Халықаралық байланыс – экономикалық дамуға сеп Избранное

Среда, 28 Март 2018 04:31 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3278 раз

Шымкент қаласына Өзбекстан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жазушылар делегациясы келді. Өзбекстан Республикасы жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Әли бастаған топта халықаралық «Әмір Темір» қайырымдылық қорының басшылығы, Абу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институтының ғалымдары мен Ташкент экономика және исламтану университетінің профессор-оқытушылары – барлығы 30-ға жуық қонақ бар.

Алдымен қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында ашылғанына 5 жыл болған «Отырар» кітапханасының тыныс-тіршілігімен танысқан зиялы қауымды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдады. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік, іскерлік қарым-қатынас, мәдени ықпалдастық жайын әңгімеледі.
Екі елді ортақ тарихи тағдыр ғана емес, бірегей мәдени-рухани құндылықтарымыз қауыштыратынын айтқан өңір басшысы екі ел арасындағы байланыстың маңыздылығына тоқталды.
Ж.Түймебаев Өзбекстанмен сауда байланысы 2017 жылы 11,7 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жеткенін айтты.
– Бүгінде 3 миллионға жуық облыс халқының 17 пайызын өзбек ұлтының өкілдері құрайды. Облыстағы 15 мектепте білім өзбек тілінде берілсе, аралас тілді тағы 50 мектепте өзбек сыныптары бар, – деді Ж.Қансейітұлы.

– Ал республикамыздағы жалғыз өзбек драма театры да осы өңірде орналасқан. Облыс аумағында өзбек тілінде жарық көретін 4 басылым бар және 3 телеарна қазақ-орыс-өзбек тілдерінде хабар таратады. Облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің аудандық және қалалық 13 филиалы жұмыс істейді.

Кездесу барысында Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Әли және халықаралық Әмір Темір қайырымдылық қорының төрағасы Нозим Хабибуллаев бауырлас елден келген қонақтар атынан алғысын айтып, Өзбекстандағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін баяндады.

– Екі жағдай біздің елге үлкен бір өзгеріс әкелді. Оның біріншісі – шекара ашылып, Өзбекстандағы тауар құны 20 пайызға арзандады. Көптеген өнімге қолжетімділік артты. Ал екіншісі – тарихи маңызы зор әрі ерекше жаңалық. Бұған дейін ешқашан және ешбір елде болмаған жағдай – Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының жылы. Мұндай зор құрмет үшін Қазақ халқына алғысымыз шексіз. Бұл қадам біздің екі ел арасындағы қарым-қатынасты бүгінгіден де арттырып, болашақта кәсіпкерлік, өндірістік салада тығыз байланыс жасауға себеп болатыны рас.

Айта кетейік, жуырда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық жанданып, арнайы жүрдек пойыз жолға шықты. Жаңа әуе жолы мен автобус бағыттары да екі ел арасындағы жолаушыларға қызмет етуде. Ал Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері алдағы күндері Оңтүстіктегі тарихи-танымдық жерлерді аралайтын болады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.