Версия для печати

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ – ЕЛДІ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ Избранное

Среда, 14 Июль 2021 04:14 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 9259 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Бүгін Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округтері әкімдерінің сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Бұл науқан 10 күн бойы жалғасып, 23 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталады. Сенбі, 24 шілде күні тыныштық күні болса, 25 шілдеде тұрғындар тікелей және төте дауыс беру арқылы әкімдерді сайлайды.

425

 

Қазақстан Республикасының орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, бұл жолы 730 ауыл әкімі сайланады. Басқаларын сайлау олардың қазіргі өкілеттілік мерзімі аяқталған кезде ұйымдастырылады.
Әкім атануға үміткерлерге қойылатын нақты талаптар бар. Атап айтар болсақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін Қазақстан Республикасының азаматының жасы 25-ке толған, іс-әрекетке қабілетті және жоғары білімді болуы шарт. Оған қоса Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі керек. Бұл жердегі негізгі талап біреу, ол – кандидат кемінде 2 жыл мемлекеттік қызметте немесе жеке кәсіпорында 2 жыл жетекшілік қызметте жұмыс істеген болуы тиіс. Сондай-ақ, кандидат сотталмаған, жемқорлық құқық бұзушылыққа қатысы болмаған болуы тиіс. Бүгінде аудандық аумақтық сайлау комиссиялары осы талаптарға сай келген кандидаттарды тіркеуді аяқтады.
Кандидаттар 3 тәсіл бойынша ұсынылды. Біріншіден, саяси партиялар өз мүшелері арасынан кандидат ұсынды. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы екенін айта кеткен жөн. Екіншіден, осы жолы азаматтар өзін-өзі ұсыну мүмкіндігіне де ие болды. Ол үшін үміткер тиісті округте тіркелген сайлаушылардың кемінде 1 пайызының қолын жинады. Ал, ұсыну аяқталған күні екіден кем кандидат ұсынылған округтерде аудан әкімі өз кандидатын ұсынды.
Сонымен, санаулы күндерден кейін Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерін төте дауыс беру арқылы сайлау өтеді. Бұған дейін жергілікті әкімдерді аудан әкімі ұсынып, мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы сайлайтын еді. Саяси сарапшылар бұл қадам Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан саяси реформаларының жалғасы екенін алға тартып отыр.
Біздіңше, бұл сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру арқылы елді одан әрі демократияландыру жолындағы нақты қадам. Өйткені, тұрғындар жоғарыдан тағайындалған әкімге қарағанда өздері төте дауыс беру арқылы сайлап алған әкімге өз мәселелері мен проблемаларын ашып айтып, батыл талап қоя алады. Өз кезегінде ауыл әкімінің де тұрғындар алдындағы жауапкершілігі артады. Егер әкім ауыл халқының көңілінен шығып, қолдауына ие болып жатса, ол өзінен жоғары тұрған әкімдердің алдында да беделі артып, өз позициясын ашық жеткізе алады.

Берік БЕКЖАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

011

—Ауыл әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан реформаның жалғасы. Ең алдымен 2013 жылдан бастап ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы сайлау тәжірибесі енгізілгенін айта кеткен жөн. Одан кейін елімізде төртінші деңгейлі бюджет енгізілді. Яғни, салықтар, айыппұлдар мен өзге де төлемдердің кейбір түрлері елді мекеннің өз қазынасына құйылып, ауылдардың дербес бюджеті қалыптастырылды. Ал, 2020 жылғы 1 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде бастама көтерді. Яғни, мұның бәрі өзара сабақтастықпен, жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан реформалар.
Халық тікелей сайлаған, қолында дербес бюджеті бар әкім шешім қабылдау еркіндігіне ие болады. Бұрынғыдай жоғарыдан бөлінетін қаржыны күтіп отырмай, тұрғындармен кеңесе отырып өз ауылының ең өзекті деген мәселелерін шеше алады. Ауылды дамытудың нақты жоспарын жасап, оны іске асыруына болады. Бұл халықтың жергілікті әкімдерге ғана емес, тұтастай мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін арттырады.

Гүлжан СҮГІРБАЕВА,
ОҚМПУ ректоры:

Сугирбаева 2

 

—Туған ауылына жанашырлық танытып, өзінің іскерлік қабілетін дәлелдеп жүрген, халықтың алдында абырой-беделге ие азаматтар өте көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізіліп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауы сондай азаматтардың әкім атануына жол ашады деп ойлаймын. Бұл билік пен бұқара арасындағы байланыстың нығаюына ықпал етеді. Тұрғындар өзінің ой-пікірлерін ашып айтса, бұл жағдай ауылды жерлерде де азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік береді.

Ербол БАЙҚОНЫСОВ,
саясаттанушы:

Байконысов

 

—Кез келген сайлау – белгілі бір салада немесе өңірде, тіпті тұтас қоғамда қордаланған проблемалар жиынтығын шешуге бағытталған саяси процесс. Бүгінде Қазақстан ауылдарында ұзақ жылдар бойы шешімін күткен мәселелер бар екені жасырын емес. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін 2 нәрсеге баса назар аудару керек. Біріншіден, тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге, шешім қабылдауға тікелей араласуына мүмкіндік беру қажет. Яғни, ауыл адамдары өз ауылындағы жағдайға тікелей ықпал ете алатындай тетікке ие болуы тиіс. Екіншіден, жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару жүйесін түпкілікті жаңартып, оның тиімділігін арттыру қажет. Ауыл әкімдерін төте дауыс беру арқылы сайлау осы 2 міндетті де орындауға жол ашады.
Сайлау ауылдарда азаматтардың саяси белсенділігінің артуына, саяси мәдениеттің жетілуіне және аймақтық саяси элитаның уақтылы жаңарып отыруына да ықпал етеді. Уақыт өте келе адамдар сайлауда дұрыс таңдау жасау арқылы өзінің күнделікті өміріндегі жол, су, газдандыру немесе көгалдандыру сияқты нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ете алатынын түсінеді. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау елді одан әрі демократияландыру жолындағы нақты әрі маңызды қадам болды деп сеніммен айта аламыз.