Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жер кезегінде 90 мыңнан астам адам тұр. Өтініш иелерінің қажеттілігін өтеу үшін қаланың солтүстік-батыс бөлігінен арнайы жер телімдерін бөлу қарастырылуда. Яғни, «Таскен», «Солтүстік саяжай», «Құрсай-2» және «Бозарық-2» тұрғын алаптарында жақын келешекте жаңа қоныс иелерінің қатары ұлғаймақ.

jer

Қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары заң талаптарына сәйкес, кезекте тұрған азаматтардың мемлекеттен тегін жер телімін алуға мүмкіндігі бар екенін айтады. Дегенмен, ол үшін тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдері су, жарық сынды инфрақұрылыммен толық қамтылуы тиіс. 

sailauov

– Тұрғын үй құрылысымен қатар, әлеуметтік нысандар үшін де бізге әуелі бос жатқан жер телімдерін анықтап, мемлекеттің қажеттілігіне қайтарып алу да өзекті мәселе, – дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Пернебекұлы. – Мәселен, «Бозарық-2» шағынауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысын салу үшін 30 меншік иесінен жалпы көлемі 100,3922 гектар жер телімін мемлекет меншігіне алуымыз керек. Қазір ондағы 17 жер телімі бойынша бағалау жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі кезде Астана даңғылы мен Арғынбеков көшелерін қосатын атауы жоқ көшенің құрылысы үшін 41 меншік иесінен 4,1 гектар жер телімін қайтару көзделген. Бүгінде оның 34-і мемлекет меншігіне алыныпты. Ал «Шымкент СИТИ» шағынауданында 361 меншік иесінің 430 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігіне алынбақ. «Тұран» шағынауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысы үшін 315 гектар аумақ қайтарылады.

«Шымкент СИТИ» шағынауданында 361 меншік иесінің 430 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігіне алынбақ. «Тұран» шағынауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысы үшін 315 гектар аумақ қайтарылады.

Жалпы алғанда, ағымдағы жылы жалпы аумағы 588,8 гектар жер телімі және 785 меншік иесінің жылжымайтын мүлкі мемлекет меншігіне алынған. Ал келер жылы жалпы аумағы 629 гектарды құрайтын 1452 жер телімі түрлі қажеттіліктер негізінде қайтарылуы тиіс. 

 

Компания қызметіне жүгінуге мүдделі

Жоспарлы жұмыстарды белгіленген мерзімінде орындау үшін сала басшылары жаңа мүмкіндіктерді қарастырмақ. Яғни, бұл қызметте айтарлықтай тәжірибесі бар компания өкілдерімен әріптестік орнатпақ.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, жоспардың жүйелі түрде жүзеге асуына жер телімдерінің иелерімен келісуге кететін уақыт пен жұмысшы қолының жеткіліксіздігі қиындық туындатуда. Бұл қатарда жер иесінің тұрғылықты мекенжайын анықтау, жер кадастрынан, әділет департаментінен және мемлекеттік мұрағаттан іс құжаттарының көшірмелерін жинау, меншік иелеріне хабарландыру таратып, жылжымайтын мүлікті бағалау жұмыстары тиянақты атқарылуы тиіс. Осыған байланысты, сала басшысы арнайы тапсырыс негізінде қызмет атқаратын компания өкілдерін бірлесе жұмыс жасауға шақыруға ниетті. Белгіленген уақытты үнемдеу әрі маман тапшылығының орнын толтыру үшін бұл тиімді нұсқа болмақ. Дегенмен, компанияның қызмет ақысы үшін де қосымша 50 миллион теңге қаржы қажет.

Мемлекет мұқтаждығы үшін қайта алынып жататын жер телімдері көп ретте, даулы мәселеге ұласып, қос тараптан да сот қызметіне жүгіну жағдайлары жиі орын алып жатады. Мәселені заңды тұрғыдан зерделеп, жер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде жеке компания қызметінің септігі мол болмақ. Бұл орайда, жер иелерінің өзіндік ұстаным-шарттары да жетерлік. Өз иелігін мүмкіндігінше жоғары бағалауға талпынады. 

