Версия для печати

ӨЗІҢНЕН ТУМАЙ ҰЛ БОЛМАС... немесе шенеуніктер қайткенде халықтың шынайы қызметшісіне айналады? Избранное

Пятница, 04 Сентябрь 2020 04:23 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 2662 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекеттік басқару жүйесінің уақыт талабына сай болуы — Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы негізгі алғы шарттардың бірі. Сондықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында, ең алдымен, мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға қатысты мәселелерге баса назар аударды. Шындығында, пандемия елдегі басқару жүйесінің, соның ішінде жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесін айтарлықтай жетілдіру қажеттігін көрсетіп берді. Жекелеген ведомствалар мен әкімдіктердің дер кезінде батыл әрі дербес шешім қабылдауға, қалыптасқан жағдайға байланысты әрекет жасауға дайын еместігі байқалды. Медициналық масканың жетіспеуі, дәрі-дәрмектер мен емдеу орындарының тапшылығы сияқты проблемалардың алды алынбай, тиісті министрлік пен жергілікті биліктің постфактум әрекет етуі халықтың наразылығын туындатты.

308

 

Негізінде бұл – жекелеген басқарушылардың біліксіздігі немесе әрекетсіздігіне байланысты туындаған жағдай емес. Мұндай келеңсіздіктер еліміздегі басқару жүйесінің өзіндік ерекшеліктеріне, дұрысырағы, ақауларының болуына байланысты туындап отыр. Жеке ведомстволар мен әкімдіктердің құзіреттілігі мен шешім қабылдаудағы дербестігін арттыру қажет. Әкімдер үнемі орталыққа жалтақтай бермей, жергілікті сипатқа ие мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдай алуы тиіс.
Осы орайда Мемлекет басшысы Жолдауда «Біз әкімдер мен министрлерге талап қоямыз. Алайда, олардың құзіреті заңдар мен қаулылардағы егжей-тегжейлі нормалармен шектелген. Бұл мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысына жүктеме болады. Оның палаталары детализацияланған нормаларды қарастыруға мәжбүр болады. Мұны атқарушы органдардың құзіретіне беруге де болар еді. Қазіргі өзгермелі әлемде шешім қабылдаудың баяулығы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Сондықтан, құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында заңнаманы өзгерту арқылы құқықтық регламенттеу деңгейлері арасында балансты қамтамасыз ету керек. Мұны кешіктіруге болмайды» деп атап өтті.
Елді басқаруды жетілдірудегі тағы бір маңызды мәселе — билікті орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. Осының барлығы елімізде мәслихаттардың рөлін арттыратын және әкімдерді сайлау жүйесін енгізетін уақыт жеткенін айқындады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл және кенттердің әкімдерін мәслихаттар арқылы сайлау тәжірибесі қолданысқа енгізілгені белгілі. Алайда, бұл тәжірибе іс жүзінде нәтиже берген жоқ. Демек, азаматтардың саяси белсенділігін арттыру және тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге ықпалын күшету мақсатында жергілікті әкімдерді мәслихат депутаттары емес, тікелей және төте дауыс беру арқылы сол әкімшілік аумақтың тұрғындары сайлауы керек. Жолдауда айтылған бұл мәселе ҚР Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаевтың бұған дейін жария еткен «Халық үніне құлақ мемлекет» тұжырымдамасына да сәйкес келеді.
Қазақ халқында «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген дана тәмсіл бар. Қазір әкімдер жоғарыдан тағайындалғандықтан, өздерін, ең әуелі, халықтың алдында емес, өзін осы қызметке қойған басшысының алдында жауапты сезінеді. Әкімдерді тұрғындар тікелей сайласа, осы психология өзгереді. Келесі сайлауда қызметке тағы ілінгісі келсе, алдымен өзіне дауыс берген тұрғындардың көңілінен шығуға ұмтылады.
Әкімдерді сайлау – шынайы демократияның көрінісі. Алдымен ауыл және кент әкімдерін сайласақ, біртіндеп облысқа қарасты және республикалық маңызға ие қалалардың құрамындағы аудандардың әкімдерін сайлайтын күнге де жетеміз. Әкім халықтың басшысы емес, шынайы қызметшісіне айналсын десек, осы реформаны тиянақты жүзеге асыруға тиіспіз.
Жергілікті өзін-өзі басқарудағы ең маңызды орган – мәслихат. Бірақ, бізде осынау өкілетті орган көбіне әкімдіктің тасасында қалып қоятыны жасырын емес. Мәслихаттағы депкорпус көбіне әкімдіктің іс-әрекеті мен бастамаларын мақұлдап, заңдастырып беріп отыратын нотариалдық кеңсенің деңгейінен әрі аса алмай жүргенін сарапшылар бұған дейін де талай айтқан болатын. Енді осы мәселеге Президент Жолдауында орын берілді.
