Еліміздің білім саласына елеулі өзгеріс еніп отыр. Биылғы мектеп бітірушілер енді өз білімдерін ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша дәлелдейді.

Қазақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді екіге бөлді. Енді, мектепті бітіру емтиxаны оқушының орта білімді тәмамдағанын дәлелдесе, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен мектеп түлектеріне мемлекеттік гранттар тағайындалады.

Білім және ғылым саласында бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Оршубековтің айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілген соңғы 13 жылдың ішінде оған оқушылардың барлығы бірдей қатысқан жоқ. Мәселен, соңғы тестілеуге мектеп оқушыларының 70 пайызы қатысты. Енді, жаңа форматқа сәйкес, «Алтын белгі» тағайындауды мектептердің өздері жүргізеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде аталған атақты растау қажет емес. Тестілеу тек грант иегерлерін ғана анықтап, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін береді.

«Сонымен, 2017 жылы түлектер үшін қорытынды аттестациялау өздері оқыған мектепте өткізіледі, яғни келесі жылдың 1-10 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу, яғни жоғары оқу орнына түсу емтиxаны 20-шы маусым мен 1-ші шілде аралығында республика бойынша 165 тестілеу бекеттерінде өткізіледі», – деп атап көрсетті Н.Оршубеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

ҰБТ-ның жаңа форматына сай оқу сауаттылығын тексеру мақсатында міндетті пән енгізілуде. Сондай-ақ екінші таңдау пәні қосылды.

Жаңа ереже бойынша түлектер барлық емтиханды мектепте тапсырады. Қорытынды аттестаттау – мектепті бітіру емтиханы саналса, ҰБТ-ны – жоғары оқу орнына түсу үшін бөлек тапсырады. Қорытынды аттестаттау мектептегі оқыту бейіні ескеріле отырып 5 пән бойынша (4-еуі – міндетті және бір пән таңдау) өткізіледі.

Міндетті пәндер қатарына білім алған тілі – қазақ немесе орыс тілі және әдебиет – эссе түрінде, Қазақстан тарихы – ауызша емтихан, математика – бақылау жұмысы, меңгерген тілі бойынша тестілеу (қазақ тілі – орыс тілді мектептер үшін, орыс тілі қазақ, өзбек, ұйғыр, тәжік тілді мектептер үшін). Ал таңдау пәндері бойынша – физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет немесе шет тілінен тест тапсырады. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Астанада өткізген баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті. 

Ал ҚР БҒМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед – Закидің мәлімдеуінше, мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орнына қабылдану үшін тапсыратын ҰБТ форматы үш міндетті пәннен тұрады. Олар – математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы. Олардың әрқайсысына 20 сұрақтан, ал екі таңдау пәніне 30 сұрақтан беріледі. Жалпы тестілеу уақытына 210 минут бөлінеді. Сұрақтар санының артқанына қарамастан, ҚР БҒМ ең төмен балл деңгейі 50 балл күйінде өзгеріссіз қалатынын мәлімдеп отыр.

Страница 6 из 6