Ағымдағы жылы жалпы аумағы 588,8 гектар жер телімі және 785 меншік иесінің жылжымайтын мүлкі мемлекет меншігіне алынған. Ал келер жылы жалпы аумағы 629 гектарды құрайтын 1452 жер телімі түрлі қажеттіліктер негізінде қайтарылуы тиіс.

Қазіргі бос жатқан жер телімдеріне шынында, мемлекет аса мұқтаж-ақ. Ол дегеніміз, жергілікті тұрғындардың игілігіне жұмыс істейтін аурухана, мектеп, балабақша ғимаратының, полиция бекеттерінің, спорттық-мәдени және сәулеттік кешендердің бой түзеуіне қолайлы мүмкіндік бермек. Расында, осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра алғанда, қала аумағы үш есеге дерлік ұлғайып, тұрғындар саны 1 миллионға жуықтады. Сәйкесінше, тұрғын үйге деген қажеттілік пен сұраныс та едәуір артып отыр. Осы мақсатта қала әкімдігі жалпы аумағы 62 мың гектарды құрайтын ауылшаруашылығы алқабының 20 мың гектарын тұрғын үй құрылысы мен қаланың инфрақұрылымына бағыттамақ. Нәтижесінде, 2030 жылға қарай, мегаполис қаланың қажеттілігі толық қамтамасыз етіліп, жаңа сәулеттік кешендер бой көтермек.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы жалпы аумағы 588,8 гектар жер телімі және 785 меншік иесінің жылжымайтын мүлкі мемлекет меншігіне алынған. Бұл мәселе қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.

IMG-20171011-WA0049

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы үшін «Евразия» базары маңындағы, сонымен қатар, саябақтар мен гүлзарлар құрылысы үшін Көмешбұлақ тұрғын алабынан, жол құрылысын салу үшін «Тұран» шағынауданынан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қонаев даңғылы, Өтегенов көшесі, Оңтүстік айналма жолы, Бәйтерек көшесі мен Алматы айналма тас жолы бойындағы жер телімдері де мемлекеттің қажеттілігіне алынбақ.

IMG-20171011-WA0048

– Ең бастысы, әкімдік қызметкерлері жергілікті тұрғындармен өзара тығыз байланыста жұмыс істей білгені жөн. Яғни, меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге болатынын да ескертуі тиіс. Тұрғындар өз меншігін асыра жоғары бағалап, мәселені ушықтырмауы керек. Біле білгенге, Астана мен Алматы қалаларымен салыстырғанда Шымкенттегі жер телімдерінің бағасы әлдеқайда төмен. Сөйте тұра, мемлекет мұқтаждығы үшін біздер меншік иелеріне аталған қалалармен бір деңгейдегі бағаны ұсынудамыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

IMG-20171011-WA0047

Күн тәртібінде тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстарының барысы бойынша тұрғын үй инспекциясының жетекшісі Марат Жұманов баяндама жасады. Мәлім болғаны, бағдарлама аясында 2011 жылдан бері орта есеппен әр жыл сайын 20 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы көпқабатты 21 үйді ретке келтіру үшін 217 миллион 638 мың теңге қаржы бағытталған.

– Қала аумағындағы 943 көпқабатты тұрғын үйдің 302-сі 1960 жылдары салынған, бүгінде әбден тозығы жеткен халде. Бүгінгі қарқынмен жұмыс жасар болсақ, ісіміз бірнеше ондаған жылдарға созылатын түрі бар. Ендеше, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу үшін тиісті сала мамандарына әр жыл сайын кемі 100 тұрғын үйде жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Осы орайда, сала мамандарына арнайы міндеттер жүктеген қала әкімі жұмыстардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Опубликовано в Қала

Елімізде тұрғын үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны күн санап артуда. Шымкентте тұрғын үй кезегіне 20 мыңнан астам өтініш тіркелсе, жер телімін алуға өтініш білдіргендердің саны 90 мыңнан асып жығылады. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді. 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп жоспарлануда.

20170306 112454

Алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтылмақ

 

Үй алу үшін не істеу керек?

«Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылығы – жер алу кезегіне құжат тапсырған әрбір өтініш иесіне тегін жер телімі беріледі. Біріншіден, жер телімінің көлемі – 10 соттық болмақ. Екіншіден, онда инфрақұрылымдық жүйе толығымен тартылады. Үшіншіден, мемлекет жер берумен ғана шектелмей, тұрғын үйге арналған жерге үй салып беру жобасын да жүзеге асырмақ. Мұндай үйлер жергілікті атқарушы органдар арқылы жер кезегінде тұрғандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (әрі қарай «ҚТҮҚЖБ») жүйесі арқылы ұсынылатын болады. Жеке тұрғын үй жобасы туралы «ҚТҮҚЖБ» АҚ ОҚОФ директорының орынбасары Жансерік Есімов түсіндіріп өтті.

IMG-20170228-WA0026

– Тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш тапсырғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірден жеке үй салып, содан кейін пайдалануға беру мемлекет үшін де, азаматтар үшін де өте тиімді. Бүгінге дейін жер телімін алғанымен, онда тұрғын үй құрылысын бастап, соңына дейін аяқтай алмағандар өте көп. Бір үй тым биік, екіншісі аласа, үшіншісі... бос жатқан жер телімі. Тіпті, тұрғын үй құрылысына деп алғанымен, 10-15 жыл бойы жер телімін қараусыз қалдырғандар да бар. Мұндай жағдайлар қала сәулетіне де нұқсан келтіреді. «Нұрлы жер» бағдарламасында осындай жағдайларды болдырмаудың алдын алып әрі қала сәулетін еселей түсетін бірыңғай жер үйлердің құрылысын жүргізу мәселесі жан-жақты қаралған. Ал азаматтар үшін тиімділігі – «үй салуға қор жинаймын» немесе «құрылысты жалғастыруға қаражат жетпей қалды» деп сергелдеңге түспейді. Дайын жер үйлерді біздің «ҚТҮҚЖ» банкі арқылы 5 пайыздық үстемемен ипотекалық несиеге алады да сәні көз тартатын үйлесімді әрі таза көшенің тұрғынына айналады, – дейді Жансерік Нарбекұлы.

Бірыңғай сәулет стиліндегі жеке тұрғын үйлер пилоттық жобасының құрылысын іске асыру – мемлекеттің қолдауымен несиелерді субсидиялау арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына үлес қосу үшін жеке құрылысшыларды да ынталандыру жоспардан тыс қалмаған.

c8f30ec49de4f2c707b2c29113ec5b65

Мемлекет банктерге субсидия береді

«Нұрлы жер» бағдарламасының басты ерекшелігі – халықты тұрғын үймен қамту жұмыстарының тиімділігін жан-жақты арттырған. Соның бірі – екінші деңгейлі банктерді (әрі қарай ЕДБ) субсидиялау арқылы ипотекалық несиелеуді қолдау. ЕДБ бұған дейін ең көбі жылдық 17% үстемемен несиелендірсе, алдағы 7 жылда мұның 7%-ын мемлекет төлемек. Сонда ипотека алушы 10%-дық сыйақы мөлшерін ғана төлейтін болады. 

Биыл республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, ол 157 млрд теңге көлеміндегі салымшылардың банктік несиелерін субсидиялауға жұмсалмақ. Ж.Есімовтың айтуынша, бұл шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. 

d496641ba9ee2d245f22f44715c66be4 1

– Осы бағдарлама аясында құрылысы біткен тұрғын үйдің жартысы біздің банк салымшыларына ұсынылады деп жоспарлануда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017-2031 жылдар аралығында 1,5 млн үйдің кілтін табыстау көзделсе, соның 500 мыңын 2021 жылға дейін жүзеге асыру – басты міндетке айналып отыр. Осы мақсатта бюджет есебінен шамамен 159,6 млрд теңге қаржы қаралмақ. Бұл ретте тұрмысы төмен отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің де пәтер алуға мүмкіндігі бар, – дейді Жансерік Нарбекұлы банк қызметін пайдаланушыларды алға тартып. – Тұрғын үйге деген сұраныс бойынша 2,8 млн халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысы республикада үшінші орынды иемденіп тұр. Өңір тұрғындарының сұранысын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттен бөлетін қаражаттың 25,5 млрд теңгесіне шамалап банк өз жобасын жасады. Онда жалпы көлемі 182 мың шаршы метрді құрайтын 2 802 пәтер болады деп жоспарланған.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «ҚТҮҚЖБ» арқылы берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі 140 мың теңгеге арзандатылды. Бұл өңірлер үшін. Ал Астана мен Алматы қалаларында бұл баға 180 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда нарықтағы пәтердің бір шаршы метрі 260-280 мың теңгеге бағаланып отыр. 

