Ерекше балаға ерекше қамқорлық қажет Избранное

Среда, 12 Октябрь 2022 05:34 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2343 раз

«Қазақстанда 742 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның ішінде 175 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар. Статистика бойынша оның небәрі 99 мыңы ғана ресми тіркелген. Ал, 76 мыңға жуығына статус берілмеген, өз проблемасымен өзі, ата-анасы күресіп жүргендер». Бұл туралы «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рауана Сағадиева Шымкент қалалық филиалының таныстырылымы барысында мәлімдеді.

406

 

Мемлекет басшысы өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ерекше балаларға инклюзивті білім беру мәселесін көтерген-ді. ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар тиісті реабилитация қабылдау үшін жарты жыл уақыт күтеді. Сөйтіп, уақыт жоғалтады. Кезегі келген кезде толық оңалтудан өтуге мәжбүр. Балалар сапалы қызмет алу керек. Мемлекет тарапынан арнайы психолог мамандарының даярлануына назар аударылуы керек. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек» деп сол кездегі Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырған болатын. Сондай-ақ, бұл мәселе Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да аталып өтті.

Қолдау көрсетеді

«Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының таныстырылымы өтті. Енді әрбір ерекше баланы қарап отырған ата-ана «TEN QOGAM» орталығында орналасқан қоғамдық бірлестікке тіркеліп, әлеуметтік, медициналық тұрғыда бағдар ала алады. Сондай-ақ, мамандар мұнда тек ақпараттық қолдау көрсетпей, мәселенің шешу жолдарын да қарастырмақ.
Жиынға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Е.Айтбаев, «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р. Сағадиева және еліміздің 8 өңірінен келген бірлестіктің филиал жетекшілері қатысты.
— Қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күніне орай біз орталығымыздың жаңа мекен-жайын таныстыруды жөн көрдік. Қоғамдық бірлестік мамыр айында ресми тіркеліп, өз жұмысын бастады. Бүгінде еліміздің 14 өңірінде бөлімшелер ашылып, ерекше балалар мен олардың ата-анасына көмек қолын созу мақсатында тынымсыз еңбек етіп келеміз. Ал, Шымкент қаласындағы филиал шілде айында ресми тіркеліп, тамыз айынан бастап жұмыс істеп отыр. Қазақстанда түрлі мақсатта құрылған үкіметтік емес ұйымдар жетерлік. Алайда, ерекше баланың анасы ретінде ондай баланың және оған қарап отырған ата-ананың қоғамда түрлі кедергілерге кезігетіні белгілі. Біздің мақсатымыз — ерекше балаларды жас ерекшелігіне, диагнозына қарай бөлмей тіркеп, олардың оңалту, емдеу шараларына көмек беру. Сонымен қатар, ерекше балалардың басым көпшілігі толық отбасынан емес. Иә, баласының денсаулығына анасын кінәлап, айырылысып кетіп жататындар да жетерлік. Туған-туысының демеуінсіз, жұмыссыз, ерекше балаға қарап отырған анаға да жан-жақты қолдау қажет. Тағдырлас жандарды тәжірибе алмастырып, олардың өздерін ары қарай дамытуына жол ашпақпыз. Біздің орталық осы мәселелерді кешенді шешудің жолдарын қарастырып отыр, - дейді бірлестік төрайымы Рауана Сағадиева.

407


Мамандардың айтуынша, ҮЕҰ-ның Шымкенттегі филиалы жұмысын бастағалы небәрі 2 ай ғана уақыт өтсе де, мұнда келушілердің қарасы қалың.
— Шілде айының соңынан бастап белсенді жұмыс істеп келеміз. Шымкент қаласында ресми тіркелген көмекке мұқтаж 7156 бала бар. Бүгінге дейін орталыққа 200 ата-ана мен 320 бала тіркеліп үлгерді. Себебі, кейбір отбасы 2-3 ерекше балаға күтім жасап отыр. Біздің жұмысымыздың маңызын түсініп, қолдау білдіріп отырған жергілікті билік өкілдеріне алғысымыз шексіз. Екі ай ішінде 13 басқармамен меморандумға отырып, ата-аналарымыз бен балалар алғашқы көмектерін алып үлгеріп жатыр. Мәселен, 3 жылдан астам баласының дерті бойынша мүгедектігін растайтын құжатын реттей алмай жүрген келіншектің құжатын рәсімдеуге көмектесіп, бұйыртса балаға мемлекет қаржысына 8 түрлі ота жасау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта да ата-аналардан көмегімізді аяп қалмаймыз, - дейді «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» РҚБ Шымкент филиалының жетекшісі Гүлмира Үсенбекова.
Ал, маңғыстаулық Салтанат Айтжанованың айтуынша, ұйымның ондағы бөлімшесі 26 қыркүйекте өз жұмысын бастапты. Аз ғана уақыт ішінде 100-ден аса ата-ана тіркеліп үлгерген.

«Қызым 19 жаста. Ерекше баланың анасымын. Елімізде бала кәмелеттік жасқа толған соң көптеген көмек түрі қысқарып жатады. Маған қоғамдық ұйымның жас ерекшелігіне, диагнозына қарамайтыны қуантты. Әлі бұл қоғамдық бірлестік жайлы естімегендер де бар. Бұйыртса, филиал жетекшісі ретінде бірлестіктің өркендеуіне, ата-аналардың тиісті көмекті алуына атсалысамын», - дейді ол.

Мәселе көп...

