Жолдауды насихаттауда БАҚ-тың рөлі қандай? Избранное

Среда, 24 Октябрь 2018 03:47 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4718 раз

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын насихаттауда Шымкент қаласының БАҚ өкілдері белсенділік танытуда. Үшінші мегаполистің БАҚ саласының алдында үлкен міндеттер тұр.

DSC 8969

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов осылай деді. Бұл орайда журналистер өз құқықтарын толық білгені жөн.
«Елбасының халыққа арнаған Жолдауын насихаттауда БАҚ және әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбындағы кездесуде БАҚ-тың дамуы кеңінен талқыға түсті. XXI ғасырда ақпараттық майдан жүріп жатыр. Мемлекеттік маңызды бағдарламаларды халыққа дұрыс насихаттай білгенде ғана нәтиже болмақ. Мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруде қаламгерлер білімді қару етіп, БАҚ-тың рөлін дұрыс түсінуі керек.
– Жалпы, жақсы жұмыстарды елге көрсете білу де керек. Шымкент қаласы Елбасы Жолдауын насихаттауда белсенді жұмыс атқаруда. Мегаполис қаланың БАҚ өкілдеріне зор міндет жүктеліп отыр. Мұнда білікті журналистер де көп. Осындай дұрыс насихаттаудың нәтижесінде мұғалімдердің тұрғын үй сертификатын алғанынан хабардар болдық. Әлі де талқыланатын мәселелер бар. Біз өңірлердегі мәселелерді шешуге бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді республикалық ақпараттық-насихат тобын бастап келген Ержан Нүкежанов.
Ақпараттық-насихат топтың өкілдері мен үшінші мегаполистің БАҚ өкілдері – Шымкенттегі телеарналар, газеттер мен ақпарат порталдары секілді БАҚ басшылары, бас редакторлары, тілшілер ашық диалог түрінде сұхбаттасты. Қазақстан Журналистер Одағының өңірлік филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова жүргізіп отырған жиында «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Асхан Майлыбаева, adym.kz ақпараттық агенттігінің редакторы Нұршат Төкен және тағы басқа БАҚ өкілдері ұсыныстары мен бірқатар мәселелерден хабардар етті. Ал Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбектің айтуынша, біз сөз бен істің алшақтығынан арылуымыз керек.
– Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – адамның тұрмыс тіршілігіне, денсаулығына, біліміне назар аударуында. Самарқаулықтан арылатын кез келді. Түрлі мекемелер мыңдаған адамдарды жинап, жиындар өткізіп жатады. Сөз сөз жүзінде қалмауы тиіс. Сөз бен істің арасында алшақтық болғаннан кейін жұмыс та өнбейді. Ұйықтап отырған адамдарды ояту керек. Ал сол жиналысты БАҚ өкілдері жан-жақты талдап, халыққа керегін жазып беріп жүр ме? Міне, осыған көңіл бөлейік, – дейді ардагер журналист.

Журналистер өз құқықтарын біле ме?

Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы да насихат ұлғайып келеді. Ақпарат тасқыны өте жылдам. Бұл орайда ақпараттар қысқа-нұсқа, тиянақты жазылса ғана халық қызығып оқиды. Жалған қызыл сөздер мен жалған ұраннан арылу қажет. Жолдауды насихаттаудың форматын өзгерту керегін де байқап отырмыз. Жалпы, әлеуметтік желі қолданушылар да билік назарын аударуға септігін тигізіп жатыр.
Ақпарат комитетінің төрағасы да бұл ретте жәрдем беру туралы айтты.
– Жолдауды насихаттауда БАҚ өкілдерінің рөлі зор. Мәселен, Елбасы Жолдауында тарифтер ашық болуы тиіс екенің атап өтті. Барлық өңірде осындай күрделі жағдай бар екені мәлім. Осы жерде сіздердің көмектеріңіз қажет. Неге тарифтер заңға сәйкес емес? Егер ол экономикалық жағынан қымбат болса, ол бөлек мәселе. Ал егер ол бағаны өздері ойлап тапқан дүние болса, ол дұрыс емес. Осыны зерттеп, талдап жазыңыздар. Халыққа түсіндіріңіздер. Тиісті органдар белгілі уақытта жауап беруі тиіс. Біз БАҚ арқылы мониторинг жүргізе аламыз. Ең алдымен журналистер өз құқықтарын мен міндеттерін білуі маңызды, – дейді комитет төрағасы.
Кездесуде министрлік өкіліне мемлекеттік және жекеменшік БАҚ өкілдері өздерін толғандырған бірқатар сауалдарын қойды. Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов бірқатар сауалдарға сол жерде жауап берсе, бірқатарын ведомствода талқыға салатынын айтты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.