СМАРТФОНҒА ТӘУЕЛДІЛІК қоғамға қасірет әкелмей ме?

Пятница, 11 Ноябрь 2016 09:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6954 раз

Дамыған заманның техникасын қолдану барысында олардың пайдалы жағымен бірге зиянды, қауіпті екені де жиі айтылып жүр. Бүгін әр техниканы жеке сараламай, бір ғана смартфонға тоқталып көрейікші.
Смартфон – ғаламтор желісін пайдалану мүмкіндігі зор құрылғы. Алақандай дүниеден таксиді де тез табасыз, тамаққа да тапсырыс бересіз. Киім де бар, дос та бар. Тіпті, арнайы кәсіби білім арттыру үшін де смартфоныңызға бірлік салсаңыз болғаны, сіз қалаған тіліңізді үйренесіз. Түрлі ас мәзірі, өсімдік, бау-бақшаны баптау, денсаулық, сұлулық құпиялары, үй жануарларының күтімі, кітапхана, құрылыс, техникамен жұмыс жасау, тарих... Тіпті өзге планетаның қыр-сырымен танысып, ғалыммен бірдей білімді болуға мүмкіндігіңіз бар. Кез келген адамды да, қажетті ақпаратты да бірнеше минутта тауып үлгересіз. Мұндай игілікті пайдалана алсаңыз жақсы. Дегенмен, азаматтардың смартфоннан бас алмауы, дүнияуи құндылықтардан алыстап кетуі де бүгінгінің қасіретіне айналып келе жатқан сияқты.

o-READING-BOOK-facebook-e1468968441320

Әлеуметтік желі және біз

Әлемді алаңдатып отырған бұл мәселе біздің елде де белең алып, түрлі жағдайларға байланысты зардап шегуде. Негізсіз, жалған ақпараттар сауатсыздықтың, діни адасудың, орынсыз сөйлеудің, әдепсіздік пен қатігездіктің белең алуына себеп болып отыр. Әлеуметтік желіге телмірген жұрт бүгінде мекемеге бару, сұрау салу, құжат рәсімдеу, арыз-шағым түсіру, жауап алу тәртібінен және өз құқықтарын тиімді пайдалану мүмкіндіктерінен хабарсыз қалуда. Мұның бәрі әдеп пен мәдениеттің жоғалуына алып баратынын біреу білсе, біреу білмес.
Смартфонға тәуелділер үшін бүгінде «Бізде ақысыз ғаламтор желісі қызмет көрсетеді», «Wi-Fi бар» деген жазулар тамақтанатын орындардың ең өтімді жарнамасына айналған. Өйткені, ғаламтор, Wi-Fi зор сұранысқа ие.

Зерттеушілер не дейді?

Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, смартфонды үнемі пайдаланудың салдарынан адамдар зардап шегуде. Америкадағы «Kleiner Perkins Caufield& Byers» компаниясының сарапшылары күніне смартфон қызметтерін пайдалануға 75 минутын жұмсаған адамда тәуелділік басталды деп есептейді.
Сарапшылар смартфонға тәуелді болуды беске бөліп қарастырады.

1. Әлеуметтік желі. Әсіресе, секунд сайын жаңа ақпарат салып отыратын Twitter мен Facebook-ты пайдалану. Ақпаратты талқылау, пікір білдіру оның бастамасы.

2. Ойындар. Күніне бірнеше рет кірмесе ұтылуға алып баратын, ойын ойнауды ескертіп тұратын бағдарламалар бар. Смартфоны қайта-қайта көңілін бөлген соң ойынға бас қойған адам үш сағатқа дейінгі уақытын алаңсыз ойынмен өткізіп алады.

3. Жеке WhatsApp, Messenger сынды чаттарда сөйлесу. Бір мезгілде бірнеше досы, танысымен, тіпті қызықты топтарда бірнеше адам болып сөйлесу де уақыттың лезде өте шыққанын сездірмейді.

4.Қаржыны реттеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар. Бүгінде ғаламтор желісі арқылы түрлі төлемдерді жасауға, ақша аударуға болады. Осындай қолжетімділікке үйренген адамдар да барлық қызметтер үшін смартфонын пайдаланатын болды.

5. Бейнероликтер көру. Спорттық жарыстарды онлайн арқылы бақылап отыру, қысқа әзілдер, кино, сериалдар мен жаңалықтарды толық қалаған уақытыңызда көру мүмкіндігі де сізді смартфоныңызға тәуелді етері сөзсіз.

 

pikir1 90Балтабек АБЛАЕВ,
ОҚО ІІД ЖПҚ-нің бастығы, полиция полконигі:

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 591 бабында «Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Соған қарамай облыс бойынша 2016 жылдың 9 айында жол қозғалысы кезінде жол-көлік оқиғасына тікелей әсер ететін 29 215 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың осы мерзімдегі көрсеткішімен салыстырғанда 3 182-ге артып отыр.
Бұдан бөлек, құлаққап киіп, телефоннан көз алмайтын жаяу жүргіншілердің іс-әрекеті де көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатқаны рас. Біздің елдің тұрғындары мен қонақтары жайлы өмір сүруі тиіс. Бүгінде облыс орталығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асырылуда. Осы орайда, әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, осы елдің азаматы ретінде аталған шараға мейлінше өз үлесін қосуы қажет.

