ЕЛБАСЫ МЕН ЕЛОРДА – ЕГІЗ ҰҒЫМ Избранное

Четверг, 05 Июль 2018 05:37 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3354 раз

6 шілде – елімізде ерекше мереке. Жыл сайын Астана күнін мерекелеу игі дәстүрге айналған. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешім қабылдап, еліміздің астанасын Астана қаласына ауыстырғанына 20 жыл толды. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа Астананың авторы. Елорда Елбасының төл туындысы. Ендеше, тарихқа көз жүгіртіп, Қазақстанның бас қаласының даму жолын зерделесек.

4

1994 жыл. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1994 жылғы 6 шілде, №106 қаулы) және Министрлер кабинетінде (1996 ж. 6 шілде) еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулылар қабылдады. Оған себеп – Ақмоланың республиканың кіндігінде, геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы, қаланың елеулі өнеркәсіптік әлеуеті, құрылыс индустриясын одан әрі дамытуға қажетті базаның болуы, ірі тасымал торабына орналасуы әрі қажетті көлік және телекоммуникация, инфрақұрылымның болуы, жоғары білікті кадрлар әлеуеті, жеке меншік секторды және кәсіпкерлікті дамыту үшін мүмкіндіктердің молдығы, аймақтағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық, қаланы дамытуға қажетті бос жерлердің жеткіліктігі сияқты факторлар еді.

1996 жылғы 9 қазан.
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен арнайы Ақмола экономикалық аймағы (ААЭА) құрылды.

1997 жылғы 20 қазан.
Президент Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. 1998 жылдың 6 мамырында Елбасының жарлығымен Қазақстанның астанасы – Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Сол жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

2000 жыл. Қазақстан Үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» қаулы қабылдады. Елбасының қатысуымен Елорданың жаңа алаңы, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, бизнес-сервис орталығы ашылды.«Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Елбасы Жарлығы шықты, оған сәйкес қала аумағының жалпы көлемі ұлғайды.

2002 жыл. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап 2007 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды.

2003 жыл. Астанада әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер көшбасшыларының халықаралық съезі өтті.

2004 жыл. Ауқымы мол, бұрын-соңды болмаған мерзімнің ішінде ірі әкімшілік мекемелерін сол жағалауға көшіруде орасан зор жобалар жүзеге асырылды. Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталық аумағында Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясы ғимаратының ресми ашылуы болды. Президент Н.Назарбаев ол резиденцияның «Ақ Орда» деп аталатынын жариялады.

4-1

2005 жыл. Астана қаласы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалы салтанатты түрде ашылды. Сол жағалауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің әкімшілік ғимараттарының, «Тұлпар» тұрғын үй кешенінің және мемлекеттік қызметкерлерге арналған үйлердің, цирк ғимаратының құрылысы аяқталды.2005 жылғы 1 маусымға дейін Астананың сол жағалауында 39 нысан пайдалануға берілді. Олардың арасында ҚР Призидентінің Резиденциясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Астана-Бәйтерек» монументінің ғамараттары, «Аяулы алақан» композициясы, Жоғарғы Соттың, ҚР қорғаныс министрлігінің, ҚР көлік және коммуникациялар министрлігінің әкімшілік ғимараттары, Ислам мәдени орталығы, Ұлттық кітапхана, 1200 орынды мектеп, «ҚазМұнайГаз» компаниясының екі нысаны, кардиология орталығы, муниципалдық үйлер кешені, бір ауысымда 120-150 адамды қабылдайтын емхана, сулы-жасыл гүлзар, «Отель-Президент» мейманханасы, «Ғашықтар» саябағы бар.

2008 жыл. Қазақстанның елордасы Астана қаласының 10 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.

2009 жыл. Тәуелсіздік даңғылындағы бас алаңда «Қазақ елі» монументі ашылды.

2010 жыл. Әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостер жобалаған, аумағы 127 мың шаршы метр, биіктігі 150 метрді құрайтын «Хан шатыр» сауда орталығы ашылды.

2010 жылғы 1-2 желтоқсан. Астанада Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтіп, оған Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Еуропадан 56 мемлекеттің өкілдері қатысты.

2011 жылғы қаңтар-ақпан айлары. Астана, Алматы қалаларында тұңғыш рет VII қысқы Азия ойындары өтті.

2011 жылғы 28-30 маусым.Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті.

2011 жыл. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай биіктігі 20 метрлік «Мәңгілік ел» ескерткіші ашылды.

2012 жылғы 30-31 мамыр.Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезі өтті. Форумға 40 елден 85 делегация қатысты.

2012 жылғы 22 желтоқсан.Халықаралық көрме бюросына мүше 166 елдің өкілдерінің дауыс беруімен Астанада «ЭКСПО - 2017» көрмесі өтетін болып шешілді.

2015 жылғы 10-11 маусым. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтті. Форумға 42 елден 80 делегация, соның ішінде БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия республикасының мемлекет басшысы Саули Нийнистё қатысты.

2017 жылы Астана қаласында халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, көрмені 2 миллионнан астам турист тамашалаған.

2018 жыл. Қазақстанның бас қаласы, ел жүрегіне айналған Астанаға 20 жыл толып отыр.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.