ЖЫЛЫЖАЙҒА ЖЫЛЫЛЫҚ КЕРЕК

Пятница, 02 Декабрь 2022 05:58 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5341 раз

Шымкент қаласында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мегаполисте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер аз болғандықтан шаруалар кәсіптің осы түрін қысқа мерзімде игеріп жатыр. Биылдың өзінде қала аумағында 8 гектар жылыжай кешені салыныпты. Жақында бой көтерген кешен қаңтар айынан бастап жерге көшет қондыруды бастайды.

33

 

Күнгей өңірде қарашаның қара суығына дейін дала өнімдерін тұтынуға мүмкіндік бар. Жерге қырау қатқаннан жылыжай көкөністеріне сұраныс артады. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында қала аумағындағы жылыжай кешендерінде жұмыс қарқыны артқан. Жалпы жылыжайда көкөніс екі кезең негізінде егіледі. Алғашқы кезең үшін диқандар шілде мен тамыз айларында көкөніс көшетін отырғызса, қысқа қарай өнім бере бастайды. Ал, ерте көктемде өнім алу үшін шаруалар көшет жетілдіруді қаңтардан бастайды.
Бүгінде қаламыздағы жылыжайлардың басым бөлігі қияр мен қызанақты өсіреді. Қияр 45 күнде өнім берсе, қызанақтың пісіп-жетілуі үшін 90 күн қажет. Қызанақты өсіруге көп уақыт пен қаражат қажет. Көбіне ірі жылыжайдағы шаруалар жартысына қияр, қалған бөлігіне қызанақ өсіруді жөн көреді екен.

– Шымкент қаласының аумағында 204 гектар жылыжай кешені бар. Соңғы 3 жылда 36 гектарға жылыжай салынып, 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Маусым кезінде жұмысшылар саны 600-ге жетеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлердің арасында жылыжай шаруашылығына қызығушылық танытқандар көбейді. Ауылшаруашылық министрлігімен бекітілген инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы салынып жатқан жылыжай шығынының 25 пайызын мемлекет өтейді. Одан бөлек, «КазАгро» корпорациясының төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге жақсы демеу болып отыр, - дейді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыров.

34

Басқарма басшысының сөзінше, Шымкент қаласындағы жылыжайлар қыс маусымында шаһар халқын көкөніспен қамтуға қауқары жетеді. Тіпті, еліміздің солтүстік өңірлері мен көрші Ресейге де тасымалданады. А.Жанбатыровқа «жылыжайлар ішкі нарықты толық қамтыса, неліктен көрші Өзбекстан мен Түркіменстаның көкөністері базар сөрілерін жаулап жатыр?» деген сауалымызды қойдық.

 

–Дәл қазіргі сәтте базарларда шеттен келген ауыл шаруашылығы өнімдері көбейгені жасырын емес. Нарық заманында сырттан әкелінген өнімдер бағасының арзандығынан отандық көкөністердің бәсекеге төтеп бере алмай жатқан жайы бар. Өйткені, жылыжайдағы өнімді өндіруге жұмсалған отынның шығыны біздегі көкөніс бағасына әсер етіп жатыр. Диқандар өнімдерін қала нарығына емес солтүстік өңірлер мен Ресейге тасымалдаған кезде ғана өз шығындарын өтей алады. Мәселен, көрші Өзбекстан мен Түркіменстанда электр қуаты мен табиғи газдың тарифі бізге қарағанда әлдеқайда төмен. Осы мәселені ескеріп, ҚР Ауыл шаруашылығы министріне жылыжай кешендеріне жұмсалатын отын шығынын субсидиялау ұсынысын жеткіздік. Бұл мәселе шешімін тапса, қыс мезгілінде көкөніс бағасының қолжетімді болуымен бірге, жылыжайда түрлі цитрустар мен орамжапырақтар, аскөк және қауын, қарбыз секілді өнімдерді өсіруге мүмкіндік туады, - дейді басқарма басшысы.

Жалпы, Шымкентті әлеуметтік-экономикасын дамыту мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген. Бес айқын бағытты қамтыған жоспарда агроиндустриалды аймақ құрып, ауыл шаруашылығы саласына көбірек инвестиция тарту көзделген. Осы агроиндустралды аймақта жылыжай кешендерін салу екі кезеңде жүзеге асыру жоспарланып, алғашқы кезеңде 30 гектары пайдалануға берілді. Келесі кезеңді 2022-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделіп отыр. Иә, жоспар айқын, жүзеге асыру жолы да белгіленген. Десе де, жоғарыда басқарма басшысы айтып өткендей шаруалар құлашын кеңге жаю үшін оған мемлекет тарапынан әлі де болса қолдау қажет. «Асар» жылыжай кешенің директоры Бақытжан Абдіхалықовтың сөзінше, диқанға мемлекеттен демеу болмаса, қыруар шығынға бату қаупі күтіп тұр. Мұндай жағдайдан құтқаратын жалғыз жол – мемлекеттің қолдауы.