Мемлекет басшысы «Жергілікті ресурстардың оңтайлы жұмсалуын бақылау өкілдік органдарға – мәслихаттарға жүктелген. Алайда олардың пікірі көбіне еленбей жатады. Бұл өз кезегінде саяси анахронизм» деді. Осы орайда Президент өңірді дамыту немесе жергілік проблемалар бойынша қол жинау және петиция құру функциясын мәслихатқа беру туралы айтты.
«Сонымен қатар, мәслихаттардың ревизиялық комиссияларын күшейту керек. Үкімет пен Есеп комитетіне заңнамаға тиісті түзетулер пакетін даярлауды тапсырамын. Мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-тансляциясын енгізу қажет», – деді Қ.Тоқаев.
Біздіңше, жергілікті мәслихаттың беделін арттыру мен өкілеттілігін кеңейту үшін мәслихат депутаттары қоғамдық негізде емес, Парламенттің үлгісімен тұрақты әрі кәсіби деңгейде қызмет етуі тиіс. Сондай-ақ, жергілік атқарушы органдардың, әкімдіктің салалық басқармаларының мәслихатқа есеп беруге қатысты міндеттемесін құқықтық негізде арттыру қажет.
Мұның барлығы қоғамды демократияландыру жолындағы қадамдар екені айқын. Сайып келгенде қоғамды демократияландыру — елдегі тұрақтылықты сақтау мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі. Халқының әлеуметтік жағдайы жақсы, экономикасы қуатты елдердегі толқулар мен қақтығыстар саяси реформаларды уақтылы жүргізбеудің салдары қандай ауыр боларын дәлелдеп отыр. Өйткені, ел өмірінің түрлі салаларында туындайтын барлық мәселелерді түпкілікті шешудің бірден бір жолы – саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртып отыру.
Әрине, кез келген реформаның табысты болуы оны жүзеге асыратын кадрлардың біліктілігіне байланысты.
Президенттің аз жалақы төленетін мемлекеттік қызметші қоғамға тым қымбатқа түсетіні туралы айтқаны ойы орынды. Ашығын айтқанда, қазір мемлекеттік қызметте «ортаңқол кардлар» жұмыс істеп жүр. Ілуде біреуі болмаса, мұндағылардың көбінің білімі де, біліктілігі де, іскерлігі де, сыни және аналитикалық ойлау қабілеті де өзіміздікі сияқты ортаңқол болып келеді. Өйткені, Қазақстанда терең білімі мен іскерлік қабілеті бар жастар көбіне мемлекеттік қызметті емес, бизнес саласын таңдайды. Мұнан бөлек, өкінішке қарай, үздіктердің бір бөлігі шетелдерге кетіп жатыр. Статистикалық деректер 2019 жылы елімізден кеткен 38 мыңға тарта адамның 10 250-інің кемінде магистр академиялық дережесі болған көрсетеді. Осылайша, еліміздің ақыл-ойы сыртқа «ағып» кетуде.
Мемлекет басшысы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекеттік қызметшілер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Үнемделген қаржы қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтуге жұмсалады. Сөйтіп, саннан сапаға көшу процесі басталмақ.
Алайда, біздің елде білікті мамандарды мемқызметтен қашыратын жалақыға байланысты емес себептер де бар. Атап айтқанда, біздегі мемлекеттік басқару жүйесінде жаңаша, сыни ойлай алатын, басқаларға ұқсамайтын өзіндік көзқарасы мен ұстанымдары бар, білімді, кәсіби деңгейі биік, бір ауыз сөзбен айтқанда, жоғары кәсіби және адами құндылықтарға адал азаматтардың өсуі қиын. Өйткені, оларды көтермелейтін «карералық лифттердің» басқару пульті көбіне кертартпа басшылардың қолында тұрады. Ал ол басшыларға кадрдың кәсіби қабілеттері және адами қасиеттеріне қарағанда жеке берілгендік, ешқашан қарсы шықпайтын, мүлтіксіз орындаушылық маңыздырақ. Негізі білікті кадрларды мемлекеттік қызметтен, тіпті елден қашырып жатқан теңгенің құнсыздануы емес, осындай адамға деген «құрметтің девальвациясы» екені айқын. Жолдауда Президенттің «Мемлекеттік қызмет жабық кастаға айналмауы тиіс» деген сөзі арқылы осы проблеманы меңзегені анық.
Иә, Жолдауда айтылғандай, мемлекеттік басқару жүйесі тың көзқарастары мен ұтымды бастамалары бар белсенді әрі білікті кадрларға зәру. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жасақталып жатқан Президенттік жастар кадрлық резерві осындай мықтыларды мемлекеттік қызметке тартуға жол ашып отыр.
Жалпы, биылғы Жолдауға Президенттің үлкен дайындықпен келгенін байқадық. Басты ерекшелік — көтерілген мәселелердің ауқымды әрі күрделі болуымен қатар, көпшіліктің көкейіндегі проблемалармен үндесіп жатқаны дер едік. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық экономикадан бастап білім, ғылым, денсаулық, адам құқығын қорғау, бала тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтау жайын түгелдей қамтыды. Жолдауда айтылған мәселелердің көбі қоғамда көтеріліп, талай талқыланып та жүр. Осының бәрін Президенттің аузынан айтылуы — оның шын мәнінде халық үніне құлақ асатын, ұлтты мазалайтын мәселелерге бейжай қарамайтын көшбасшы екенін аңғартады.