«ЖЫЛТЫР ШЕНЕУНІК» ПЕН «ҚҰРҒАҚ БЕК» Избранное

Пятница, 25 Февраль 2022 04:23 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 8604 раз

олардан арылудың жалғыз жолы – саяси реформалар

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының ортасында халыққа үндеу жариялайды, онда елді саяси трансформациялауға бағытталған аса маңызды шаралар айтылады» деп хабарлағаны белгілі. Содан бері сарапшылар қауымдастығы Президент қандай өзгерістер туралы айтуы мүмкін, жалпы, мемлекет болашақта қаралы қаңтар оқиғасы секілді дағдарыстарға ұрынбай, орнықты дамуы үшін саяси жүйе қалай өзгеруі керек деген сауалды қызу талқылап жатыр.

326

 

Иә, Президент 2019 жылғы сайлаудан бері саяси реформалар жүргізіп келе жатыр. Ең алдымен, ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, қоғамның әртүрлі топтарының ойын еркін айта алатын диалог алаңы құрылды. «Митингілер туралы» жаңа заң күшіне еніп, митинг өткізу үшін бұрынғы «рұқсат алу» тәртібі «алдын ала хабарлау» тәртібіне өзгертілді. Сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға кейбір өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, партиялар құрудағы тіркеу кедергісі азайтылды. Бұрын жаңа партияны тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек болса, ендігі жерде 20 мың адамның басын қосып партия құруға рұқсат берілді. Саяси партиялардың Парламентке өту шегі
7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Мәжіліс пен мәслихаттардағы әйелдер мен жастардың өкілдігі кеңейтілді. Оған қоса, заңнамалық деңгейде Парламенттік оппозиция институты енгізілді. Бұл төменгі палатадағы азшылық топтың құқықтары мен өкілеттіліктерін айқындауға жол ашты. Сайлаудағы бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген баған пайда болды. Өткен жылы ауыл әкімдерінің сайлауы азаматтардың тікелей және төте дауыс беруі арқылы өтті.

Өзгерісті ұзақ күтуге қоғам дайын емес

Әрине, жоғарыда айтылғанның бәрі маңызды қадамдар. Алайда, саяси жүйені уақыт талабына сай түпкілікті өзгерту үшін мұның өзі жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Халық нақты өзгерістерді әзірге сезіне қойған жоқ. Әрі ол ұзақ күтуге дайын емес, тағаты таусылып-ақ тұр. Президент те мұны жақсы түсінсе керек, саяси реформалардың жаңа топтамасын әуелі күзде ұсынбақшы болып еді, кейіннен наурыз айының ортасына дейін
жақындатты.
Жалпы, қаңтарда азаматтардың наразылығын білдіруінің негізгі себептерінің бірі – қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғап, елдегі шынайы жағдайды билікке жеткізіп отыратын жүйелі саяси құралдың жоқтығы. Міне, осы жағдай Мемлекет басшысын саяси реформалардың шындап қолға алуға итермелеп отырғандай.
Сонымен, саяси трансформацияның негізгі бағыттары қандай болуы керек? Біздіңше, төрт бағытты қамтуы шарт. Олар: саяси партиялар мен сайлау жүйесін жетілдіру; биліктің бөлінуін арттырып, бір-бірінен мейлінше тәуелсіз билік тармақтарын қалыптастыру; соттардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ету; жергілікті өзін өзі басқару жүйесін жетілдіре түсу.

Саяси монополиядан арылудың жолы қайсы?

