ӘКІМДЕРДІ САЙЛАУ: елге тиімді басқару жүйесін қалай құрамыз? Избранное

Пятница, 22 Январь 2021 05:09 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5611 раз

Кешегі өткен Парламент Мәжілісінің сайлауы биылғы жалғыз сайлау болмайтынға ұқсайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында биыл ауылдардың, ауыл округтерінің, кенттердің және аудандық маңызға ие қалалардың әкімдерінің сайлауы өтетіні айтылған.

661

 

Негізі жергілікті әкімдерді сайлау тәжірибесі Қазақстанда 2013 жылы қолданысқа енгізілген. 2013 және 2017 жылдары елдегі 2 500-ге жуық әкімнің 1416-сы жанама түрде сайланған. Яғни, әкімдерді тікелей тұрғындар емес, мәслихат депутаттары сайлады. Оның үстіне бұған дейін әкімдікке кандидаттарды одан жоғары тұрған әкімдер, яғни аудан әкімдері ұсынатын еді. Айналып келгенде сайланды деген аты болмаса, іс жүзінде мұндай сайлаудың тағайындаудан айырмашылығы шамалы еді. Осының бәрін ескерген саяси сарапшылар сол кездегі әкімдердің сайлауын «демократияның декорациясы» деп атаған-ды.
Президент Қ.Тоқаев бұл жолғы сайлаудың өзгеше болатынын, яғни, тұрғындар әкімді тікелей және төте дауыс беру арқылы сайлайтынын атап өтті. VІІ шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы «Биыл ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады» деді.

Өзін-өзі ұсынғаны жөн

Жалпылай алғанда сарапшылар қауымдастығы Мемлекет басшысының бұл ұсынысын қолдап отыр. Бірақ, әкімдердің сайлауына дайындық барысында және саяси науқанды ұйымдастыру кезінде ескерілуі тиіс бірқатар мәселелер бар.
Біріншіден, біздің қоғамның пропорционалды сайлау жүйесіне қатысты көзқарасы бүгінде екіге жарылып тұр. Бір топ депутаттарды партиялық тізім бойынша сайлау елдегі саяси мәдениеттің көтерілуіне ықпал етеді. Халық жекелеген тұлғалардың емес, озық идеялардың маңына шоғырлануға үйренеді, бұл партиялық жүйенің, жалпы азаматтық қоғамның дамуына жол ашады деп есептейді. Екінші тарап пропорционалды жүйе жекелеген белсенді азаматтарды өзін-өзі депутаттыққа ұсыну құқығынан айырғанын алға тартады. Тұрғындар партияларға дауыс бергенімен, партия басшылары тізімнен кімдерді депутаттыққа жіберетінін өзі шешеді, бұл – анти-демократиялық қадам деп наразылық білдіруде. Қоғамдық пікір тап осылай екіге жарылып тұрған тұста заңға әкімдікке кандидаттарды да партиялар ұсынады деген норма енгізу әбестік болатын сияқты.
Жалпы, әкімді сайлаудағы түпкі мақсат қайсы? Билікті орталықсыздандыру, тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге ықпалын күшейту. Қисынға салсақ, мұндайда сайланған әкім өзіне дауыс берген тұрғындарға тәуелді болуы керек. Егер оның кандидатурасын партиялар ұсынса, әкімдер тұрғындарға ғана емес, партия жетекшілері мен өзінен жоғары тұрған басшыларға да жалтақтап қалады. Екі жақтың да көңілінен шығу үшін «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деп жүргенде сайланған әкімнің 4 жылда тындырымды тірлік атқара қоюы екіталай. Сондықтан әкім атанудан дәмелілердің өзін-өзі кандидат ретінде ұсынуға құқығы болуы тиіс.
Мұнан бөлек әкімдердің бір мандаттық округ бойынша тікелей және төте дауыс беру арқылы сайланғаны абзал. Талқылауды қажет ететін тағы бір мәселе бар: Халық сайлаған әкімдерді одан жоғары тұрған саяси басшылар мерзімінен бұрын алып тастай алатын болуы керек пе, әлде жоқ па? Егер «жоқ» десек, жергілікті әкімдер, әсірелей айтқанда Үкімет пен өңір басшыларына сәлем де бермейтін болады. Ал, мұның соңы мемлекеттік басқару жүйесінің тоқырауға ұшырауына әкеп соғып, елдің тұтастығына қатер төндіріп жүрмей ме?
Міне, әкімдерді сайлау тәжірибесін енгізер тұста осындай нюанстарды талқылап, жан-жақты таразылап барып шешім қабылдау керек.

Кандидаттарға қойылатын талап барынша жеңіл болса...

