Версия для печати

МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫН ДАМЫТУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ Избранное

Среда, 01 Март 2023 05:14 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3416 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылып отыр. Газетімізге берген сұхбатында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков биыл мегаполис медицинасын дамыту үшін ауруханаларды ауыр медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, дәрігерлердің біліктілігін шыңдай түсеміз деген-ді. Ал, мұның барлығы қала тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында атқарылып отырған жұмыс. Айтылған сөздің іс-жүзінде орындалуы да көңілге сенім ұялатады. Оған 21-24 ақпан аралығында Шымкентте өткен ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері дәлел. Іс-шара еліміздің денсаулық сақтау саласына жаңа медициналық технологияларды енгізіп, өңірдегі ауруханалардың әлеуеті мен мүмкіндігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Орталық клиникалық ауруханасының 25 жетекші маманы атсалысты.

46

 

Соны ізденістер

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Шымкент қаласындағы күндері аясында делегация өкілдері халыққа тәжірибелік және консультативті-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі операциялар жасады. Сондай-ақ, мегаполис дәрігерлеріне шеберлік сағаттарын өткізді. Күрделі оталар үшін қаладағы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 4 медициналық ұйымның базасы ұсынылды. Олар — Шымкент қалалық онкологиялық орталығы, «Жүрек орталығы», №1 клиникалық және №2 аурухана. Делегация құрамындағы жетекші мамандар аталған ұйымдардан бөлек, Шымкент қалалық перинаталдық орталығы мен «Атамекен» медицина орталығында шеберлік сағаттарын өткізіп, науқастарға кеңес берді.
Алғашқы күні делегация мүшесі, гастрэнтеролог
Г.Исакова Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлерімен бірге консилиум өткізді. Дәрігерлер кардия ахалазиясы диагнозымен келген науқастың талдамаларымен танысып, еміне кеңес берді. Ал, «Жүрек орталығында» жоспарлы 5 ота өтті. Оның үшеуі — жүрекке криоабляция операциясы. Сондай-ақ, осы күні қалалық №2 ауруханада еліміздің білікті нейрохирургі М.Бердіқожаевтың қатысуымен ми қан-тамырлары ауруларының эндоваскулярлы емі жайында шеберлік сағаты өтіп, 3 науқасқа күрделі ота жасалған. 1951, 1957 және 1934 жылы туған науқастарға жасалған ота сәтті өтіп, бүгінде ми қан тамырларының бұзылыстарына байланысты ем алған екі азаматтың жағдайы тұрақталуына байланысты үйіне шығарылмақ. Миына қан кеткен 1934 жылғы науқастың да жағдайы отадан кейін тұрақталып, аурухананың инсульт орталығында дәрігерлердің бақылауына алынған.

45


Шымкент қалалық онкологиялық орталығының дәрігерлері 22 ақпанда ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының жетекші мамандарымен тәжірибе алмасты. Орталық профессоры Е.Абзалбек қалалық №1 клиникалық ауруханасының хирургтарымен бірге тосқауылсыз немесе гангренасыз диафрагматикалық грыжаға лапароскопиялық фундипликация операциясы бойынша шеберлік сағатын өткізді.
Орталық мамандарымен бірлікте жасалған күрделі оталардың басым бөлігі мегаполисте бұған дейін де жасалып келген. Алайда, делегация мүшелері әрбір күрделі отаны жасау барысында заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып, оны емдеудің жаңа әдіс-тәсілін ұсынды. Бұл күрделі операциялар мен шеберлік сағаттары ем іздеген науқастардың келешекте республикалық маңызға ие ірі қалаларға әуре болмай, өзіміздің өңірде емделуіне мүмкіндік беріп отыр.

«Шымкент медицинасының мүмкіндігі мол»

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Шымкентке арнайы келді. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков делегацияға мегаполис ауруханаларының мүмкіндігін таныстырды.
Алексей Цой бастаған делегация қалалық №1 клиникалық аурухананы аралады. Аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай аурухананың қабылдау бөлімі, консультациялық-диагностикалық бөлімше және операциялық блоктың жұмысымен таныстырды. ҚР ПІБ медициналық орталығының басшысы А.Цой орталық мамандарымен бірлесіп ота жасалған науқастармен тілдесті.
— Республикалық маңызы бар қаладағы медицинаның қуатын осы аурухананың мүмкіндігінен-ақ байқап тұрмыз. Аурухананың заманауи жабдықтармен қамтылуы және мұндағы дәрігерлердің жылдар бойы жинаған тәжірибесі күрделі операциялар кезінде айқын көрінді. ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының дәрігерлерімен бірлесіп күрделі операциялар жасалып, екі жақтың мамандары өзара тәжірибе алмасты. Күрделі ота жасалған науқастың бір күнде аяққа тұрғанын, жағдайының қалыпты екенін көріп, шымкенттік дәрігерлердің кәсіби білігі жоғары екенін ерекше атап өткім келеді. Мұндай күрделі операцияларды өңірлерде өткізіп, тәжірибе алмасудағы мақсатымыз — медицинаның қолжетімділігін арттыру. Яғни, науқастар күрделі ота үшін Алматы, Астана қалаларына бармай-ақ, өз өңірінде емделе алады. Себебі, Шымкент медицинасының мүмкіндігі мол, - деді А.Цой.

