Учаскелік инспекторды танисыз ба?

Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:17 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5539 раз

Әрбір адам өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша бекітілген учаске инспекторын тануы тиіс. Сондай-ақ, учаскелік полицейлер де өзіне бекітілген әкімшілік аумағындағы тұрғындарды жақсы біліп, олардың әрқайсысы туралы мағлұматтардан хабардар болуы міндетті. Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамында» халықтың қауіпсіздігіне баса назар аударған. Онда барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізу қажеттігі айтылған. Қазір «Учаске» атты алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында әрбір учаске инспекторы өз аумағына қарасты тұрғындармен танысып шығуы тиіс. Осы ретте тәртіп сақшыларының бір күндік жұмысы қандай екенін білмек болып, «Нұрсәт» шағынауданына арнайы барған едік.

«СӘЛЕМЕТСIЗ БЕ? МЕН УЧАСКЕЛIК ИНСПЕКТОРМЫН!»

DSC 0032

Учаске инспекторы Ердәулет Маткаримовке «Нұрсәт» шағынауданындағы 21 бес қабатты тұрғын үй бекітілген. Ол өзіне тиесілі әкімшілік аумағын күн сайын аралап, жергілікті халықпен танысады. Бұл жолғы жұмысы да солай жалғасын тапты. №155 үйге арнайы кіріп, пәтер иелері туралы толық мәлімет алды. Мәселен, тұрғындардың аты-жөні, неше баласы бар, пәтер кімнің атына жазылған, қай жерде жұмыс істейтіні секілді мәліметтерді учаскелік инспектор жіті сұрады. Сонымен қатар, ол қай пәтердің жалға берілетінін де білуі тиіс. Жұмыс барысымен қалаға келіп, уақытша пәтер жалдап тұратын Айдана Қауашова полицейдің барлық сауалдарына жауап берді. Тұрғындар Ердәулет Маткаримовты танитынын айтты. Ал №202 көпқабатты үйдің тұрғыны Нұрниса Жолдасова учаскелік инспектордың жиі келуі нәтижесінде аулада тәртіп орнағанын жеткізді.

Ердәулет Маткаримовтың айтуынша, жеке қоғамдық орында отырып шемішке шағу және темекі шегіп, оның тұқылын лақтырып тастау жайттары жиі кездеседі. 

– Мәселен, оқушылар аулада шемішке шағып, ластайды. Сол үшін күн сайын өзіміздің аумағымызда жүріп, оларға түсіндіреміз. Ал темекі шегіп отырған жерінде анықтасақ, 3 АЕК көлемінде айыппұл саламыз. Ол – 6363 теңге. Бір апта ішінде айыппұлдың 50 пайызын төлеуге мүмкіндігі бар. Айта кетерлігі, «Нұрсәтте» тәулікке жалға берілетін пәтерлер жоқ. Сондықтан, күндізгі немесе түнгі уақытта тұрғындардың мазасын алатындай оқиға жоқ, – дейді учаске инспекторы.

DSC 0121

Тіпті бұл туралы Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушы, Шымкент қаласының тұрғыны – Айжан Ергешова өзінің парақшасында учаске инспекторларының үйіне бір емес, үш рет келіп, арнайы танысқанын жазған. Ол тәртіп сақшыларымен бірге суретке түсе алмағанына қынжыла отырып, форма киген азаматтарға сәттілік тілеген. Осыдан соң учаске инспекторларының беделі артқанын да жасырмады.

3,5 МЫҢНАН АСТАМ ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Қазір Шымкентте «Учаске» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның аясында көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат алу және қару иелерін, ІІО-да есепте тұратын тұлғаларды тексеріп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шараға ішкі істер органдарының барлық қызметтері және «Ұлттық ұлан» әскерилері қатыстырылып, кешенді тексерулер жүріп жатыр. Алғашқы күндері-ақ, 3,5 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық, оның ішінде «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша 468 құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар, 37 азамат профилактикалық есепке алынды. Іс-шара желтоқсан айына дейін жалғасады.

