Президент Алматыны дамыту жөнінде тапсырмалар берді Избранное

Среда, 30 Октябрь 2019 05:02 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4478 раз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

200

 

Мемлекет басшысы оңтүстік астананы дамытудың бірқатар нақты міндеттерін атап өтті. Президент бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының жоғары өсімін қамтамасыз етудің маңыздылығын басты міндет ретінде айта келе қаланың индустриялық аймағында 33 компания тіркелгенін және 156 миллиард теңгеден астам инвестиция салынғанын мысалға келтірді. Сонымен қатар Президент аталған аймақ құрылған 7 жыл ішінде небары 6 жаңа кәсіпорын іске қосылғанын, биыл тек 1 шағын зауыт қана жұмыс істей бастағанына назар аударды. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне индустриялық аймаққа, әсіресе, жоғары технологиялық және экспортқа бейімделген жаңа жобалар тартуға кеңес берді.
Мемлекет басшысы инновацияны дамытудың және тың жобаларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, қалада жетекші университеттер шоғырланғанын және ғылыми әрі кадрлық әлеуеті жақсы екенін атап өтті. Бұл ретте ол осы салада маңызды әзірлемелердің жоғына назар аударып, Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін пайдалануды тапсырды.
Президент жұмыссыздық проблемасын, медициналық қызмет көрсету ісін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын ерекше атап көрсетті. Өмір сапасын арттыру мен қаланың инфрақұрылымын дамыту ісін қамтамасыз ету мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады.
– Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде көрсетеміз. Сондықтан қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға сай бейімделуі тиіс. Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты бірқатар мәселелерге назар аударды. – Күн сайын Қаскелең, Қапшағай, Талғар жағынан және Құлжа күре жолы арқылы қалаға 200 мыңнан астам автомобиль келеді. Бұл Алматыда, әсіресе таңертең және кешкі уақыттарда кептеліс жасайды. Бұл проблеманы автожолдарды қайта салу және кеңейту арқылы ғана емес, сондай-ақ, метро желілерінің санын арттыру және қала мен іргелес аудандарды қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы шешу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Алматының сейсмологиялық тұрғыдан белсенді аймақта орналасқанын айтты. – Қала тұрғындары соңғы селді жақсы біледі. Бұл – халықты алаңдатып отырған мәселе. Қалада сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете отырып, «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер салу жұмысын бастау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келіп, 2025 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің тау кластері басым бағыт болып белгіленгенін айрықша атады.
– Үкімет пен қала әкімдігіне таулы аймақтардың жоспарын жүзеге асыру ісін бастауды тапсырамын. Бұл жоба 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, кемінде 30 мың жұмыс орнын аша алады. Бұл ретте барлық шешімдер халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы қажет екеніне назар аударамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы оңтүстік астананы дамыту жөнінде басқа да бірқатар мәселелер бойынша қала әкіміне тапсырмалар жүктеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.