Алаштың қос алыбының арасын жалғаған жол Избранное

Среда, 16 Октябрь 2019 04:24 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4640 раз

Биыл ұлтымыздың саяси элитасының ең көрнекті өкілдері, қазақ мемлекетінің қалыптасуы жолында бастарын бәйгеге тігіп, жазықсыз жазаланған алаштың қос алыбы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толады. Қос қайраткердің торқалы тойының бастамасы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған автосапар бағытымен Ақсүмбеден жол тартып, Ақсу Жабағылыға жалғасты.

312

 

Ақсүмбеден ұшқан ақиық қыран

Түркістан мен Шымкенттен жасақталған экспедицияға қатысушылар алдымен Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамған Ақсүмбеге ат басын бұрды. Қонақтарды үлкен ілтипатпен қарсы алған ауыл адамдары ұлтының біртуар ұлының тар жол тайғақ кешу тағдыры мен ұлт тарихындағы тағлымды, тартысқа толы жолы туралы Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, қарымды қаламгер Мархабат Байғұт баян еткен мәнді әңгімелерге сусындады. Қайраткер түлеген топырақтағы С. Қожанов атындағы мектептің қабырғасының алғашқы кірпішін қалап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойған экспедицияшылар одан әрі Шолаққорғанға бет алды, Мұнда облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов бастаған зиялы қауым өкілдері С. Қожанов мұражайын аралап, таутұлғаның ескерткішіне тағзым гүлін қойды.

318


Ұлт қайраткерінің болмысы мен өмір жолына қатысты тың деректерге қанықтырған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция автосапардың мәнін ашқан шара болды. «Мыңжылқы» мәдениет сарайында өткен бұл жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістаннан келген республикаға белгілі ғалымдар, жазушылар қатысты. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов жүргізген конференцияның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кіріспе сөзбен ашып беріп, Қожановтың қайраткерлік тұлғасын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру басты парыз екендігін айтып өтті.
Жиында сөз алған қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов Сұлтанбек Қожановтың өміріне қатысты тың мәліметті жария етті.
– 1924 жылы Г. А. Коростелевтен кейін Қазақстанды Нанейшвили деген грузин басқарды.Ол кезде Сұлтанбек Қожанов өлкелік комитетте екінші хатшы міндетін атқаратын. Сол Нанейшвили сегіз ай сырқаттанып, соңында бірінші хатшы қызметінен босауына тура келеді. Оның орнына жергілікті азаматтардың арасынан Қожановтың кандидатурасы да ұсынылады. Әйткенмен осы тұста Мәскеуге жан-жақтан арыздар қарша борайды. Бұл арыздарды басқа емес, Қожановтың айналасында жүрген өзіміздің қандастарымыз жөнелтіп жатқан еді. Осылайша өз қазағы өз ұлының аяғын тұсап, билікке жолатпауға жанталаса жан салады. Әрине, бұл әрекет Мәскеу үшін ең тиімді әрі қолайлы болғаны анық. Соның себебімен Қожановты тізімнен сырып, Қазақстан билігіне Голощекинді тағайындайды. Ал Голощекин геноцидінің қазаққа қандай қасірет әкелгенін мына ел әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде елді Голощекин емес, Сұлтанбек басқарғанда мүмкін біз бүгінгі игілікке бұдан ертерек жетер ме едік деген ой келеді кейде. Қалай десек те сол Сұлтанбектей ұлт тұтқаларын орға жыққан арыздар әлі де қазақтың қанынан қалмай келеді, – деген Қуаныш Айтахановтың сөзі ұлтымыздың қасиетіне қасірет әкелетін осындай кейбір жәйттарды аңғартып кетті. Елді ауызбірлік пен ынтымаққа үндеген азамат өз сөзінің соңында биыл 125 жылдығы тойланғалы отырған алаштың бес арысы – Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровке Түркістан төрінен монумент орнатуды ұсынды.