«НҰРСӘТТЕ» 9 УЧАСКЕЛIК ИНСПЕКТОР БАР

DSC 9915

«Нұрсәт» шағынауданында 32 мың халық тұрады. Оларға 9 учаскелік инспектор бекітілген. Статистика бойынша, әр полицейге 3400-3500 тұрғыннан келеді екен. №61 округтің жауапты учаскелік инспекторы Бекзат Асқаровтың айтуынша, отбасылық жанжалға қатысты шақыртулар көп.
– Отбасылық дау-жанжал аз деп айта алмаймын. Кейде учаскелік инспектор барғанша ерлі-зайыптылар бір-бірін кешіріп, татуласып отырады. Көп жағдайда отбасылық жанжалдар отағасының спиртті ішімдік ішіп келуі салдарынан орын алады. Ондай азаматтар 5 күнге арнайы қабылдау-тарату орнына қамалады. Мен өз тәжірибемде ішкілікке салынған екі азаматты 6 ай мерзімге арнайы емдеуге жібердім. Бұдан бөлек, көшеде тәртіпсіздік жасаған, мас күйінде жүрген, қоқыс тастаған тұрғындарға айыппұл салынып, әкімшілік шара қолданылады. Учаске инспекторлары өз аумағына барып, тұрғындар туралы мәліметтерді қайтадан жинауда. Өйткені, бұрын олар туралы мәліметтер журналда жазулы тұрса, қазір компьютерге енгізіп жатырмыз. Шағынаудандағы дүкен иелерімен де тығыз жұмыс істеудеміз. Қазір 48 дүкен бар болса, соның 37-де бейнекамералар бар. Бұл құрылғылар тәртіп бұзушылық пен қылмысты ашуға зор септігін тигізуде. Сондықтан, коммерциялық нысандарға дабыл түймесін, күзет қою және есік-терезелерге тор орнату қажеттігін түсіндіріп айтып жатырмыз, – дейді Б.Асқаров.

Қоғамдық орындарда мас күйде жүргендерге – 5 АЕК
айыппұл салынады. Ол – 10 мың 605 теңге.
Ал шемішке шағып, темекі шексеңіз – 10 АЕК. Ол – 21 210 теңге.

СОҢҒЫ 7 АЙДА 228 ҚЫЛМЫС ТIРКЕЛГЕН

«Нұрсәт» шағынауданында қаңтар-шілде айларында «нөлдік төзімділік» қағидасы бойынша 424 хаттама толтырылып, 1 миллион 343 мың теңге айыппұл салынды. Оның 560 мың 494 теңгесі өндірілген. Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің УПИБ-нің инспекторы, полиция капитаны Сапархан Апашев шағынауданда соңғы уақытта қылмыс саны азайып отырғанын мәлімдеді.
– Бұрын «Нұрсәтте» қылмыс пен тәртіп бұзушылықтар көп орын алушы еді. Мәселен, автокөлік ұрлығы жиі тіркелетін. Осыдан 1,5 ай бұрын аулада тұрған автокөлік ұрланған еді. Тәртіп сақшыларының шұғыл қимылдауы нәтижесінде жоғалған автокөлік табылып, иесіне қайтарылды. Өткен жылы пәтер ұрлығы жиілеп кетсе, соңғы 3 айда тіркелген жоқ. Соңғы 7 айда 228 қылмыс тіркеліп, оның 147-сі ашылды. Ал бүгін түске дейін екі азамат әмиянын ұрлатып алғанын айтып хабарласты. Жалпы, шағынауданда учаскелік инспекторлар мен «Ұлттық ұлан» қызметінің белсенді жұмыс атқаруының арқасында халық тыныштықта өмір сүруде. Учаскелік инспекторлар күн сайын таңғы сағат 8.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнан соң полк қызметкерлері тәртіпті қадағалайды, – дейді С.Апашев.

ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРЕДI

Қазір әрбір учаске инспекторына ай сайын өзінің әкімшілік аумағына барып, халық алдында атқарған жұмыс туралы есеп беру міндеттелген. Сол кезде тұрғындар учаске инспекторымен танысуға тағы бір мүмкіндік алады. Сонымен қатар, есеп барысында халық тарапынан көкейтесті мәселелер де ортаға салынады. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары үшін де арнайы лекциялар оқылады. Ол өз кезегінде – жас өрендер арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алады дейді полицейлер. Бұл жолы да №80 мектептің аумағында сабақтан шыққан бір топ балаларға қоқысты бей-берекет тастауға болмайтынын және тәртіпке бой алдыру қажеттігін түсіндірді.
Қазір Шымкент қаласында 400-ден астам учаскелік инспектор жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өздеріне тиесілі міндеттерді атқаруда. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта шағынауданға бейнекамералар орнатылса екен деген ұсынысын жеткізді.

Последнее изменение Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:34
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Берекелі шаңырақ Қала тазарып қалды »