«Нұрлы жер» бағдарламасынан өзге бұған дейін қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар аясында да «ҚТҮҚЖ» банкі салымшылар үшін көпқабатты тұрғын үйлердің құнды қағазымен жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. 

Шымкенттің Әкімшілік-іскерлік орталығында, Төлеметов көшесінің бойында, «Наурыз» алаңының маңында, «Тұран» шағынауданында көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Мұндағы жаңа пәтерлер көктемнің соңына қарай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына табыс етіле бастайды.

Опубликовано в Қала
Пятница, 16 Сентябрь 2016 04:52

Жерді заңдастыру жеңілдейді

Жерді заңдастыру енді халыққа қолжетімді болмақ. Жердің нысаналы мақсатын ауыстыру жұмыстары халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы  жүзеге асырылады.

Бұл туралы Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде өткен басқосуда айтылды. Бөлім басшысы Бауыржан Кенжеғұлов тұрғындарға мемлекеттік қызметтің төрт түрін ұсынатынын жеткізді. Олар – сәулетті жоспарлау және қайта құрылымдау ісі. Мекен-жай анықтамасын беру мен эскиз жобасын бекіту болатын. Енді жердің нысаналы мақсатын ауыстыру бойынша бесінші қызмет түрі енгізіліп отыр. Сала мамандарының айтуынша, жыл басынан бері жерге қатысты азаматтардың мәселелері шешімдерін тапқан.

Опубликовано в Саясат

«Жер кодексіне» енгізілген өзгерістерді жергілікті тұрғындарға түсіндіру, насихаттау шаралары облыстың барлық аудан, қалаларында қарқын алған. Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінен арнайы үш жұмыс тобы құрылды. Бүгінге дейін облыс бойынша барлығы 1661 кездесу өткізіліп, оған 192 мыңнан астам адам қамтылыпты. Өңірде жерді түгендеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Жер кодексіне байланысты халық тарапынан айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қандай? Бұл көпшілікті алаңдатып отырған мәселелер. Осы сауалдар төңірегінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұловты әңгімеге тартқан едік. Халықшыл, елшіл азаматтың жер саласында, ауылшаруашылығы, елдік мәселер жөнінде айтары аз емес.

1390366914


– Созақбай Исаұлы, таяуда ғана облыстық Қоғамдық кеңестің жиыны Сайрам, Сарыағаш ауданында, Түркістан қаласында өтті. ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары да облыс тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырды. Қоғамдық кеңестерде айтылған талап-ұсыныстардың негізгі бағыты қандай?

 

