Сексенге келсе де белтемірге тартылады

Понедельник, 07 Ноябрь 2016 05:15 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5987 раз

Тәжен Тілеуқабылұлын көпшілік сергек қария ретінде таниды. Өзі әрдайым жақсы істің тілекшісі болып жүргені. Ұрпақтың қамын ойлаған елгезектігіне сүйсінесіз. Сексенге келсе де, бойы да, ойы да сергек. Қолынан қаламын тастамайды. Таяуда редакциямызға ұрпаққа деген өсиетін айта келіпті. Рас, жақсы адамдар жанымызда жүр.

DSC 0584

Көңілі дария ақсақал қазір зейнетте. Жасы 80-ге келсе де спортпен айналысады: зілтемір көтереді, стадионды айнала жүгіреді. Осы күні немерелерін де, жақсы іске бұйырып, спортқа баулып жүр. Спорт бала күннен бергі серігі.

Спорттан бөлек, бұл күндері имандылық тақырыбында, қоғамдағы адамгершілік тұрғыда кітап жазуды қолға алған. Өлеңге құмарлығы да бала күнінен оянған. Қоғамдағы кеселдерді, адамгершілік қарым-қатынастарды арқау еткен «Әділет биік арыңнан» деген кітабы жарыққа шықты.

Тәжен ақсақал бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. Өзі туып-өскен Созақ ауданының Жартытөбе кеңшарында тарихтан, денешынықтыру пәнінен жас ұрпақты білімге баулыды. Мектеп директоры болып та еселі еңбек етті.

DSC 0596

Отан алдындағы борышын Беларуссияда өткерген. Спортқа деген қызығушылығы бәрібір алға қарай жетелесе керек. Әскерде жүрген кезінде-ақ, балуандық өнердің қыр-сырын меңгерген. «Әскерде жүргенімде еркін күрестен дивизияның, ротаның намысын қорғадым. Офицерлер үйі деген бар. Жаттығудан шыққаннан кейін сардарлармен күш сынасатынбыз. Сол жерде бильярдтан да мықтылығымды байқаттым», – дейді өзі.
Көңілі дария ақсақал еркін және грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Бірнеше халықаралық турнирлердің жүлдегері. Бильярдтан ардагерлер арасында тәп-тәуір жетістіктері баршылық. Бүгінге дейін Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Облыстың екі дүркін жеңімпазы. 

Ұл-қыздарын да өмірден өз жолдарын табуға үйретті. Бүгінде 2 ұл, 3 қызынан 12 немере сүйіп отыр.

DSC 0611

«Батаменен ел көгерер» дейді. Өмірден көрген-түйгені мол адамды дуалы ауыз деп бекер айтпаса керек. Ол кісіден бата сұрап, оны жазып алуға асығатындар көп. Өзі қайда барса да, бата беріп жүретіні де сол себептен. Қазынасы мол қария 100-ге жуық бата түрін біледі екен.

Кетерде редакцияның қыз-жігіттеріне «Иманға бетбұрыс» деген өлеңін оқып, мынадай батасын берді:

– Е, Құдайым оңдасын,
Береке беріп үйіңе,
Еш жамандық болмасын.

Амандық беріп басыңа,
Жас қосылсын жасыңа.
Ағайынмен сыйласып,
Қиянат қылма досыңа.
Әдепті, жақсы сөз сөйле,
Жұрт жиналсын қасыңа.
Тойсаң тоба қыл деген,
Асылық айтпа, тасыма.

Қиындық көрсең кей кезде,
Пенделік қылып жасыма.
Ұл-қыздарың ер жетіп,
Қазыналы қарт болсын,
Жамбылдың келіп жасына!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.