Өрісін тапқан «Procoffee»

Среда, 31 Май 2017 09:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4932 раз

Бүгінде «Procoffee» орталығы – қалалықтардың жиі бас қосатын орны. Мұнда бір шыныаяқ кофе ішуді отбасылық дәстүрге айналдырғандар да бар.

askhat-42

coffee42Алайда Қазақстанда кофе дайындайтын кәсіп иелері аз. Асхат жастығына қарамай, түрлі салада бағын сынады. Әріптес достары да осал емес. Шетінен ізденімпаз. Қаржы жинап, кәсіп ашсам деген ойын да жүзеге асырды. Бұрыннан кофе орталығын ашсам деген қызығушылығы бизнес саласына алып келді. Алғашқыда кофе атаулары мен дайындалу жолдарын жаттау оңай болған жоқ. Қазір бар қиындық артта қалды. 

Кофе орталығында Асхаттың көмекшілері жұмыс істейді. Кофе дайындайтын машиналар тұтынушылар келмес бұрын тазаланып, қайнатуға дайындалады. Кофе дәндері ірі немесе ұсақ болмауы үшін аппаратты барристер (кофе дайындаушылар) алдын ала жөндеп қояды. Сусын тұтынушыға жеткенше көптеген қолдан өтеді. Шындығында кофе дайындайтын баристер сиқыршы сияқты әсер қалдырады. Аз-кем уақыттан соң, ғажап сусын дайын болады. 

Барлық сусындар компания стандарттары бойынша жүргізіледі. Небәрі алты айда Асхат Нұрлыбаев айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Дәмді кофе шымқалалықтарға қатты ұнайды. Ғ. Іляев көшесіндегі бойынан басталған бизнес нүктелері көбейіп келеді. 0,5 көлемді стақандағы кофенің орташа бағасы 300-350 теңге аралығында.

– Біздің келушілеріміз мектеп оқушыларынан бастап, егде жастағы адамдар. Олар көбіне капуччино мен латтені жақсы көреді. Біреулер алғашқы жұмысын тауып немесе табысты келіс сөздер жүргізеді. Орталықта достар мен отбасылар жиі кездеседі, – дейді Асхат.

Орталықта кофенің 35 түрі дайындалады. «ProПучино» сынды бірнеше түрі, салқын сусындар да бар. Ол Африка елінде өсіріліп, сосын Қытайға жөнелтіледі. Сол жақта қуырылып, зертханалық тексерістен өткен соң Қазақстанға келеді. Жас кәсіпкер өзгеше дәм ойлап тапқан. Сөйтіп кофе брендін қалыптастырды.

askhat-42-1

– Талабың мен қалауың болса бәрі қолдан келеді. Кофе ішу мәдениеті бізге енді ғана келіп жатыр. Бірақ мен батыл іске кірістім. Түріне ғана емес, сапасы мен дәміне мән бердім. Тіпті орталықтың ішкі-сыртқы дизайны мен логотипін ерекше безендірдім.Өйткені бұл тұтынушылардың назарын аударуға таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ қызметкерлерімнен жауапкершілік пен ісіне мұқият болуды талап етемін. Тазалық, адалдық, әділдік сынды қасиеттерді жоғары бағалаймын. Келген тұтынушыға жылы қабақ танытып, ілтипатпен шығарып салуды да басты назарда ұстаймын. Жастық жігерімді, күш-қайратымды қаланың дамуына жұмсағым келеді. Менің ойымша, кез келген кәсіпті дөңгелетіп алып кетуге болады. Сондықтан өнім сапасын жоғары, ал бағасын арзан ұсынған дұрыс,-дейді кофе брендін қалыптастырған жігіт. 

Жас кәсіпкер алдағы уақытта бес кофе нүктесін ашуды жоспарлап отыр. Табыс мол болса, Алматы мен Астана тұрғындарына да «Procoffee»- нің өнімін ұсынбақ.

Последнее изменение Среда, 31 Май 2017 09:34
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Алақай, демалыс! Асыл мұрамызды дәріптеген »