Балалар бақылаусыз қалмауы тиіс

Пятница, 22 Июль 2016 09:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4301 раз

Жуырда Шымкентте 5 жастағы қыз жоғалды. Ордабасы алаңы аумағында ойнап жүрген бүлдіршін қайтып оралмаған. Көз жазып қалған анасы шарқ ұрып іздейді. Балалар арасынан Кәмшат (есімі өзгертіліп алынды) көрінбейді. Ұшты-күйлі жоғалған кенжесінен әйелдің көңіліне күдік кіреді. Дереу 102-ге хабарлайды. Әп-сәтте жедел тергеу тобы іске кіріседі.

Оқиға қалай өрбiдi?

Бес жастағы қыз өзіне іш тарта қараған адамнан күдіктенбейді. Бүлдіршін бейтаныс жігітті танымаса да тосырқамаған. Өмірдің мәнін білмейтін, қатігездікті ұғынбайтын Кәмшат қаніпезерлікті қайдан білсін?! Ал қаражүрек адамның көптігін жеке жоспарына пайдаланады. Ретін тауып, қызды таса жерге алып кетеді. Бірақ оның ойы жүзеге аспады. Полицейлерге күдіктіні табу қиынға түспеді. Олар бейнеқұрылғыдан әлдекімнің бүлдіршінді алып бара жатқанын, кеткен бағытын анықтайды. Қызды жәбірлемек болып жатқанда ұсталады. Абырой болғанда бүлдіршіннен зорлық белгілері табылмаған. Ал қылмыскер отбасылы, 1982 жылы туылған азамат болып шығады. Қазір 32 жастағы Ж. Б-ға қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

015824030 30300

30 педофилге қатысты iс қозғалған

Соңғы уақытта балалардың ұрлануы, балалар өлімі мен педофилдердің жас балаларға зорлық көрсетуі жиіледі. Баспасөз беттері мен телеарналардан тағдыры талқыға түскен балалар туралы хабарлар жиі көрсетілетін болды. Өкінішке қарай, өңірде балаларды қорлайтындар көбеймесе, азаяр емес. ОҚО Ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 30 педофилге қатысты іс қозғалған. Олардың барлығында айыпталушылар абақтыға тоғытылған. Сорақысы, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңес берудің орнына жас балаларға қол салған қариялар да бар көрінеді. Тіпті өгей әкесінен озбырлық көрген жасөспірім қыздар да кездеседі. Мәселен, оңтүстікқазақстандық бір азамат балалар үйінен асырап алған қызына 3 жыл бойы зорлық көрсеткені үшін 18 жылға сотталған. 1978 жылы туылған азамат 16 жастағы қызға күш көрсетіп, жәбірлеген. Қылмыскерлердің барлығы дерлік қылмысының дәлелденгеніне қарамастан, өздерін кінәсіз екенін айтып ақталады екен. Араларында себепті « ішімдікке» аударатындар көп. Өйткені темір тордан соң 122-баппен айыпталғандардың басым бөлігінің күні қараң. Деректерге сүйенсек, облыста 30 педофил тіркеуде тұр. Ал жәбірленгендердің 75 пайызы 14-ке дейінгі балалар мен жасөспірімдерді құрайды. Өн бойын құмарлықтың құрты кемірген оларды кім деуге болады? Неге педофилдер көбейіп кетті?
Қазір ауыр қылмыс туралы қорқыныш ұлғая түсті. Олардың көбеюіне біріншіден, жазаның жеңілдігі, екіншіден, ақпараттардың ашықтығы ықпалын тиігізіп жатқан секілді. 10-15 жылға сотталған педофил жазасын өтеген соң, отбасына оралады. Ал оның ауыр қылмысты қайталамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондай-ақ, БАҚ беттеріндегі атыс-шабыс, кісі өлтіру, қыз зорлау, суицидке бару түрлері, т.б. қылмыстық оқиғалардың тынбай берілуі адамдардың бойын үйретіп, психикасына сіңіріп жібергендей.
– Қайғылы жайттың болуына себеп – ата-аналар тарапынан балаларға көңіл бөлінбейді. Әке мен шеше көнкөріс қамымен сыртта жүреді. Ал өз билігі өзінде болатын жеткіншектің кімдермен жүргенін, немен шұғылданатынын қадағалай алмайды. Қазір интернеттерде жасөспірімдерді азғындыққа түсіретін топтар бар. Сондықтан мектеп оқушыларына байланыс құралы смартфондарды пайдалануға шектеп, отбасындағы бала тәрбиесіне баса назар аудару керек, – дейді ОҚО ішкі істер департаменті, тергеу басқармасының аға тергеушісі Мақсат Қарабаев. Аға тергеушінің айтуынша, педофилдердің алдын алу мақсатында ювиналды полиция тобы жасөспірімдермен жұмыс жасауда. Қылмыскерлерге заң да қатаңдатылған. 124 бап бойынша орта дәрежелі қылмыс ауыр жазаға ауыстырылған.