– Жалпы, Қоғамдық кеңестен күтеріміз мол. Себебі, маңызды пікірлер айтылады. Тұрғындар өздерінің ой-пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Жылда жақсы өнім алып, әрбір шаршы метрін тиімді пайдаланып жатқан шаруалар 49 жылға жалға алған жерлерін ары қарай де игере берсек деген пікірде. Себебі олар жерді ары қарай да мақсатты пайдаланып, ұрпаққа қалдырмақ ниетте. Көпшілігінің ұсынысы осындай.
Мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде жайылымды жеке меншіктегі жерлерді мемлекетке қайтару да мәселенің бірегейі. Қазір малдың басы көбейді. Көбісі малды ауылда ұстап отыр. Жайылым аз. Сол елдімекен маңайындағы жерлер шаруа қожалықтарына, жеке меншіктерге беріліп кеткен. Соны қайтарып, жұртшылықтың малын жайдыруға әрекет етсе деген талап-тілектер бар. Кейбір аудандарда жолдар, кейбірінде суаттар жеке меншікке өтіп кеткен. Соның бәрін мемлекет меншігіне қайтарып, халықтың игілігіне пайдалансақ деген мәселе.
Одан кейін тұрғын үй салуға жер беру мәселесі өзекті болып тұр. 1 маусымдағы жағдай бойынша жеке меншікке тұрғын үй салуға 145 мың адам өтініш берген. Оның 60 пайызы – Түркістан мен Шымкент қаласында. Кейбіреулері «Бізге инфрақұрылымның керегі жоқ. Жерді бөліп берсе екен» деген уәжін айтады. Олай болмайды. Одан екінші әлеуметтік мәселе шығады. Су, жол, жарық орнатылмаған деп тұрғындар шағым айтады.
Тұрғын үй салуға кезекке тұрған азаматтар мынаны білуі керек. Мәселен, елдімекенге кірген ауылшаруашылығы жерлері болса, оны бірден тұрғын үй салуға бере алмаймыз. Жеке меншіктен алып, жеке меншікке беру заңсыз. Жерді алдымен мемлекет меншігіне алу керек. Мемлекет мұқтажы үшін алатын болсақ, заң аясында ол жерлерге баспана соғуға құқығымыз жоқ. Ол жерлерді кезекте тұрған азаматтарға беру үшін Жер кодексіне бірқатар түзетулер енгізу қажет. Сондықтан, біз ұлттық экономика министрлігіне, жер реформасы жөніндегі комиссияға ұсыныс жібердік.
Жер реформасына байланысты Қоғамдық кеңестің үш ауданда өңіраралық жиынын өткіздік. Барлық ой-пікірлер ашық айтылды. Жер қатынастары саласына қатысты туындаған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлер зерделеніп, ұсыныстар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне және республикалық жер комиссиясына жолданды.

– Жер комиссиясынан қандай үміт күтесіз?

– Республикалық комиссияның Ақмола, Алматы, Қызылорда облысында отырысы өтті. Олар әлі соңғы шешімге келген жоқ. Облыстан екі азамат – Қайнар Абасов пен Сайын Бақтыбаев комиссияға мүше. Олар да қазір өңірге келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жер кодексіне қатысты мәселені тереңінен түсінбегендер дау тудырды. Қарсылық білдірді. Шетелдіктерге бұрын да жер жалға берілген. Қазір енді заңға 25 жыл деп өзгертілді ғой. Жерді тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы – бірлескен ауылшаруашылығы кооперативтерін құру. Оның ішінде 55-60 пайызы Қазақстан азаматтарының иелігінде болуы тиіс. Шетелдіктер өзінің инвестициясын, технологиясын әкеліп жұмыс істеуге ниетті. Өндірістегідей. Уранда, мұнайда бірлескен кәсіпорын көп. Сондай жұмыстар ұйымдастырса, біз одан зардап шекпейміз. Жердің иесі – Қазақстан азаматы. Ол кезде біз сөзсіз ұтар едік.

– Шымкент қаласында үй салуы үшін жер телімін алуға тіркелген азаматтар көбейген. Жер азаматтарға қалай берілмек?

– Шымкент қаласына үш ауданнан 76 мың гектар қосылғаны белгілі. Қалаға қосылғаннан кейін оның бәрі елдімекен жері саналады. Қазіргі жағдайда Шымкентте 100 мыңнан аса адам тұрғын үй салуға кезекте тұр. Жуырда 15-20 күннің ішінде 32 600-дей адам кезекке өтініш берген. «10 соттықтан тегін жер таратылып жатыр екен» деп, байыбына бармастан осындай қадамға барған. Негізі оны біреулер әдейі ұйымдастырған секілді.
Қалада 27 мың гектардай жер резервте тұр. Оған болашақта көпқабатты үй салу жоспарда. Заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс беріліп жатыр. Өзгеріс енсе, қалаға енген жерлерді мемлекеттік мұқтаждыққа сатып алып, тұрғын үйге жер беру мәселесі қаралады. Инфрақұрылымдар дайындалғаннан кейін, барлық кезекте тұрғандарды қамтымасақ та, жанұялардың басым бөлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

– Ауылшаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалануда әліге дейін кемшіліктер кездеседі. Әсіресе ауылдық жерлерде бос пайдаланылмай жатқан жер көп. Одан бөлек, ала жаздай еңбек еткен диқандар түрлі себептермен өнім ала алмай жүр.