47


А.Цой бастаған жұмыс тобы Шымкент қаласындағы №2 ауруханаға барып, онда қабылдау бөлімінің, жоспарлы хирургия, операциялық блок пен диагностика мен емдеудің рентгенхирургиялық әдістері бөлімінің, инсульт орталығының жұмысымен танысты. Аурухананың бас дәрігері А.Рахматалиев орталықтың медициналық құралдармен жабдықталуын, ондағы жасалған күрделі оталар жайлы баяндады. ҚР ПІБ медициналық орталығының басшысы А.Цой аурухананың мүмкіндігін жоғары бағалап, орталық дәрігерлерімен бірлікте ота жасалған 3 науқастың жағдайымен танысты. Сондай-ақ, аурухана жанынан құрылған инсульт орталығының жұмысын жоғары бағалап, ондағы перзентхана қызметін перинаталдық орталық деңгейіне дейін дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Маңызы мол келісім

Ақпанның 24-і күні ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Шымкент қаласындағы күндері қортындыланды. ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Орталық клиникалық ауруханасының 25 жетекші маманы 4 күн ішінде 157 науқасқа кеңес беріп, қала ауруханаларында 16 күрделі операцияға қатысты.
Қорытынды жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының медицинадағы мүмкіндіктеріне тоқталды.
— Шымкентте тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның 13-і мемлекеттік, 32-сі жекеменшік ұйым. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, өлім-жітім саны мың тұрғынға шаққанда 35,12 пайызға азайған. Оның ішінде бала өлімі, қан айналымы аурулары мен қатерлі ісік салдарынан болатын өлім-жітім санын біршама азайтуға мүмкіндік туды. Біз өңір медицинасын әрі қарай да дамыту мақсатында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығына қарасты мекемелермен байланыс орнатып, олардың диагностикадағы заманауи мүмкіндіктерін қолданып, тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде онкологиялық ауруларды ерте диагностика арқылы анықтауға қол жеткіздік. Яғни, қалалық аурухана жанынан құрылған ядролық медицина орталығында ПЭТ/КТ құрылғысының көмегімен жылына 3500 адамға диагностика жасауға мүмкіндік бар. Ал, Varian фирмасының Halcyon сәулелі емдеу жүйесінің қатерлі ісікті емдеуде көмегі зор. Бұл құрылғының көмегімен жылына 10 мыңнан астам науқас ем қабылдай алады. Бүгінге дейін 180 пациент осы құрылғының көмегімен ем алып үлгерді. Қалалық ауруханаларға ауыр медициналық жабдықтар алынып, күрделі оталар өзімізде жасалып жүр. Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді. Алдағы уақытта көп бейінді клиникалық аурухана мен перинаталдық орталық ашу жоспарланған. Осы жоспарларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой жиын барысында кездесудің маңызына тоқталды.
— Ұлт саулығын нығайту — мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басты бағыттарын айқындап берді. Ол — әрбір қазақстандық үшін озық медициналық технология мен әлемдік стандарттарға сай сапалы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру. Мемлекет басшысының тапсырмасына және ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының жоспарына сәйкес, еліміздің әр өңірінде осындай тәжірибе алмасу күндері өткізіліп отыр. Шымкент — медицина кадрларының шеберханасы. Оны кешегі 25 жетекші маманнан тұратын делегациямен бірлескен күрделі оталар кезінде тағы да дәлелдеді. Біздің орталық тың технологияларды трансферт түрінде өңірлерге ендіру мақсатында жұмыс істеп келеді, - деді Алексей Цой.
Шымкент қаласы әкімдігі мен ҚР Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығы арасындағы ынтымақтастық меморандум — өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам. Ортақ келісімнің нәтижесінде жергілікті медициналық мекеме қызметкерлеріне инновациялық технологияларды оқыту, аурулардың алдын алу, диагностикалау, жаңа медициналық әдістемелерді дамыту бағытында тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мұндай маңызды құжаттар өңір медицинасының жаңа деңгейге көтерілуіне серпін берері сөзсіз.