Көшеге көрiк берген ретрокөлiк

Среда, 03 Август 2016 05:47 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5549 раз

25 мың долларға бағаланған

Шымкент қаласының тұрғыны П.Зияметов өзінің ГАЗ М-20 «Победа» көлігіне аса ұқыпты қарайды. 64 жылдан бері бір емес, бірнеше рет қайта жөндеуден өтсе де, темір тұлпары әлі күнге дейін өзінің әдемі көрінісін жоғалтпаған. Ретрокөлік егесінің қолы қалт етсе болды, оны жуып, тазалап бәйек болады.

DSC 3214

«Шымкент көшелерінде менің көлігіме қызықпайтын адам жоқ,– дейді П.Зияметов. – Бірі – шыққан жылын сұраса, енді бірі – жүргізіп көруді өтінеді. Ал кейбірі суретке түсуге әуес. Сосын көлікті қайдан алғанымды айтып беруді сұрайды. Мен барлығына қуана-қуана жауап беремін». 

ГАЗ М-20 «Победа» көлігі Пайзахмет Зияметовке атасынан мұра боп қалған екен. Көлік облыстық атқару комитетінде «жұмыс істеген». Содан Сайрам ауданы, Ленин атындағы колхоздың еншісіне беріліпті. Ал жарамсыз күйге түскен соң, 20 жыл бойы бөлшектері шашылған күйі гаражда тұрған. 

– Сосын көлікті атам сатып алды. Оны қайтадан құрастырып, қалпына келтірді. Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері еді. «Победа» көлігінің оған қаншалықты жақын болғаны айтпаса да түсінікті. Ал ескіні жаңартамыз деп қаншама күшімізді сарп еттік. Өйткені, оның бояуы кеткен қаңқасы мен шашылып қалған бөлшектерін жинау атамызға оңай болмапты. Бастапқыда оның түсі сұр еді. Кейінірек қара түске боялды. Әрине, қозғалтқышын ауыстырдық. Сол кездегі жүріс пен қазіргісінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Десек те, шаруаға жарап тұр. Нәтижесіне өзіміз ризамыз, – дейді көліктің иесі. 

Жасы жарты ғасырдан асқан ретрокөлікке қызығушылардың көптігі сонша, П.Зияметовке тапсырыстар да көп түседі екен. Мәселен, қонақтарды қарсы алу немесе үйлену тойларында серуенге шығу секілді жұмыстарды да қоса атқарады. Тіпті, ретрокөлікке қызыққандар оны сатып алу үшін 25 мың доллар ұсыныпты. Бірақ Пайзахмет ағай атасының көзіндей болған көлікті сатуға ниеті жоқ.

P.S. ГАЗ М-20 «Победа» көлігі 1946-1958 жылдары Горький автомобиль зауытында шығарылған. Оның бас конструкторы – Андрей Липгарт. Ал қаңқасын Александр Кириллов құрастырыпты. Бастапқыда көлікке «Родина» атауы берілмек болған. 1945 жылы маусым айында оның үлгісін Кремльге апарып, И.Сталинге көрсеткен кезде, ол «Отанды» қаншаға сатасыңдар?!» деп сынай қараған екен... Мұнан соң, көліктің атауы «Победаға» ауыстырылып, тек бір жылдан кейін ғана шығарыла бастапты.

Последнее изменение Среда, 03 Август 2016 06:47
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.