Жиынға Маңғыстау, Орал, Өскемен, Алматы, Астана, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы филиалдардың жетекшілері келді. Олар «дөңгелек үстел» барысында қоғамда кездесетін түйткілдің шешімін іздеп, тәжірибелерімен бөлісті.
— Қазақстанда әлеуметтік мәселелерді шешуді мақсат тұтқан 2500-ден астам ҮЕҰ бар. Алайда, олардың кейбірі өңірлік, кейбірі тек бір бағытта жұмыс істейді. Біздің басты ерекшелігіміз сол, көмек сұраушыларды жасына, диагнозына қарай бөліп-жармаймыз. Қазіргі таңда ұйым 18 нозология бойынша оңалту, коррекция(түзеу) жұмыстары бойынша бағыт-бағдар беріп отыр. Сонымен қатар, денсаулығында ерекше ақаулығы бар, бірақ әлеуметтік статусқа іліне алмағандарға да есігіміз ашық. Себебі, менің өзім ерекше баланы анасымын. Кезінде баламды дәстүрлі мектепке де бере алмай, статусын нақтыланбағаны үшін арнайы орталыққа да жолдама ала алмай қиналғанмын. Бұл проблема қазір де бар. Алайда, тең қоғамды қалыптастыру үшін біз барымызды саламыз. Ерекше балалардың оңалту мен коррекциядан бөлек, спорттық, қолөнер үйірмелеріне барғанын, үйде емес, ерекше балалармен бірге оқығанын қалаймыз. Мәселен, арнайы инструктор болмағаны үшін ерекше балалар бассейнге де бара алмайды. Тіпті, «Artsport» жобасында да ерекше жандар үшін секциялар қарастырылмаған, - дейді Р.Сағадиева.
Басқосу барысында ерекше балалардың ата-анасы жұмысқа қабілетті екені, алайда баласының жағдайына байланысты тұрақты жұмысқа да шыға алмайтыны жайында әңгіме қозғалды.
— Біз ерекше балалардың ата-анасын жұмыспен қамту мәселесімен Президент әкімшілігіне арнайы жобамызды ұсынып, жуырда «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жамишевпен де кездестік. Бұйыртса, жоба іске қосылған соң, ерекше балалардың жоғары білімді ата-аналарына —педагогикалық білім, медициналық білімі барларына ЛФК, АФК сынды қажетті мамандарды оқыту көзделіп отыр. Инклюзивті білім беруге, оңалту шараларына қажетті мамандарды, логопед, дефектологтарды өз арамыздан дайындау арқылы еліміздегі маман тапшылығы проблемасын да шешуге өз септігімізді тигіземіз деген ойдамыз. Себебі, қазір Алматы қаласының өзінде 8303 коррекцияға мұқтаж бала бар. Ал Алматыдағы 44 коррекциялық, 32 оңалту орталығы бұл балалардың барлығын қамти алмайды. Бір оңалту орталығы жылына 40-50 баланы ғана қамти алады десек, жылына жоғарыдағы әр орталықта 295 баладан оңалту кезегін, 196 баладан коррекция кезегін күтуге мәжбүр, - дейді бірлестік төрайымы.
Сондай-ақ, жиын барысында балалардың ерте скринингін қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Яғни, баланың денсаулығындағы кінәратты ерте анықтап, дер кезінде шара қолдаудың маңызы айтылды.
— Ең алғашқы скрининг әйел жүкті кезде жасалуы тиіс. Екінші скрининг бала туылғаннан 1 жасқа толғанға дейінгі аралықта, үшінші скрининг 1,5-3 жас аралығында болса дейміз. Сондай-ақ, тек баланың дене қызуын, салмағын өлшеп қана қоймай, скринингтің хаттамасын өзгерте отырып, тереңдетілген тексеру жолдарын қарастыру қажет. Перзентханаларда неонатолог-дәрігерлерді көбейтіп, арнайы бөлімдер ашудың да маңызы зор. Себебі, ерекше балалардың басым бөлігі екпе алу кезінде ауыр дертке шалдыққандар. Бұл екпе салдырмау керек деген сөз емес. Екпе қажет. Тек екпенің әлі белгілері жасырын, анықталмаған ауруларды жедел қоздыратын тригер екенін ұмытпау керек. Яғни, баланың денсаулығын жіті қадағалап, талдамалары арқылы көз жеткізген соң ғана екпеге жолдама берілуі тиіс, - дейді Гүлмира Қанатқызы.
Екі ерекше баланың анасы Қарлығаш орталықтың жұмысына алғысын білдірді. Оның айтуынша, үлкен ұлы жаңа оқу жылынан бастап қаладағы №19 мектептің инклюзивті сыныбына барып жүр. Екінші ұлына тиісті ем-дом шараларын алып келеді.
— Баланы дамыту үшін ана да бірге ізденіп, дамуы керек. Мен балаларымның денсаулығын проблема деп қарастырмаймын. Мен де баламның үйірмеге қатысып, спортпен шұғылданғанын қалаймын. Осы орталықтың көмегімен ондай күнге де жетеміз деген сенім мол, - дейді ол.
«Тас түскен жеріне ауыр». Десек те, тағдырдың сынағына мойымай, ерекше балалары үшін барын беріп, күресіп жүрген ата-аналар — бүгінгі қоғамның батыры. Бізді аталмыш бірлестіктің өзгеден сұрамай, керісінше күш біріктіріп, мәселенің шешу жолын іздестіріп жатқаны, өз құқығын қорғау арқылы тең қоғам қалыптастыруға деген талпынысы қуантты.