Шымкентте шығарылған өнімдерге сұраныс артады Избранное

Среда, 28 Сентябрь 2016 05:04 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4706 раз

«Аға сарапшылар қызметі» халықаралық бағдарламасы ОҚО Кәсіпкерлер палатасы қолдауымен 2013 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Қазір өңір кәсіпкерлері бұл бағдарламаның игілігін көруде. Германия елінен келген тәжірибелі керомогранит өндіретін «Зерде-Керамика» зауыты мен «Алтын адам» тігін фабрикасы қызметкерлеріне бар білгенін үйретуде.

 MG 3052

Германиялық Ульрих Клоке маркетинг, бизнес идеяларды жүзеге асыру, сатылымды ұлғайту, нарықтық талдау жасау сияқты салаларды зерттеуге бар өмірін арнаған жан. 1974 жылы Германияда құрылыс заттары дүкенін ашып, керамогранит өңдеумен айналысып келеді. Әлемнің біраз елінде болып, осы саланың қыр-сырын бөлісіп жүр.

– Қазақстанға алғаш рет жолым түсті. «Зерде-Керамика» зауытының жұмысы шетелдік стандарттарға сай жүргізіледі екен. Қызметкерлердің бойында «білсем», «үйренсем» деген құштарлық басым. Зауыт өнімінің сапасын арттырып, оны қолжетімді ету үшін талдау жүргізіп, өз жобаларымды ұсынып отырмын – дейді ол.
«Зерде-керамика» зауыты жылына 2 млн шаршы метр керамикалық плиткалар шығаруға қабiлеттi. 175 адам жұмыспен қамтылған. Олар үш ауысыммен жұмыс істейді. Зауыт мамандары алдағы уақытта кафельдерге ою-өрнек салу, түрлi-түстi етiп безендiру iсiн де қолға аламыз деп отыр.

 MG 3131

– Өнім түрлерін арттыру және оның сапасын жоғарылату мақсатында «Аға сарапшылар» бағдарламасының берері мол. Бізде күніне 800 мың шаршы метр өнім шығарады. Итальяндық құрал-жабдықтар орнатылған. Еліміздің ірі қалаларында 42 дилерлiк орталығымыз бар. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстаннан да тапсырыс берушiлердің қатары артып келеді, – дейді «Зерде-керамика» зауытының коммерциялық директоры Артур Пазылбеков.

Ал ерлер және әйелдердің классикалық үлгідегі костюмін тігетін «Алтын адам» фабрикасы енді қыз-келіншектерге арнап, күздік, қыстық сәнді пальтолар тігуді қолға алды. «Аға сарапшылар қызметі» бағдарламасы аясында Германиядан арнайы маман алдырып, жұмысшыларды оқытуға кірісті. Себебі, бұл кәсіпорында білікті дизайнерлер тапшы.

Ятта Хайдельманн зауыт қызметкерлеріне он күннен бері дәстүрлі нақыштарды сақтай отырып заманауи үлгідегі сырт киімдерді қалай жасауға болатынын үйретуде. Ол атақты Erwastil, Хиршберг, Finnkarelia Mode GmbН сән үйлерінде модельер-конструктор болып қызмет еткен, сән саласының тәжірибелі маманы. Тігін фабрикасының дизайнері Ақбота Өнербаева болса шетелдік маманның жанынан күнұзақ айналшықтап шықпайды.

– Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Бала күнімнен қолөнерге жақын болып өстім, бос уақытым бола қалса кесте тігетінмін. Бүгінде классикалық үлгідегі және сырт киімдерге ерекше ою-өрнек салып, нәзікжандылардың көңілінен шығатындай етіп, ұсынып жатырмын – дейді Ақбота.

Осылайша, таяу күндері қыз-келіншектер отандық пальтоларды киюге мүмкіндік алады. Бағасы қолжетімді болмақ. Ал «тапсырыс берсе, ер-жігіттерге арналған сырт киім тігіп беруге дайынбыз» дейді зауыт қызметкерлері.

– Адами капиталды дамыту, маркетингтік сараптама жасау, сату мен бизнес мақсаттарды жүзеге асыру – әр кәсіпорының дамуына түрткі болатын бірден-бір себеп. Шетелден келетін сарапшылардың келіп-кету мен жалақы шығындары бағдарлама есебінен төленеді. Ал кәсіпкерлерден сарапшыны тұратын орынмен қамтамасыз ету ғана талап етіледі, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімі басшысы Берік Кенжебаев.

Другие материалы в этой категории: « Ғасыр жасаған әже Ұлттық ұлан – ұлт ұстыны »