Үздік жастар Избранное

Среда, 01 Март 2023 04:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3016 раз

Егер есімізде болса, өткен жылдың соңында шымкенттік 31 жас «Үздік жастар– 2022» премиясымен марапатталған болатын. Бұл жобаның мақсаты – Шымкент қаласының дамуына үлес қосып жүрген түрлі саладағы жас мамандарды ынталандырып, олардың жеткен жетістіктерін замандастарына үлгі ету. Үздіктер қатарынан көрініп, ерекше көзге түскен спорт жаттықтырушысы Айдана ТҮЛКІБЕК пен радиомеханика саласын меңгерген Еркеайым БЕКЕТПЕН арнайы сұхбаттасып қайттық.

41

 

Мықтылық мұратсыз келмейді

Қазақ спортының дамуына жігіттермен қатар намысты, жігерлі, қайратты қыздардың қосып жүрген үлесі орасан. Спортшыларымыз әлемнің талай еліндегі додаларда еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранымызды шарықтатты. Шымкенттік Айдана Түлкібек еліміздің атын әлемге танытқан спортшыларымыздың бірегейі. Өткен жылы ол жастар арасынан «Үздік спорт жаттықтырушысы» атағын алды.
–Бала кезімнен спортқа бейім болдым. Мектепте волейбол, баскетбол, жүгіру ойындары болса, алдыңғы қатарда мен тұратынмын. Өзімді кейде спорт үшін жаралған жандай сезінетінмін. Бойымдағы қабілетімді байқаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектепте қандайда бір спорттық жарыс болса, бірінші мені жазып қоятын. Себебі мен кез келген жарыстан жүлдесіз оралмайтынмын, - дейді ол.
Айдана жеңіл атлетикадан марафондарға, халықаралық жарыстарға қатысып, қазақ елінің намысын қорғады. Спорттық мансабын 2011 жылдан бастаған ол 5 мемлекетті аралап, 100-ден аса медальді қоржынға салыпты.
–Бағыма орай үздік жаттықты-рушылардың дәріс алдым. Сол кісілердің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Үлкен чемпионаттарда бақ сынадым. Орталық Азия ойындарының спорттық жарысына қатысып жүлделі орынға ие болдым, - дейді желаяқ қыз.
Айдана Түлкібектің спорттың өзге де түрлерінен жеткен жетістігі аз емес. Жеңіл атлетикалық жарыстардан 50-ден аса, жартылай марафон сайысынан 30-дан аса жүлдені жеңіп алған. Одан бөлек, трейлраннинг/скайранниг жарыстарына қатысып, қатарластарынан топ жарған.

42


–Қазақстанда өткізілетін марафондардың бірін қалдырмай қатысып келемін. Спорттық жетістіктерімнің ішінде ең ұзақ қашықтыққа жүгіргенім ультра марафон болды. Каппадокия қаласында ұйымдастырылған «Salomon Cappadocia ultra trail» халықаралық марафонға 80 мемлекеттен 2 500-ге жуық қатысушы келді. Соның ішінен 38 шақырым қашықтықты бағындырып, үшінші орын алдым. Ол жерде әлем елдерінің желаяқтары бас қосты десем болады,– дейді жас спортшы.
Айдана қазіргі кезде қала тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу жұмыстарымен айналысып, қазақ спортының дамуына өз үлесін қосып жүр.
–Қазіргі таңда №2 «Велоспорт және жеңіл атлетика» мектебінде жаттықтырушымын. Бүгінде жасөспірімдерді жаттықтырып, оларды халықаралық жарыстарға дайындап жүрмін. Жетекшілігіммен 800-ден аса шәкіртті даярлап шығардым. Жеке өзім әуесқой клуб ашқан болатынмын. Онда Шымкент қаласы тұрғындарын тау жүгірістеріне баулып, жаттықтырып жатырмын, - дейді Айдана Болысбекқызы.

Озат болу – үлкен мәртебе

Еркеайым Бекет – шымкенттегі үздік жас ғалым. «Үздік жас өндіріс маманы» номинациясын алған ару Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың түлегі, «Ақпараттық технология жане энергетика» мамандығын бітірген. Аталған мамандыққа сұраныс аз болғанына қарамастан, өз бетінше ізденіп жүрген маман.
— Елімізде радиомеханика саласының мамандарына сұраныс аз. Себебі, үздік аналог болып табылатын сандық технология дамып тұрғанда, бәсекелестікке төтеп беру оңай емес. Бірақ өздеріңізге белгілі, әрбір саланың кәсіби, ізденімпаз, жаңашыл маманы қашан да қоғам сұранысына ие,- дейді ол.

40


Еркеайым еңбек жолын Түркістан индустриалды кұрылыс колледжінде өндірістік оқыту шебері болып бастаған. Қазір жас маман заман ағымына сай шәкірт тәрбиелеуде тынбай еңбек етіп жүр.
— Менің осы салаға келуіме ата-анамның ықпалы тигенін айтқым келеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы жолда мені шыңдап, болаттай берік болуға үйреткен әкеме шексіз алғыс айтамын. Өйткені, мен қандай шешім қабылдасам да, бірінші қолдауды әкем көрсетеді. Сондықтан мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін адамның болуы аса маңызды,- дейді Еркеайым Серікжанқызы.
Әр адам өз саласының үздігі атанғысы келеді. Ол үшін алдына үлкен мақсат қойып, сол жолда тынбай еңбектенеді. Еркейымның бойындағы жақсы қасиеті сол – ол еңбекқор.
— Біздің мекемеге қалалық жастар ресурстық орталығынан ұсыныс түсіп, конкурсқа қатысуға шақырды. Ойланбастан керекті құжаттарды жинақтадым. Шымкент қаласы жастарының арасында үздік атану – үлкен мәртебе. Маман ретінде алғашқы жеңісім болғандықтан ерекше сезімді бастан кешірдім. Көңілімді қуаныш пен мақтаныш кернеді. Аз уақыт ішінде оқығаным мен жинақтаған тәжірибемнің үздік нәтижеге жеткізгеніне қарағанда, менің әлі де биік белестерді бағындыруға мүмкіндігім бар деген ойға келдім,- дейді ол.
Иә, кез келген жетістік адал еңбекпен келеді. Өз салаңда бірінші болғың келсе, алдыңа мақсат қойып, әрекет ету керек. Қарап тұрсақ алынбайтын қамал, аса алмайтын асу болмайды. Ең бастысы, өзіңе деген сенімділік болса болғаны.

Айдана МҰХТАРОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.