Жергілікті әкімдер жоғары білімді болуы немесе олардың көрнекті саясаткер болуы міндетті емес. Олар жергілікті мәселелерді жетік білетін, тұрғындарға етене таныс, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзір адамдар болғаны жөн. Жұрт жиі айтатын «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген сөздің мәні міне, осында. Бұл — шымкенттік саясаттанушы, саяси ғылымдардың магистрі, PhD доктарант Ербол Байқонысовтың пікірі. Ол әкімдікке кандидаттарға қойылатын талаптарды қиындатпау керек деп есептейді.
—Мәселен, әкімдікке кандидаттарға «міндетті түрде жоғары білімі болуы тиіс» деген талап қоюдың қажеті жоқ. Ауылға әкім болатын адамның жоғары білімі болса жақсы, ол жоқ болса арнаулы орта білім де жеткілікті. Жергілікті әкімдер ЖОО-ын бітіруі немесе олардың көрнекті саясаткер болуы міндетті емес. Олар жергілікті мәселелерді жетік білетін, тұрғындарға етене таныс, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзір адамдар болғаны жөн. Сондай-ақ, «мемлекеттік қызметте пәлен жыл еңбек өтілі болуы шарт» деген талап қою да қисынсыз. Өйткені, мемлекеттік мекемеде бір күн де жұмыс істемеген, есесіне шаруашылықпен немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген өте іскер азаматтар бар. Сондай азаматтар әкім болып сайланса, елдімекендердің көркейіп, гүлденіп шыға келгеніне куә боламыз, – деді Ербол Рәбілұлы.

656


Саясаттанушының ойынша, жоғарыдағы талаптың орнына кандидаттарға «мемлекеттік тілді міндетті түрде жетік меңгеруі тиіс» деген талап қоюға болады. Е.Байқонысов бұл бір жағынан қоғамдық пікірмен санасу болса, екінші жағынан қолданыстағы заңдарға да сай келетін талап. Атап айтқанда, «Әкімшілік іс жүргізу туралы» және «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңдар бойынша мемлекеттік органның басшысы, яғни, ауыл әкімі қазақ тілін еркін меңгеруі керек.

Ақшасыз билік – моторсыз көлік

Әкімдерді сайлау қоғамды демократияландыру тақырыбындағы кезекті спектакльге айналмауы үшін сайланған әкімнің қолында қомақты бюджеті болуы тиіс. Әйтпесе, ақшасыз билік – моторсыз көлік сияқты, жүргізе алсаңыз мініп ап дүниені шарлай беріңіз...
Негізінде елімізде төртінші деңгейлі бюджет енгізілгелі бірнеше жыл болды. Яғни, ауыл округтері мен кенттердің өздерінің шағын бюджеті бар. Бірақ, ондағы азын-аулақ қаржы жергілікті тұрғындарды мазалайтын күрделі проблемаларды шешуге жеткіліксіз.
Президент ауыл әкімдерінің сайлауы сәтті өтсе, біртіндеп аудан және облыстық маңызға ие қалалардың әкімдері де сайланатынын айтты. Яғни, алдағы уақытта Шымкент қаласына қарасты төрт ауданның әкімдерін де тұрғындар сайлауы ықтимал. Міне, осы тұста сайланған әкімдердің қолында қомақты бюджеттің болуы айрықша маңызға ие болмақ. Себебі, қала халқы ауыл тұрғындарындай емес, экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да әлдеқайда белсенді екені белгілі.
Айталық, бір ғана Еңбекші ауданында 300 мыңнан астам тұрғын бар. Олар өз әкімдерін өздері таңдаса, ертең оған өте қатаң талап қояры сөзсіз. Қазір аты дардай аудан әкімдерінің қолындағы қаржы ауланы таза ұстап, көшеге гүл мен ағаш егуге, әрі кетсе айналаны жарықтандыруға жетеді. Ал, ауданда шешімін күткен проблемалар шаш-етектен, оларды шешуге миллиардтаған қаржы керек. Сайланған әкімнің тағайындалған әкімге қарағанда халықтың алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін айттық. Ертең ол байғұс қолындағы мардымсыз қаржымен жүздеген мың тұрғынның көңілін қалай таппақ? Сондықтан...
Әкімдердің сайлауы нәтижелі, елге шынымен пайдалы іс болсын десек, оның дербес бюджеті болуы шарт. Экономистер оған жер, мүлік, көлік салықтары мен әкімшілік айыппұлдардан түсетін қаржыны ғана емес, тұрғындардың жеке табыс салығын да қосу керек дейді. Мұнан бөлек мамандар жоғары тұрған бюджеттерден бөлінетін трансферттер мен субвенсиялардың минималды шегін заңмен белгілеу қажет деп санайды.