– Рас, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу әлі төмен болып тұр. Оны сақтау, қоймалар салу деген мәселе ғой. Сарыағашта бау-бақшамен айналысатын
«Сарыағаш» ЖШС-і бар. Төрағасы – Танабай Шынтасов деген азамат. Барып көрсеңіз, егістік алқабы жайқалып тұр. Сол жігіт «Биыл қырыққабат егіп, осыншама өнім өндіріп едім, соны сата алмадым» дейді. Көп болса 10-15 пайызын ғана сатыпты. Қалғанын шығара алмаған. Мықты шаруалардың өзі солай айтып жатыр.
Облыстың көлемінде осы мәселені жүйеге келтіру керек. Мысалы, шетелде ауылшаруашылығы дамыған. Қай өнімге қанша қажеттілік барын жылда зерттеп отырады. Бізде сол жұмыстар жүйеленбеген. Сақтау қоймасы аз, толық қамтымайды. Маркетинг қызметі ақсап тұр. Соның кесірінен шаруалар өнімнің біразын зая кетіреді. Әйтпесе, Үкімет жылдан жылға қаржы бөліп жатыр емес пе?!

– Жер саласында мамандар дайындау өзекті екені белгілі. Қазіргі жоғары оқу орындарында жер қатынастары саласы мамандары қалай оқытылуда?

– Бұрын Алматыда ауылшаруашылығы институтында оқытылатын. Одан бөлек, Ақмолада да мамандар дайындалды. Жер саласына қатысты мамандарды дайындаған осы екі оқу орны. Кейін көбейіп кетті. Қазір М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да да бар. Жалпы, бұл салаға талапкерлер көп келіп жатқан жоқ. Маман өте аз. Қазір жер саласындағы реформаларға байланысты осы салаға аз да болса ұмтылыс байқалады. Бұл салада көбінесе агрономдар, заңгерлер жұмыс істейді. Жер кадастры деген сияқты. Оған қызығушылардың қатары жылдан жылға сиреп бара жатқаны шындық.

– Бүгінде қаладағы жылыжайларда голландиялық, украиналық агроном мамандарды көп кездестіріп жүрміз. Өзіміздің агрономдардың тәжірибесін неге пайдаланбасқа?

– Кеңес одағы кезінде агрономдар өзіміздің мамандар еді. Әлі де бізде жақсы агрономдар, жақсы мамандар бар. Өзіміз де жұмысты агроном болып бастадық. 1975 жылы Ленгір ауданындағы «Победа» колхозында. Бізде мамандарды жақсы дайындайтын. Шаруашылықтарға барып, агротехникалық жұмыс барысымен таныстық. Техниканың артында жүріп өстік қой. Дәннің түп саны түгел ме, түгел емес пе, соны анықтаймыз. Шыққаннан кейін санап дегендей. Өзіміздің жылыжайларды да қазақ азаматтары егетін. Қазір Сарыағаштағы жылыжайлардың бәрінде жергілікті азаматтар. Ол жерден голландықтарды көрген жоқпын. Бізде өзіміздің агрономдар жетеді. Бірақ еккен өнімінің сапасы төмен болуы мүмкін. Жаңа технологияны білмейді көбісі. Өйткені, қазір институттарда сапалы білім өз дәрежесінде берілмейді. Бұрынғыдай егістіктің басында жүргендер аз. Жастар агроном болғысы келмейді. Олардың бар құштарлығы – заңгер, экономист, менеджер, маркетинг мамандығы.

– Біраз уақыт бойы жер саласында еңбек етіп келесіз. Осы салаға баулыған, ізіңізді жалғар шәкірт дайындай алдыңыз ба?

– Құдайға шүкір, шәкірттерім көп. Он жылдай әкім болып істедім. Көп мамандарды тәрбиеледім. Менің жанымда жүрген жігіттердің бәрі қазір басшылық қызметте. Біреуі әкім, біреуі орынбасар. Қазіргі Созақ ауданының әкімі де менің қолымда тәрбиеленген. Мемлекеттік қызметке араласқаныма қырық жылдан асты. Білім, ауылшаруашылығы, жер саласында да шәкірттерім бар. Осы мекемеде де біраз қызметкерді тәрбиелеп жатырмын. Сол себепті, шәкірттерімен мақтана алатындардың бірімін.