319


Қуаныш Айтахановтың бұл ұсынысы шын мәнінде өте орынды. Қоғам қайраткері бұған дейін де ұлтымыздың ұлы тұлғаларын дәріптеудің дәйекті өнегесін танытып жүргенін білеміз. Созақ ауданында әкім болып тұрған кезінде Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдық мерейтойын республикада бірінші болып атап өтіп, Қожанов мұражайын ашуға ұйытқы болғаны есімізде.
Жазықсыз жапа шегіп, қуғын сүргін құрбанына айналған ұлтымыздың ұлы тұлғаларының тағдыры мен қайраткерлік қырларын зерттеп келе жатқан белгілі ғалым, жазушы Бейбіт Қойшыбаев осы жиынға Алматыдан арнайы келіпті. Конференцияда сөз алған ол Сұлтанбек Қожановтың қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы жанкешті еңбегін теңдесіз ерлікке балады.
– Алаш ардақтысының өмір жолы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ. Ол қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздік мұраттарына қызмет етудің тамаша үлгісі болып қала береді. Оны өзгелерден ерекшелеп тұрған қасиеті де міне, осы рухының мықтылығында. Сондықтан оны тарих тұғырына көтеріп, тұлғасын биіктете беру—парызымыз, – деді ол.
Конференцияда сондай-ақ Әлібек Сейдехан, Тұрсын Хазретәлі, Медеубек Тәңірберген, Амангелді Мамыт, Қайрат Анарбек секілді белгілі ғалымдар баяндама жасап, Қожановтың тұлғалық, қайраткерлік қырларын ашуға тырысты.
Жиында жасалған бұл мәнді де мазмұнды баяндамалар «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты кітапқа топтастырылыпты. Ол Алаш алыбының торқалы тойында қалың жұртшылыққа таратылды.
Сұлтанбек Қожановтың тойы ертеңіне оның туып өскен ауылы Ақсүмбеде қайтадан жалғасын тапты. Осындағы Қожанов атындағы мектеп ауласына тігілген ақшаңқан киіз үйлерде жайылған дастарханда қайраткердің рухына арналған ас берілді. Аудан өнерпаздары той көрігін қыздырып, ән-жырдың тиегін ағытса, спортшылар ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсіп жатты. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет тойдың ойдағыдай өтуіне атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Ұлтына ұран болған Тұрар еді

Қос алыптың айтулы мерекесіне арналған экспедиция сапары келесі күні Түлкібас ауданында жалғасты. Бұл өңір Тұрар Рысқұловтың кіндік қаны тамған жер. Ұлт мүддесі жолында асау ағысқа қарсы жүзген, заман дауылымен арпалысып, басын бәйгеге тіккен алаш ардақтыларының бірі Тұрар Рысқұловтың 125 жылдық торқалы тойының тұсаукесеріндей болған шараның алғашқы рәсімі Рысқұл ауылынан басталды. Қонақтар алдымен осы ауылдағы жерасты жолының тарихымен танысты. Ұзындығы бір шақырым, биіктігі алты, ені сегіз метр келетін бұл туннелді кезінде қазақтан шыққан алғашқы инженер Мұхаметжан Тынышбаевтың басшылығымен Ресей құрылысшылары мен жергілікті тұрғындар салған екен. Қазір ол жер тарихи жәдігер ретінде қарауға алынып, маңына тақтайша орнатылған. Себебі кейінірек жаңа тепловоздардың пайда болуына және вагон тізбектерінің ұлғаюына байланысты туннелдің сыртынан 1950 жылы айналма теміржол салынған.
Экспедицияға қатысушылар бұдан соң күрделі жөндеуден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысты. Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай осындағы теміржол бойына демеушілердің күшімен М. Тынышбаев пен Т. Рысқұловтың ескерткіші орнатылған болатын. Мұхаметжан
Тынышбаев қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері болғандығын сөз реті келгенде айта кетсек артық емес. Қазақтың маңдайына біткен арда ұл Тынышбаев та қуғын сүргін құрбаны болып, 1937 жылы Ташкент түрмесінде «халық жауы” деген желеумен атылғаны ақтаңдақ жылдардың ақиқаты. Тынышбаев пен Рысқұловтың қайраткерлік жолында өзара сабақтастық бар. Тарихи деректер бойынша екеуі 1905 жылы Түлкібас жерінде кездесіп, танысқан. Содан былай талантты инженер әрі саяси қайраткер Тынышбаев жас, алғыр Тұрарды өзіне жақын тартып, оның келешегіне жол сілтеп, бағыт-бағдар берген. Қос алыпқа қойылған ескерткіш сол байланыс, сабақтастықтың символикалық сипатын аңғартатындай.
Қонақтар Алаштың тұғыры биік осы қос тұлғасына орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Осы ауылдағы Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайында Тұрар жайлы құнды жәдігерлер топтастырылыпты. Экспедиция мүшелері мұражайды аралап, ондағы материалдармен танысты. Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған басты шара «Тұңғыш Президент» саябағында өткен жиынға жалғасты. Қонақтарды ұлттық киім киген 125 қыз-келіншек қарсы алып, 125 алма себетін тарту етті. Саябақ ішіндегі «Жастар» аллеясына 125 түп көшет отырғызылуы да шараның символикалық мәнін аша түсті. Ұлтының ұлы перзенті, қоғам және мемлекет қайраткерінің торқалы тойына арналған «Ұлт тарихындағы ұлы тұлға» атты салтанатты жиын ұтымды ұйымдастырылған мәнді шараны түйіндеп, экспедиция өз мәресіне жетті.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.