Сайлаудың заңды өтуі – қоғам мәртебесі Избранное

Среда, 22 Май 2019 03:52 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5865 раз

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мелдебек ӘділбаевПЕН сұхбат

саилау

– Мелдебек Мырзаұлы, 2019 жылдың 9 маусымында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Еліміздегі осынау аса маңызды саяси науқанға дайындық қалай?

– Шынында да қазір сайлауға дайындықтың қызған шағы. Шешілуі тиіс мәселелер өте көп. Өзіңіз көріп отырғандай, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлаушылар өз сұрақтарымен тоқтамсыз келуде.

Сол сайлаушыларға, қала тұрғындарына, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне, сайлау процесіне қатысушыларға сайлау туралы заңнамалар талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс істеу – заң талабы.

– Сайлау комиссияларының міндеттеріне не кіреді?

c7b8841875616448a0a889453d102b3a

– Конституциялық заңның 13, 17-баптарына сай сайлау комиссияларының, соның ішінде, қалың бұқарамен тікелей байланыстағы учаскелiк сайлау комиссияларының міндеттеріне өздеріне бекітілген аумақтарда, учаскелерде сайлауды ұйымдастыру мен өткiзудi қамтамасыз ету кіреді.

Атап айтар болсақ, учаскелiк сайлау комиссиялары учаскелiк комиссияның орналасқан жерi, дауыс беру күнi, уақыты туралы сайлаушыларды хабарландырады, сайлау учаскесiнде сайлаушылардың тiзiмiн нақтылайды, азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруға байланысты қажетті шаралар қабылдайды, сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады, дауыс берудi әзiрлеу мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды және тағы да басқа заңмен бекітілген міндеттерді атқарады.

– Осы сайлау комиссиясына кімдер мүше бола алады?

– Аталған Конституциялық заңда сайлау комиссияларын саяси партиялардың ұсыныстары негізінде маслихаттар сайлайтыны қарастырылған. Әрбір саяси партия сайлау комиссиялары құрамына бір кандидатурадан ұсына алады. Саяси партиялардан ұсыныс түспеген жағдайда, өзге де қоғамдық бiрлестiктер мен жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.

Егер сайлау комиссиялары мүшелерінің жеке басына келер болсақ, сотталғаны заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам, сот iс-әрекетке қабілетсiз немесе iс-әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды. Сайлау комиссияларының мүшелерi бес жылға сайланады.

Өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласуға жол берілмейді. Осы жерде тағы бір ескерте кететін жағдай - мемлекеттік органдар, ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар сайлау комиссияларының өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуге, оларға қажетті мәліметтер мен материалдар беруге, олардың өтініштеріне үш күн ішінде, ал сайлау күні және оның қарсаңындағы күні дереу жауап қайтаруға міндетті.

– Сайлау комиссиялары саяси партиялардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылатын болса, онда ол саяси партиялар қандай мүмкіндіктер мен артықшылықтарға ие бола алады?

– Саяси партиялардың алар мүмкіндіктері – тек әділдік. Өйткені, сайлау комиссиясының мүшесi өзi өкiлi болып табылатын саяси партияның не өзге де қоғамдық бiрлестiктiң шешiмдерiмен байланысты болмайды және олардың мүдделерiн қорғауға құқығы жоқ. Басқаша сөзбен айтқанда, сайлау комиссиясының мүшесi партияның мүддесін қорғау, олардың үміткерлеріне сайлаудан сүрінбей өтуіне жағдай жасау үшін жіберілген адам емес.

Ол өзінің іс-әрекеттерімен тек сайлаудың заңға сай, әділ өтуіне ықпал жасай алады. Осы жерде айта кетер бір жәйт – сайлау комиссияларының қандай да болмасын мүшелеріне, соның ішінде төрағасына да, кандидаттар мен партиялық тiзiм ұсынған саяси партиялардың қызметiне жария баға беруге тыйым салынады.

– Сайлаушылар тізіміне енгізу, дауыс беру тәртіптері қандай, жанұяның бір мүшесі үйдегі басқа туыстары үшін дауыс беру мүмкін бе, өзінің тұрғылықты жерінде дауыс беру мүмкіндігі болмаған жағдайда не істеуге болады?

– Бұл тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақ. Сайлаушыларға түсінікті болу үшін мен бұл сұрақтың жауабына тереңірек тоқтала кетейін. Азаматтар өздері тiркелген тұрғылықты жерде сайлау учаскесiнде дауыс беру үшін сайлаушылар тiзiмiне енгiзіледі және тек сол сайлау учаскесiнде дауыс бере алады.

