Наубайхана ашып, табысқа кенелген

Пятница, 05 Август 2016 08:52 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 15412 раз

Ел ішінде «Шымкентте шағын кәсіпкерліктің дамуы нан мен астың арзандығынан білінеді» деген сөз бар. Ол рас. Нан – береке. Нан – байлық. Қалада адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Соның бірі – 16 шағынаудандағы наубайханашылықтың қыр-сырын меңгерген Әлішер Хасанов. Өзгенің алғысын алудан артық не бар?! Бұл аудан тұрғындары нан іздеп әуреге түспейді: күн сайын көз алдарында ыстық нан тандырда пісіп тұр, бағасы да қолжетімді.

Күн сайын 500-ге жуық нан пiсiредi

DSC01936Бұл кәсіптің көзін тапқанына да он жылға жуықтаған. Бастапқыда самса сатып, бизнестің қыр-сырына қанығыпты. Уақыт өте келе нан пісіруге ауысады. 

Қиындықтарға мойымаған. Келешектен үміттенген. Мінекей, шаруасы жыл өткен сайын алға қадымдап келеді. Тұрақты тұтынушылары да бар.
Қазіргі таңда жұмыс қарқынды. Өнімділіктің артуы тұтынушылардың сұранысына байланысты болып тұр. Негізінен, алушылар да 16, 17 шағынауданның тұрғындары. Күн сайын 500-ге жуық нан пісіреді. Бәрі кешке дейін сатылып кетеді. Аракідік тойға алатындар да бар. Баға да базардағымен бірдей. Дүкенде 70 теңге болса, мұндағы нанның бір данасы – 60 теңге.

Тандыр газбен қызады. Қазір наубайханашылар осы технологияны құп көріп отыр. Қауіпсіз әрі экологиялық таза.
Мұнда әсіресе тазалыққа көңіл бөлінеді. Кәсіпкер ұлы екеуі күніне екі мезгіл тазалауды міндеттеген. Өйткені, тұрақты тұтынушылар кейде қызықтап қарайды. «Қалай істеп жатыр екен» деп көргісі келетіндер де бар. Ас пісетін жер таза болуы керек. Кейде тазалықты тексеру мекемесінің өкілдері келіп тұрады. Бәрі талапқа сай.
– Бізде демалыс жоқ. Сенбі, жексенбі күні де істей береміз. Өзіңіз білесіз, бәсеке қайнап тұр. Бір күнде демалсаң, қатардан қалып қоясың. Кешке қарай нан таусылып қалса, тұрғындар ренішін айтады. «Сендерге сеніп келдік қой» деп. Одан кейін, бүгін піскен нанды сатып үлгермесең, ол ертең қатып қалады. Кешегі нанды бүгін сата алмаймыз, – дейді Әлішер Хасанов кәсіптің қыр-сырын түсіндіріп.
Аудан тұрғындары таңғы сағат жетіден бастап нан алуға келе бастайды. Бәрі де осы жерден алуға үйренген. Сұраныс артқан сайын, табыс та еселене түседі. Жұмыс кешкі тоғыздарда аяқталады.

«Табыс сыры – төзiмдiлiкте»

DSC01934

Бастапқыда қиындықтар кезікпеуші ме еді. Шаруаның шатқаяқтаған кезі де болыпты. Кейде жұмысшылар табылмай қалады. Ондайда білекті түріп, өзі де кірісіп кетеді. Жұмысты бастар кезде әр кәсіпкердің басынан өтер жайт бұл. Табыс сыры – төзімділікте.
– Жұмыс ауыр. Несібе өздігінен келе бермейді ғой. Тура жүріп, адал еңбек етсең ғана түбі қайтарымы болады. Өз жоспарымыз бар. Содан адаспау керек, – дейді ол.
Өз арбасын өзі сүйреп келе жатқан азаматтың тірлігіне сүйсіндік. Бүгінге дейін біреуге қол жайып, мемлекеттен көмек сұраған емес. Бұдан бөлек, «Көл» базары маңында тағы бір нан пісіретін орны бар. Онда да екі жұмысшы жұмысты дөңгелетіп келеді. Олар әзірге, күн сайын 400-ге жуық нан пісіреді.

Перзенттерi қолғабыс етiп жүр

Әлішер Еркінұлы – Шымкент қаласының тумасы. Осында ержетіп, осында білім алды. Жоғары оқу орынын бітіргеннен кейін көңіл хошы осы кәсіпке қарай ойысыпты. Әйтпегенде, нан пісіру әкеден мирас болып қалған мұра да емес. Аялаған 4 перзенті бар. Жұбайы болса, мектепте мұғалім. Демалыс кезінде балалар бір уақыт жәрдем береді. Осы күні екінші ұлы Елнұрды жанына ертіп жүр. Оның да кәсіпке ебі бар. 

DSC01939

«Теріскей» шағынауданында самса сатудан басталған бизнес осылайша табысқа бастады. «Нан болса, ән де болатынын» көкейіне құйып алғаны қуантады.
Бүгінде елде шағын кәсіпкерліктің осы түрін кең көлемде насихаттап отырған да біздің өңір. Бұрыннан-ақ бәсеке қалыптасқан. Тұтынушы халық та көп. Кәсіпкер азамат істеймін дегенге барлық жағдай бар екенін айтады.
Болашаққа бағыттаған жоспар да көп. Соның бірі – алда кондитерлік өнімдер цехын ашу. Қазір оның жобасы дайындалу үстінде.
Көз алдымда ұлы екеуі көлігіне жүз нанды салып әкетті. Тапсырыс түскен екен. Осылайша наубайханашы тұрғындардың алғысын алуға асығып барады. Күні-түні шаруаның соңында жүр. Мақсаты – айқын, ниеті бекем.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.