– Созақ ауданы өзіңіз әкім болған 2001-2010 жылдары жеке-дара көш бастап, мемлекеттен дотация алмайтын, облысқа мол қаржы құятын донор ауданға айналып еді. Ауданның қазіргі дамуы қалай?

– Ауданның дамуы көңілдегідей. Ең бастысы, өндіріс бар. Кез келген салада өндіріс дамыса, ауылшаруашылығын да, кәсіпкерлікті де қоса дамытуға мүмкіндік мол. Соны өндіріс басшыларымен түсіндіріп, басқара білу керек. Сонда шағын және орта кәсіпкерлік те дамиды. Сол кезде ауылдың азаматтарына да жұмыс табылады. Сәйкесінше, әлеуметтік мәселе де шешіліп, халықтың тұрмыс жағдайы да түзелер еді.

– Бокстан Созақтан шыққан әлем чемпионы Біржан Жақыповты үнемі қолдап-қуаттап жүретініңізді білеміз. Жақыпов жақында алауы тұтанатын Рио-де-Жанейро Олимпиадасына да қатысқалы отыр. Мұхит асып, жанкүйерлік етіп қайту жоспарыңызда бар ма?

– Біржанды кеше өзіміз әуежайда шығарып салдық. Қайрат Ерәлиев, Олжас Сәттібаев және Мырзағали Айтжанов төртеуі Астанаға ұшып кетті. Бата беріп, ақ жол тіледік. Бұл үшінші Олимпиадасы – ең соңғы мүмкіндігі.
Екі Олимпиадада қытайлыққа есе жіберді. Дүниежүзілік әуесқой бокс қауымдастығының президенті қытайлық азамат. Қытай боксшысын Лондонда жеңген. Бірақ жеңісті бұрып жіберді. Бұл жолы кемінде жартылай финалға шығуын Алладан тілейміз. Үздіктің қатарына шығып, бір медаль әкелсе екен.
Біржанның әкесі кішкентайынан бірге өскен досым. Қытайдағы Олимпиадаға бірге барып, жанкүйерлік етіп қайтып едім. Бұйыртса, Рио-де-Жанейроға
Жақыптың өзі барады. Өкінішке қарай, биылғы бәсекеге менің жолым түспей тұр. Жұмыс қауырт. Құдай қаласа, елдің азаматтарына үмітпен қараймыз. Бәрінен де үлкен жеңіс күтеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

 

 

Опубликовано в Сұхбат
Среда, 20 Июль 2016 06:28

Абай болыңыз, алаяқтар!

photo 64772Шымкент қаласының әкімдігі мен полиция қызметі қала тұрғындарын жер телімдеріне қатысты алаяқтық әрекеттерден абай болуға шақырады. Оңай жолмен олжа табуды көздегендер жер теліміне кезекте тұрған жандарды тез арада кезексіз жер бере алатынын айтып, бұл қызметі үшін қомақты қаржы сұрауды кәсібіне айналдырған.

Мәселен, қала тұрғыны Умида Мақсұтова белгісіз екі әйелдің кезексіз жер телімін беру үшін 300 мың теңге сұрағанын айтады. Сол мезетте ол Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне хабарласыпты. Нәтижесінде, жедел тергеу тобы Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны Рабиға Мамедова мен 29 жасар Нигара Саипованы қолға түсірді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық полиция қызметі кімде кім осындай күмәнді әрекеттерге тап болса, полиция бөлімінің 102 не болмаса 8775-959-97-98 ұялы телефон нөміріне хабарласуын сұранады.

Опубликовано в Әлеумет

Облыс аумағында Жер Кодексін талқылау және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта Ақсукент елдімекенінде Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен құрылған Республикалық комиссияның мүшесі,  «Қазақ мақта қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Саин Бақтыбаев Оңтүстік тұрғындарымен кездесті. Республикалық комиссияның бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстары жайлы баяндама жасады.