Сайлаушылар тiзiмдерi дауыс береуге он бес күн қалғанда сайлаушылар танысу үшiн сайлау учаскелерiндегi жалпыға қолжетімді жерге ілінеді және сайлаушыларға беріледi. Одан бөлек, учаскелік сайлау комиссиялары сайлаудан он күн бұрын дауыс беру уақыты мен орны туралы сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, өзге де жолмен хабардар етуге тиiс.

Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi, тiзiмге енгiзiлгенін, дұрыс енгiзiлгенін немесе тiзiмнен шығарып тасталғанын, деректерде жаңсақтық жiберiлгенiн тексеруге және қателік орын алған жағдайда шағымдануға құқылы. Бір жанұяда қанша сайлаушы болуына қарамай, әр сайлаушы өзi дауыс беруi тиіс.

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге немесе басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi. Бюллетеньдер сайлаушыларға сайлаушылар тiзiмiне сай сайлаушының жеке басын куәландыратын құжаты негізінде берiледi.

Сайлаушы тiзiмге бюллетеньдi алғаны туралы қол қояды. Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оған өзiнiң қолын қояды және бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды. Бюллетеньдер жасырын дауыс беру кабиналарында толтырылады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң де болмасын кабинаға кiрiп тұруына тыйым салынады.

Бюллетеньдi өзi толтыру мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының бюллетень алғаны жөнiнде қолы қойылады.

Осы тұста сайлаушылардың ерекше назарын аударар жағдай - ол сайлау комиссиясының мүшелерiнің, жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамдарының, кандидаттардың сенiм бiлдiрген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi – журналистердің, байқаушылардың сайлаушыларға көмектесу құқығы жоқ.

Сайлаушы өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, қандай да болмасын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Белгiленбеген үлгiдегi, тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған, бiр кандидаттан артық белгiленген, белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Жарамсыз бюллетеньдер дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың бюллетеньдерi қатарынан алып тасталады. Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасауына байланысты дауыс беруге келе алмауы мүмкін.

Бұл жағдайда учаскелiк сайлау комиссиясы олардан алдын ала, ең соңғылары дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрілмей, берiлетін жазбаша өтінішіне сай осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс беру ұйымдастырылады.

Ал сайлаушыға өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беру мүмкiндiгi болмаған жағдайда оған есептен шығару куәлігі беріледі. Осы жерде сайлаушыларға қатаң ескерте кететін жағдайлардың бірі - есептен шығару куәлігі бір елдімекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысу үшін берілмейді.

Шымкент қаласы негізінде мысал келтірер болсақ, қалада пәтер жалдап тұрушылар көп. Бірақ, олар өздерінің қала маңындағы тұрғылықты жерінде тіркеуде. Ол азаматтар тек тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілуге жатады және пәтерде тұрған мекенжайы бойынша дауыс беруіне жол берілмейді.

Мысалы делік, Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабының тіркеудегі тұрғыны Әл-Фараби ауданандағы Сәуле шағынауданында жұмыс ыңғайлылығына қарай жалдамалы үйде тұрады. Бірақ ол жерде тіркеуде жоқ.

Ол азамат жалдамалы үйіне жақын сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беруге ниет білдірген жағдайда оған тұрғылықты жеріндегі сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігі берілмейді. Ол сайлауда тек өзінің тұрғылықты мекені - Сайрам тұрғын алабында дауыс беруге құқылы. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беретін күннің алдындағы күні жергілікті уақытпен сағат он сегізде тоқтатылады.

Жатақханаларда тұратын орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндiз оқитындар сайлаушылардың тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.

Сайлау студенттердің жазғы немесе қысқы демалыс кезеңіне сай келген және олар өздерінің тұрақты мекенжайында тіркеуде болған жағдайда олар өздерінің тұрғылықты мекенжайларында дауыс берулері тиіс. Ал өздерінің тұрақты мекенжайында тіркеуде болмаған немесе демалысты басқа жерде өткізген жағдайда олар есептен шығару куәлігін алып, өздері болған жерде сайлаушылар тізіміне енгізілулері керек.

Демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде жабық сайлау учаскелері құрылуы мүмкін. Ол сайлау учаскелерінде тек сол жерде демалушылар мен емделушілер ғана дауыс береді. Олар тұрғылықты жеріндегі сайлаушылар тізімінен шығарылуға жатады.

– Сайлауда дауыс беру қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталады?

– Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейiн үзіліссіз өтедi. Сайлаушылардың басым көпшілігінің жұмыс ерекшеліктері мен басқа да жағдайларға байланысты дауыс берудiң басталуы мен аяқталу уақыты өзгертілуі мүмкін. Бірақ, дауыс беруді сағат 06:00-ден ерте бастап, 22:00-ден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс беру уақытының өзгертілуі сайлаушылардың назарына жеткізілуі тиіс.