Азулы муниципалитет болмаса, бәрі бекер

Қош, халық әкімдерді сайлады, сөйтіп оның қолына тиісті бюджетін берді делік. «Енді әкімдер өзіне дауыс берген халыққа тәуелді болады, оның пікірімен санасады» деп қуануымыз мүмкін. Бірақ, сайланған әкімге тұрғындардың талабын жеткізетін, оны орындататын нақты механизмдер болмаса, әлгі сөздің бәрі іске аспай, қағаз жүзінде қала бермек. Бұл тығырықтан шығатын жол қайсы? Ол — муниципалитет құру. Яғни, құқықтық мәртебесі айқындалған, заң жүзінде белгіленген кең құзыреттерге ие жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру. Ауылдық жерде ол бес немесе жеті адамнан тұратын кеңес болуы мүмкін. Ал, аудан мен қала деңгейінде қазір жұмыс істеп тұрған мәслихаттардың ықпалын арттырып, құзіретін кеңейтуге болады. Сонда депутаттар әлгі сайланған әкімдердің қызметін бақылап, есебін алып, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғап отыратын болады.
Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту деген өз алдына бөлек, кең ауқымды және өзекті тақырып. Алдыңғы қатарлы дамыған елдердің барлығында муниципалитет жүйесі жұмыс істейді әрі олар орталық биліктен мейлінше тәуелсіз. Оның құрылымы мен жүйесі барынша қарапайым, ашық және азаматтарға түсінікті. Яғни, бұл елдерде жергілікті өзін өзі басқару жүйесі демократияның ең маңызды институттарының бірі десек қателеспейміз.
Негізінде, Қазақстанның 1995 жылы қабылданған Конституциясында осы жүйені дамытуға құқықтық негіз болатын бап бар еді. Кейіннен сол 89-бап өзгеріске ұшырап, вертикалды басқару жүйесінің ыңғайына қарай жазылды. Әуелде осы баптың 2-ші тармағында «Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей сайлау жолымен, сондай-ақ халық топтары жинақы тұратын аумақты қамтитын селолық және қалалық жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырады» деген жолдар болатын. Кейін ол «Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін» деп өзгертілген. Мұндағы «тұрғын халық тікелей сайлау жолымен» деген сөз тіркесі «тұрғын халық тікелей жүзеге асырадыға» ауысқан. Яғни, өзін өзі басқару органын халық тікелей сайламауы, сайлаудан өзге жолдармен жасақтауы мүмкін. Сондай-ақ, бұрын мәтінде жоқ «мәслихаттар», «жергілікті қоғамдастықтар» деген ұғымдар енгізілген.
Аталған 89-шы баптың үшінші тармағындағы «Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызмет тәртібін заңмен белгіленген шекте азаматтардың өздері белгілейді» деген жолдар былай өзгертілген: «Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметі заңмен реттеледі». Демек, «азаматтардың өздері белгілейді» деген сөз тіркесі «олардың қызметтері заңмен реттеледі» дегенге ауысқан.
Басқаша айтсақ, аталған баптың 2007 жылға дейінгі нұсқасы сақталса, жергілікті өкілетті органдарын қалай сайлап, қызметін қалай реттейтінін әр аймақтың халқы өз бетінше шешуі мүмкін еді. Ал, қазір мұны істеу мүмкін емес, өкілетті органдар орталықтан белгіленген тәртіп бойынша қалыптасып, қызмет атқарады.
Соңғы жылдары билік Қоғамдық кеңестер деген институтты құрып, ол туралы арнайы заң қабылдады. Алайда, бұл институт халықпен етене жұмыс істеп, оның құқықтары мен мүдделерін қорғайтын шын мәніндегі өзін өзі басқару органына айнала алмай келеді. Басқасын айтпағанда, бұл кеңестердің мүшелерін таңдау мәселесі қоғамда көптеген сауалдар туғызып келеді. Өйткені, кеңес мүшелерінің 23 пайызы әкімдіктер мен өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Тек 20,7 пайызы ғана үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Онда да көбіне әкімдіктің айтқанына көніп, айдауына жүретін көнбіс ұйымдардың өкілдері кіреді.
Ұзын сөздің қысқасы, Қоғамдық кеңестер де, мәслихаттар да тап осы қалпымен қалса, ертең сайланған әкімнің қызметін бақылап, халықтың мүддесін қорғайды дегенге сену қиын. Әкімдердің сайлауы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жолындағы тиімді қадам болсын десек, тиісті нормативтік құжаттарды өзгерте отырып, жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуымыз және оған еркіндік пен дербестік беруіміз керек.

ТҮЙІН:

Кеңестік басқару жүйесі неге тоталитарлық атанды? Себебі, билік қатаң түрде орталықтандырылды. Тіпті, шалғайдағы совхоздың қашан қай жерге қандай егін салатыны да орталықта шешілді. Егін жинау науқаны қашан басталатынын да орталық шешетін. Егін пісіп, жерге төгіліп жатса да облыстан нұсқау келмейінше комбайндар егіс алқабына түспейтін-ді. Қазір бізге ақымақтық болып көрінгенімен, бұл жергілікті жерге титтей де билік бермей, халықты құл етіп ұстаудың үлгісі еді.
Кеңестік кезеңмен салыстырғанда көп еркіндік болғанымен Қазақстанның да басқару жүйесі вертикалды тәртіппен құрылған. Бұл, бәлкім, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңінде тиімді болған да шығар. Алайда, егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқан қазіргі кезеңде халық өз мәселесін өзі шешетіндей болуы шарт. Еліміздің демократиялануға қарай бет түзегені рас болса, бізде мұнан өзге таңдау жоқ. Міне, осы тұрғыдан қарағанда жергілікті әкімдерді сайлау жергілікті мәселе емес, халықтың тұрмысы мен тағдырына әсер ететін нағыз ұлттық мәселе екенін аңғарамыз.