Қоғамда осы бағыттардың әрқайсысына байланысты айтылып жүрген ұсыныс-пікірлер мен ойлар бар. Айталық, сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты белгілі саясаткер, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов өзінің Facebook парақшасында «Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан бөлектеп Мәжіліс депутаттарын сайлау керек пе? Меніңше, осы мәселені қайта қарау керек» деген ойын жазыпты. Негізінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы дұрыс, нәтижелі жұмыс істеген жағдайда маңызды әрі қажетті қоғамдық-саяси институт екенін ешкім жоққа шығармайды. Алайда, Ассамблея мүшелері Парламент сайлауында өзі таңдаған партия үшін бір дауыс береді, ҚХА арқылы ұсынылатын кандидатқа екінші рет дауыс береді. Яғни, мәселенің басқа қырларын айтпаған күннің өзінде бір азаматқа екі рет дауыс беру құқығын беру Конституцияға қаншалықты сай келеді? Саясаттанушылар мен заңгерлер бұл мәселені бұрыннан да айтып жүр.
Саяси партиялар мен сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты айтылып жүрген тағы бір мәселе – Президент пен Үкімет мүшелерінің, әкімдердің партияға мүше болуы жөнінде. «Nur Otan» партиясының съезінде Мемлекет басшысы көп ұзамай партия төрағалығын өзге азаматқа тапсырып, өзі партия құрамынан шығатынын айтты. Қоғам бұл месседжді елдегі саяси либерализацияның бастауы ретінде қабылдады. Жақында Шымкент қаласына іссапармен келген Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтан осы мәселеге қатысты пікірін сұраған едік.
–Қазақстанда монополия мәселесі тек экономикада ғана емес, саясатта да бар. Президент те, министр де, әкімдер де бір партияның мүшесі. Бүкіл әкімшілік ресурстар бір партияның мүшелерінің қолында болғаннан кейін сайлаудың нәтижесі қандай болатынын көзімізбен көріп отырмыз. Шенеуніктер бір партияға ғана емес, тұтас мемлекетке, бүкіл халыққа қызмет етуі тиіс. Сондықтан Президенттің партия қатарынан шығу туралы шешімі орынды. Мұны бір реттік қадам етпей, заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Президентке үміткер болатын адам саяси партиялардың қатарынан шығуы тиіс. Тек Президент емес, кім атқарушы билік жүйесіне жұмысқа қабылданса, оның ішінде лауазымды қызметке тағайындалса, сол адам ешқандай партияның құрамында болмауы керек. Бұл барынша әділ әрі саяси бәсекелестіктің қалыптасуына ықпал етеді, – дейді Азат Тұрлыбекұлы.
Саяси либерализация айқын әрі нәтижелі болу үшін жаңа саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар әрі де жеңілдей түсуі қажет. Мәселен, «Утиль алымға жол жоқ» республикалық қозғалысының жетекшісі, сарапшы Нұраддин Садықов өзінің азаматтық ұстанымын қорғау және қолға алған ісін соңына дейін қорғау мақсатында саяси партия құруға да дайын екенін мәлімдеді. Егер ол өз ойын шындап жүзеге асырғысы келсе, ең алдымен, республиканың барлық өңірлерінің тұрғындарынан құралған 1 мың адамдық бастамашы топ құрып, құрылтай өткізуі керек. Сөйтіп, құрылтайдың шешімі бойынша барлық өңірлер мен қалалардан жаңа партияның 20 мың мүшесін жинақтауы тиіс. Бұл – әкімшілік қаржылық ресурстары шектеулі азаматтар үшін өте қиын шаруа. Сол себепті сарапшылар саяси партия құру үшін 10 адамнан тұратын бастамашы топ пен бес немесе он мың мүше жеткілікті болуы тиіс деп есептейді.
Сайлауға қатысты тағы бір маңызды мәселе оны ұйымдастыратын органға қатысты болып отыр. Біздің елде Орталық сайлау комиссиясының төрағасын Президент тағайындайды. Қанша жерден «Президент сайлауының нәтижесіне әсер етпейді» дегенімізбен, бұл жағдай халықтың сайлау жүйесіне деген сеніміне селкеу түсіруі де мүмкін. Ал, халықтың сенімі кез келген саясаткер мен саяси жүйенің табан тіреп, арқа сүйейтін басты тірегі. Сол себептен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Парламент палаталарының бірлескен отырысында сайланса деген ұсыныс айтылып жүр.

Парламент сайлаушыдан басқаның қас-қабағына қарамауы керек

Саяси трансформацияның ең негізгі бағыты билік тармақтарының бөлінуі болуы тиіс. Онсыз басқа өзгерістердің мәні жойылып, реформалар нәтижесіз болуы әбден мүмкін. Бұл жердегі негізгі әңгіме Парламенттің ықпалын арттыру мен оны шын мәніндегі көппартиялы жүйеге өткізу туралы.
Еліміздің қолданыстағы Конституциясының 40-бабы 3-тармағында «Республика президенті биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» деп жазылған. Осылайша, елімізде Президенттің билігі биліктің негізгі үш тармағынан тыс, олардан жоғарырақ деңгейде болып отыр. Алайда, классикалық президенттік республикада президент атқарушы биліктің ғана басшысы болуы шарт.
Саяси сарапшылар Ұлттық банк, Бас Прокуратура, Есеп комитеті секілді көптеген орталық мемлекеттік органдардың Мәжіліске формалды түрде есеп бергенімен, іс жүзінде тек Президентке ғана бағынатынын, бұл елдегі ашықтық пен жариялылыққа көлеңкесін түсіріп отырғанын алға тартады. Мәжілістің мәртебесін арттыру үшін оған орталық мемлекеттік органдардан есеп алатын, қажет кезінде оның басшысына сенімсіздік танытып, қызметінен шеттете алатын өкілеттілік беруге болады.
–Парламенттің ықпалын күшейту және атқарушы биліктің халықтың алдындағы жауапкершілігін арттыра түсу үшін Үкіметті Мәжіліс жасақтауы тиіс. Көптеген елдерде Президент қорғаныс, сыртқы істер мен ішкі істер министрі секілді министрлерді ғана тағайындап, премьер-министр мен басқа министрлерді парламенттік көпшілік сайлайды. Біздің елде де осы жүйені енгізу қажет деп есептейміз, – дейді Азат Перуашев.
Расында мұндай өзгерістер билік тармақтарының бірін-бірі тежеп, тепе-теңдікті сақтап отыруына, сол арқылы сайлаушылардың, азаматтық қоғамның оларға ықпал етуіне жол ашады. Ешкімге жалтақтамайтын, өз сайлаушыларынан басқаның қас-қабағына қарамайтын Мәжілісіміз болса, билік халықтың шынайы жағдайымен дер кезінде танысып, өткір әрі өзекті проблемаларды уақтылы шешуге дағдыланар еді. Қордаланған проблемалар алаңда ғана айтылып, оның арты елдің тұтастығы мен қауіпсіздігін қатерге тігетін жағдайларға ұласып кетпеуі үшін халықтың пікірі мен көзқарасы, азаматтардың мұң-мұқтажы Парламент мінберінен күнделікті ашық әрі шынайы айтылуы тиіс.

P.S.

Осыдан бір ғасыр бұрын жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жылтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ» деп кесіп айтқан екен. Бізге халықтың қамын ойлайтын, өз мүддесін шетке ысырып қойып, жұртының қызметінде болатын адал қызметші, әділ басшы керегі талассыз. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дегендей елдің ішінде сондай Отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың бар екені талассыз. Тек сол ерлерді жазбай танып, лайықты қызметке таңдай білетін жүйе керек. Ал, оны қалыптастырудың бірден бір жолы – саяси реформалар. Еңселі ел боламыз десек, мұнан басқа жол жоқ.