 

pikir 90Гүлжазира ПЕРНЕБАЙ,
психолог:

– Смартфонды көпшілік ақпарат алмасу, жаңалықтарды біліп отыру үшін қарайды. Әйтсе де, мақсатсыз пайдаланатындар жетіп артылады. Бұл – тәуелділік. Алғашында пайдалы болуы мүмкін. Бірақ, әр хабарлама келген сайын ашып қарауға әдеттенген адам «смартфон ішінде» өмір сүре бастайды.
Қазір бірқатар жастарда осы смартфонды пайдалану салдарынан шаңырағы шайқалуда. Отбасылық жауапкершілікті сезініп үлгермеген жас ерлі-зайыптылар бұрынғысындай қыз-жігіттермен танысып, соңы отбасылық дау-жанжалға ұласып, кейбірі ажырасуға дейін барады.
Смартфон – жасөспірімдерді қатігездікке бейімдеуде. Смартфондағы соғыс ойындары – баланың санасына егілген қатігездіктің дәні. Міне, содан барып балалар біреуді ұрудан, соққыға жығудан қаймықпайды. Алғашқы әсерлердің бәрі смартфонда ойын ойнап отырған кезде өтті. Яғни, баланың психологиясы қатыгездікке бейімделді.

 

20161012 092910Әйгерім ОМАРШАЕВА,
офтальмолог:

– Смартфон – сананың ғана емес, денсаулықтың да жауы. Бұрын көздің көруі нашарлау тек ген арқылы ғана берілетін. Қазір әулетінде көзілдірік кию кездеспеген адамдар да смартфонның салдарынан көру мүмкіндігін әлсіретіп алуда. Смартфонды тым жақыннан ұстап ұзақ қарау көзде ақилықты қалыптастырады. Көз көруі нашарлап, миопияға ұшыратады. Әсіресе, түн қараңғылығында смартфон сәулесі көздің көру қабілетін төмендетеді. Ал енді ғана өсіп келе жатқан жас балалардың ағзасы мұндай зардаптарға төтеп бере алмайды. Кішкентайынан смартфонға үйренген балаларына есейіп, көздің көру қабілетін нашарлатып алғаннан кейін ғана ата-анасы бермеуге тырысады. Бірақ, ондағы ойынға тәуелді болған бала ескертуді қайдан ұқсын? «Түсіндіріңізші» деп бізге өтініш жасайды. Осының бәрімен кеш болғанда күрескенше, алдын алған жөн. Жылаған баланы кішкентай күнінде телефон беріп жұбатудан аулақ болу керек.

 

 

 

 

* Смартфонға тәуелділіктің басты зардабы – адамның ойы шашыраңқы жүреді. Айналысуы тиіс ісін тоқтатып, смартфонға жиі үңілудің салдарынан ойы шашырап, жұмысында көптеген қателіктердің орын алуына жол береді.

Кеннет Орвелл, психолог

iphone4* Арман болған Ямайка аралына демалуға сапарға шыққанымда смартфонымды үйде ұмытып кетіппін. Керемет болуы тиіс демалысымның бір күні үйде қалып кеткен смартфоныма алаңдаумен текке кетті. Бір күннен ары шыдамым жетпеді. Күтушіме хабарласып, жедел поштамен смартфонды жіберуін өтіндім. Сол үшін 200$-ға шығындалдым. Есесіне, смартфоным қолыма тигенде ғана демалысым басталғандай бойым жеңілдеп сала берді.

Колин Н, саяхатшы

* Кейде осы әлемдегі барлық смартфонның бір сәтте сынып қалғанын қалаймын. Адамдар қалай ғана оны бір шетке қойып, аз ғана уақыт өз балаларымен аулада ойнамайды?

11 жасар әлеуметтік желі тұтынушысы

* Шындығын айтқанда адамдар смартфонға жалқаулықтан және өмірлік мақсатының жоқтығынан тәуелді болады. Сөйтіп, екінші біреулер смартфон жасау, ондағы түрлі бағдарламаларды ойлап табу, ғаламтор мүмкіндіктерін жетілдіру арқылы қаржысын көбейтіп жатқанда, смартфонға тәуелділер «ақысыз жұмысқа жалданып, босқа шығындалу үшін» бос уақытының бәрін жұмсайды.

Сэм Ирвинг, АҚШ-тың «Телефонға тәуелділікпен күрес» қозғалысының белсенді мүшесі.

Бұл шетелдіктердің тұжырымы. Ал сіз бұл тақырыпта қандай ой түйдіңіз, оқырман?

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.