– Дауыс беру орындарында тәртіп қалай камтамасыз етіледі?

– Дауыс беру орындарында қатаң тәртіп болуы тиіс. Сайлау күні дауыс беру орнында сайлау процесіне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.

Сайлау комиссиясының мүшелері, әр кандидаттан сенім білдірілген бір-бір адам, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әр БАҚ-тың бір-бір өкілі, әрбір саяси партияның, қоғамдық бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың тіркелген бір-бір байқаушысы, шетелдік байқаушылар және дәл осы сәтте сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқандар сайлау процесіне қатысушылар саналады.

Бұлардан басқа тұлғалардың сайлауда дауыс беру орнына орынсыз кірулеріне тыйым салынады. Сайлау учаскесі ғимаратының ішінде дауыстап сөйлеу, ұсақ-түйек келеңсіздіктер орын алған жағдайда учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы ескерту жасауға, ғимараттан шығуды талап етуге құқылы.

Ал талапқа мойынсынбаған немесе құқықбұзушылық орын алған жағдайда сайлау комиссиясы ішкі істер органдарына жүгінуге мәжбүр болады. Жалпы сайлау учаскелерінде тәртіпті қамтамасыз ету полиция қызметіне жүктелген. Бірақ олар тек шақырумен ғана келеді. Әкімшілік құқық бұзушылық немесе қылмыстық әрекет орын алған жағдайда олар тиісті жауапқа тарту мәселесін шешеді.

– Қазіргі кезде сайлауға байланысты халықаралық деңгейде баса назар аударылып жатқан мәселе – ол мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі. Осы тұрғыдан қандай қадамдар жасалуда?

– Дұрыс айтасыз. Мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беру құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Қалалық халықты әлеуметтік қорғау органдарының ресми мәліметтеріне сай, бір ғана Әл-Фараби ауданында кәмелет жасына толған, І топтағы 640 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.

Осы азаматтардың сайлау учаскелеріне кіруі мен дауыс беруі үшін барлық ғимараттарда пандус орнатылған. Барлық сайлау учаскелерінде олардың дауыс беру мүмкіндігін жеңілдететін арнайы бұрыштар ұйымдастырылуда.

Ол жерде көру қабілеті төмен жандарға арналып мониторының диагоналдық өлшемі 54 сантиметрден кем болмайтын компьютер, ұлғайтқыш шыны (лупа), брайль қарпімен оқу құрылғысы, үстел шамы, есіту мүмкіндігі төмендерге құлаққап, сары түсті қағазға көк әріптермен жазылған, билборд ілінген, арбамен кіруге арналған, өзгелерімен салыстырғанда ені 40 сантиметрге артық арнайы кабина қойылады.

Қорыта айтқанда, осы топтағы азаматтардың сайлау құқықтарын пайдалануына толық жағдай жасалады.

– Мелдебек Мырзаұлы, Сіз байқаушылар, сенімді өкілдер және бұқаралық ақпарат өкілдері туралы еске алдыңыз, сайлау барысында олардың қандай құқықтары мен міндеттері бар?

– Байқаушылар, кандидаттардың сенім білдірген өкілдері дауыс беру күні өздерін жолдаған ұйымның мөрі басылып, басшының қолы қойылған құжаты (сенімді өкілдің куәлігі) мен жеке куәлігінің, БАҚ өкілдері қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы, ал шетелдік байқаушылар акредиттеу куәліктері мен жеке басын куәландыратын паспорт негізінде сайлау учаскесінде арнайы журналға тіркеуге жатады.

Олар дауыс беру және дауыстарды санау барысының заңға сәйкес өтіп жатқанын қарап отырады.

Олардың дауыс беруге, үй-жайдан тыс дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға, тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға, сайлау учаскесінде дауыс беру барысын, дауыстарды санау, дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға, сайлау комиссиясының, оның мүшелерінің шешімдеріне, іс әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға, тыс жерде дауыс беруді өткізу кезінде қатысуға, пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санау, жою кезінде қатысуға, сайлау процесіне кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға, дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға, сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.

Олардың өтініштері бойынша сайлау комиссиясы дауыстарды санау хаттамасына өздерінің жасаған актілерін қоса беруге міндетті.

Енді олардың міндеттеріне тоқталар болсақ, олар сайлау процесіне, дауыстарды санау, шешім қабылдау рәсімдеріне араласпауы, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауы, белгіленген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауы, өз ескертулерін құжатталған, шын, тексеруге болатын фактілермен негіздеуі, заң талаптарын сақтауы, алаламауы, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуі тиіс.

Заң талаптарын бұзған жағдайда сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Жазып алған – Қайрат Карибаев

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.