MX7QxxxrPhMСайрам аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Амангелді Қабылбековтың жетекшілігімен өткен мәжіліске облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов және облыстық Қоғамдық кеңес жанынан құрылған жұмысшы топ мүшелері қатысты. Сондай-ақ, Шымкент қаласы, Сайрам, Ордабасы, Түлкібас, Төлеби аудандарына қарасты шаруа қожалықтарының төрағалары да өз ойын білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

– Жерді сатпаймыз, жалға да бермейміз!» деп шыр-пыр болған елдікі де жөн. Әркім өз ойын, елге, жерге деген сезімін әрқалай білдіреді. Әйткенмен, «Жер Кодексінің мақсаты не?» біз алдымен осыны айқындап алуымыз керек. Жер игерілмесе, жарамсыздығы арта береді. Ал бір ғана милиметр жердің өзі соры шықса, мемлекетке қыруар шығын келтіреді. Жерді «тоздырмау» үшін оны қалай болмасын пайдалану қажет, тыңайтып отыру керек, – деген Ж.Мәуленқұлов жастарға құллаққағыс жасады. – Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында халық саны аз, жері кең. Сол жерлерді пайдалану үшін Оңтүстік өңірінің халқы тығыз орналасқан аймақтарынан жас отбасылар шақырылып жатыр. Халық жерге, елге деген отансүйгіштігін бір қадам жерін тыңайту арқылы да көрсете алады. Жер шаруашылығынан қашпау керек. «Қыбырлаған қыр асады» деген сөз бар. Жастар «ауыр жұмыс» деп қиналмаса, бірталай бос жатқан жер игерілер еді. Бұл елге де, өздеріне де тек пайда келтіреді. 

Республикалық комиссия Жер кодексіндегі өзекті мәселелерді айқындап, қоғамдық талқылаудан қорытынды жасап, ұсыныстарды Парламентке тапсыратын болады. Ал ел ішінде Жер Кодексіне байланысты нақты ұсынысы бар азаматтар жыл соңына дейін ойын тиісті орындарға жеткізуге мүмкіндігі бар.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қаласының шекарасы кеңейіп, бүгінде жер аумағы 117 мың гектарға жетті. Сәйкесінше халықтың саны да біршама ұлғайды. Соның салдарынан жерге сұраныс арта түсуде. Жер уческелері соңғы рет 2008 жылы беріліп, содан кейін біраз уақытқа тоқтатылған еді. Өйткені жер алуға өтініш білдірген адамдар саны, қала мүмкіндігінен 6-7 есеге дейін артып кеткен болатын. Сол кезеңнен бастап, бүгінге дейін жер кезегіне 65500 адам тіркелген. Ал ағымдағы жылдың 23 мамырынан бастап, қазіргі уақытқа дейін сол тізімге тағы да 22 мыңға жуық адам өтініш білдірген. Оған себеп, мамыр айының 21-не белгісіз біреулер әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратқан.


Аталған хабарламада ай соңына дейін өтініш білдірмегендер жер учаскелерін мүлдем ала алмайды, сондай-ақ жақын арада жер беріледі деген мәлімдемелер жасаған. Арандатушылардың сөзіне сенген халық, жаппай кезекке тұруға асыққан. Салдарынан қалалық жер қатынастары бөлімінің ғимараты өтініш білдірушілерге лық толды. Ал жер туралы заңға назар аударатын болсақ, онда тұрғын үй салуға берілетін жерлер жол, су, жарық, табиғи газ сынды инфрақұрылыммен толықтай қамтылуы шарт.
Бүгінде қала әкімінің тапсырмасы бойынша қаланың Бас жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жоспарланған ауыл шаруашылығындағы жерлерді мемлекеттік мұқтаждықтар үшін алу мақсатында Жер кодексіне өзгерістер енгізу туралы Ауыл шаруашылық министрлігіне хат жолданды. Кодекске өзгерістер енгізілгеннен кейін, ауыл шаруашылығындағы жерлер мемлекеттік мұқтаждықтар үшін алынып, инфрақұрылымдары жүргізілген соң жер учаскелер кезекке сай беріле бастайды. Бұл жайында алдын ала аймақтағы БАҚ құралдары арқылы хабарлама берілетін болады. Сондықтан барлық қала тұрғындарын алып-қашпа әңгімеден аулақ болып, барынша сабырлы болуға шақырамыз.

Қ. САЙЛАУОВ,
Шымкент қаласының
жер қатынастары
бөлімінің басшысы

Опубликовано в Қоғам