– Кез келген шаруа мол өнім алуға ниеттеніп, тәуекелге барады. Қызанақтың тұқымын жерге шашқаннан өнім бергенше гектарына 5-6 млн теңге қаражат жұмсалып жатыр. Жерді баптаудан бастап, соңғы өнімді жинап алғанша берілетін минералдар мен дәруменннің бағасы диқанның қалтасына әжептеуір салмақ түсіреді. Ал, қыс мезгілінде отын мен электр жарығының шығынын қосқанда 22 млн. теңгеге дейін барады. Нарықта көкөніс бағасы жоғары болса ғана диқан табысқа жетуі мүмкін. Қазіргідей шетелден келген арзан қызанақтар қаптаса, есіл еңбектің далаға кеткені. Қазірдің өзінде диқандар табыс тауып жатқаны шамалы. Өнімнің пайдасы жер салығы мен «КазАгроФинанс» банкінің несиесінен артылмай отыр. Мемлекет тарапынан жылытатын отын мен электр энергиясына кететін шығынға субсидия берілсе, шаруалар табысқа жетер еді, - дейді Б.Абдіхалықов.

«Асар» жылыжай кешені жылына 100 тонна өнім алуға қауқарлы болғанымен бүгінгі қолбайлауларға байланысты өнім көлемі 60-70 тоннадан аспай тұр.

32

Қызанақ пен қиярдың нарықтағы бағасын білу үшін арнайы қала орталығындағы «Қырғы базарын» аралап көрдік. Біз сұраған қызанақтың дені Түркіменстанның өнімі екен. Бірен-саран Өзбекстанның қияры базар сөресінде тұр. Түркімен қызанағының келісі 300-500 теңге аралығында саудаланса, жергілікті қызанақтың келісі 200-300 теңгеге сатылып жатыр. Қияр бағасы керісінше, 1 келі жергілікті диқандардың өнімі 400 теңгеден басталып, 800-ге дейін барады. Шеттен әкелінген қияр бағасы 300-400 теңге аралығында саудалануда. Бізбен әңгімелескен саудагер (есімін айтудан бас тартты) бұл жағдайдың себебін былай деп түсіндірді.

– Қысқа қарай жылыжайда өсірілген көкөністерді сатамыз. Өзім тек Түркіменстаннан әкелінген қызанақты таңдаймын. Біздің тұтынушыларымыздың басым бөлігі мейрамханалар мен дәмханалар болғандықтан тек сапалы өнім ұсынуға тырысамыз. Қыс айларында Түркіменстан қызанағы піскен және түрлі өсімдік ауруларынан таза келеді. Ал Шымкент қызанағының сырты қызыл болғанымен іші жасыл күйінше тұрады. Өсімдікті өсіру барысында жылыжай ішінде жылу қалыпты болмаса қызанақ іші-сырты толық пісіп жетілмейді. Өкінішке қарай, жергілікті өнімдер талабымызға сәйкес келмей жатыр,- дейді сатушы.

Өзін Ұлбосын деп таныстырған саудагер жергілікті қызанақтың келісін 200 теңгеден саудалап тұр. Бағасы арзан өнімнің толық пісіп, жетілмегені түсінен байқалады.

– Көтерме саудадан келісін 150 теңгеден алдым. Өзім де бұрын жылыжай шаруашылығымен айналысқандықтан диқанның маңдай тері ақталмағанын түсініп тұрмын. Түркіменстанда табиғи газ тегін болғандықтан қыста жылыжайды жылыту мәселесі оңай шешіледі. Диқандарда отынның тапшылығы, шығынның көптігін жоғары баға ғана ақтайды. Қазіргі бағаға қарап-ақ диқан еңбегінің еш кеткенін аңғаруға болады.

Шымкенттің қолайлы климаты, ауылшаруашылық бағытындағы жердің аздығын ескерсек, қала аумағында көкөніс жетілдірудің ең ыңғайлы жолы жылыжай шаруашылығы екені айдан анық. Біздің қалада жылыжайды дамытудың әлеуеті де жоғары. Тіпті, шаһардағы мектеп жанынан жылыжай салынып, оқушылар түрлі бағытта ғылыми эксперименттерін жүргізіп жатыр. Мәселен, №89 ІТ лицейінде шағын жылыжай бүгінде экзотикалық баққа айналып, оқушылар банан, апельсин және лимон өсіруде. Мектеп ауласындағы аумағы 200 шаршы метр болатын жылыжайдың іші ғажайыпқа толы. Тропикалық жемістерден тартып, өсімдіктердің сан түрі жайқалып тұр. Мұндай оазисті мектеп оқушыларының өздері жасапты. Тіпті олар, жылыжай іші мұншалықты керемет боларына сенбеген. Оқушылар бананның қалай гүлдейтінін, лимон мен ананасты және апелсинді қалай күтіп баптау керектігін жақсы біледі. Соның арқасында жас бағбандардың еңбегі жемісті болды. Мектепте жас бағбандарға жасалған жағдай олардың әрі қарай дамуына, ізденуіне жол ашып жатыр. Мұндай тропикалық оазис пен экзотикалық бақты қаланың барлық жылыжай кешендерінде жасауға мүмкіндік бар. Мемлекеттен жылыжайларға демеу қаржысы бөлінсе немесе электр мен жылыту қаржысын субсидияланса, диқан табысқа кенеліп қана қоймай, осындай тың жобалар үстінде ізденер еді. Бұл өз кезегінде шаһардың агроиндустриалды аймақтарын, ғылым мен білім және тамақ өнеркәсібінің дамуын ілгерілетеді.

Түйін. Шымкент қаласында жылына 20 мың тонна көкөніс өндіріледі. Қала тұрғындарының тұтыну қажеттілігі 16 мың тоннаны құрайды екен. Ішкі нарықты толық қамтып, өзге өңірлерге көкөнісін жеткізіп отырған диқандардың мәселесі шешілмесе, осы саланың дамуына кері әсерін тигізуі ықтимал.

Последнее изменение Понедельник, 05 Декабрь 2022 05:17