. Конституциялық соттың тиімділігін алдағы уақыт көрсетеді.
Реформалардың ең басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру. Президент тапсырмасына сәйкес, алда құқық қорғау саласында тағы басқа реформалар қолға алынады. Қазіргі таңда сот жүйесіне сауатты мамандар өте қажет. Халықтың мұңын түсіне білетін, дұрыс шешім қабылдайтын білікті мамандарға сұраныс артып отыр. Бұл өз кезегінде кәсіби деңгейі жоғары мамандарды даярлауды талап етіп отыр.
Сот жүйесіндегі жаңашылдықтың бірі ретінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың құрылғанын атап өтім келеді. Жаңа сот 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысқа кірісті. Оның басты міндеті – мемлекеттік мекеме мен жеке, заңды тұлғалар арасындағы дауларды қарау. Яғни, жария құқықтық қатынастардан туындайтын даулар. Мәселен, жер беруден бас тартылса, тұрғын үй кезегінен шығарып тасталса, мемлекеттік мекемедегі лауазымды тұлғалардың істерін даулау, тағы басқа мәселелерді реттейді. Мемлекеттік мекеме немесе лауазымды тұлға сотта өзінің қабылданған актісінің, басқа да шешімдерінің және іс-әрекеттерінің заңдылығын дәлелдеуге міндетті. Міне, бұл жаңа жүйе жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғау, қалпына келтіру бағытында жұмыс істейді. Сонымен бірге, әкімшілік сот өзінің шығарған шешімінің орындалуын бақылайтын дәрежеге жетті. Бұл да халықтың сотқа деген сенімін арттыруда қолға алынған тиімді іс-шаралардың бірі.
Бұл даулар бұған дейін азаматтық істерде реттелген болатын. Әкімшілік соттың құрылуы – уақыт талабы. Жаңа заңның ерекшеліктерінің нәтижесінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары қорғалып жатыр. Бұған дейін азаматтық істерді қарасам, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап осы әкімшілік соттағы дауларды реттеуге күш салып жатырмын.

– Сот саласының мамандары, судьялар өздерін қаншалықты біліктілігін арттыруға мән береді?

– Шымкент қалалық сотында бұл бағытта оқу орталығы жұмыс істейді. Оны басқару қоғамдық жұмыс ретінде бір судьяға жүктеледі. Судьялардың кәсіби деңгейін көтеру, біліктілігін арттыру бойынша бірінші, екінші жарты жылдықта жоспарлар құрылады. Дөңгелек үстелдер өткізіліп, сот практикасында болып жатқан жаңашылдықтар зерделенеді. Оның нәтижесінде әдістемелік құралдар дайындау, нормативтік қаулыларды түсіндіру, ондағы мәселелерді талдау жұмыстары атқарылуда. Бұл – жоспарлы түрде іске асырылып жатқан жұмыстар.
Әрине, әр судья өз кәсіби деңгейін көтеруге баса мән береді. Заңнамалармен, сот практикасындағы жаңашылдықтармен танысып, БАҚ-та ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да жүйелі жүргізіп келеді. Сонымен қатар, бүгінде әкімшілік соттың судьялары ЖОО-да дәріс оқып, түсіндірме жүргізеді. Қаладағы студенттермен кездесулер өткізіп жатыр. Әлеуметтік желіде де түсіндірме жұмыстары қарқын алып келеді. Әр аймақтарда өтетін семинар-тренингтерге қатысады. Қысқаша айтқанда, өз деңгейін көтеремін десе. мамандарымызға мүмкіндік жеткілікті.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.