Шетелде заң қатал

Жалпы педофилдермен күрес өзге мемлекеттерде үлкен мәселе. Әдетте оларға қолданылатын жаза химиялық, хирургиялық кастрация және өмір бойы түрмеге жабу. Бірінші тәсіл Молдова, Польша, Оңтүстік Корея және АҚШ-тың бірқатар штаттарында жүзеге асырылса, екінші тәсіл Германия мен Чехияда жолға қойылған. Ал Иран, Оңтүстік Корея, Ирак пен Сауд Арабиясында балаларды жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлегендер өлім жазасына кесіледі. Көрші қырғыз елінде 2013 жылдың наурызында педофилдерді химиялық жолмен піштіруге қатысты заң жобасын мақұлдаған. Бұл жазаны қылмыскерлер түрмеден шығардан 6 ай бұрын алмақ. Еске салсақ, соңғы кезде қылмыстардың көбеюіне байланысты әлеуметтік желілерде белсенділер педофилдерге өлім жазасын қайтару керек деген петиция таратқан болатын. Тіпті химиялық піштіру мәселесі үкіметте қарала бастады.
Медицина мамандарының айтуынша, педофилия – медициналық тұрғыда қойылатын диагноз. Оны емдеуге болады. Бірақ аурудың келісімімен ғана. Әйтсе де, құлан-таза айығып кетуі күмәнді көрінеді. Педофилдер көбіне әлеуметтік жағынан аз қамтылған, отбасы жоқ, жұмыссыз, жазасын өтеп келгендер арасында жиі кездеседі. Өкінішке қарай, бұл кесел жас талғамайды.

– Педофилдер отбасылы болса да, азғындықтан арыла алмайды. Оған әуестігі шектен шығып кетеді. Оларға химиялық жолмен піштіру де көмектеспеуі мүмкін. Бұл өте күрделі мәселе – дейді психолог Калина Шерімқызы. Ол педофилия бұрындары да болғанын, алайда бұл жайттар ол кездері жасырын күйінде сақталып келгенін айтады.

Психологтар не дейдi?

Мамандардың пікірінше, қауіпсіздік үшін ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмағаны жөн. Мектеп жасындағы оқушы ата-анасына қайда, кіммен жүргенін үнемі хабарлап отыру керектігін ескертеді. Балалармен жылы сөйлесу, үйіндегі сыйластық пен сүйіспеншілік көп жағдайда қауіп-қатердің алдын алады екен.
– Педофилдерден сақтандыру үшін ата-ана бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, өтініштеріне жауап бермеу керектігін түсіндірулері қажет. Ал педофилдерден зардап шеккен жеткіншектерге бұл жағдайды барынша ұмыттыруға тырысу керек», – дейді маман. Ал заңгерлер құқық қорғау органдарының қызметкерлері педофилдерді анықтауға бел шеше кірісуі керек деген сенімде.
Бірнеше күн бұрын бүлдіршінге қол салмақ болған күдікті қамауда. Жалтармақ болғанымен айласы жүзеге аспады. Полицейлер қылмыскерге дәлел де, дәйек те іздеген жоқ. Бәрі бейнеқұрылғыда жазылған. Деректерге сүйенсек, көбіне ата-анасы ажырасқан, асыраушысынан айырылған немесе араққа салынған отбасыларындағы балалар педофилдердің құрбанына айналады екен… Сондықтан балаларымызды қорғайық, жалғыз қалдырмайық!

АТА-АНАЛАРҒА КЕҢЕС

– Балаларыңызға көшеде бөгде адаммен әңгімелесуге болмайтынын айтыңыз.

– Үй кіреберісіне бөгде адаммен кірмеуін қадағалаңыз. Егер бейтаныс адам баланы қонаққа шақырса немесе үйіне жеткізіп салуды ұсынса, көрші болса да келіспеген абзал.

– Бөгде автокөліктерге отыруына тыйым салыңыз.

– Егер баланы сабақтан, үйірме мен секциядан ересектер күтіп алатындай мүмкіндік болмаса, сыныптастарымен бірге қайтуды ұсыныңыз.

– Көшеде қас қарайғанша жалғыз қалмауына, жалғыз жүрмеуіне абай болыңыз!

– Балаңыздың үйге, пәтерге бейтаныс адамдарды кіргізуге болмайтынын түсіндіріңіз. 
Өйткені, педофильдер су, қоңырау шалу, ата-анаға хат қалдыру мен құжаттарды тапсыруға сұрануы мүмкін.

– Тәуекел тобынан (маскүнемдер, нашақорлар, сотталғандар ж/е т.б.) тіпті олар алыс туыстар болса да қашық жүрген дұрыс.

Последнее изменение Пятница, 22 Июль 2016 11:21
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.