Версия для печати

«Өрлеумен» өз кәсібіңді баста! Избранное

Четверг, 10 Август 2017 18:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4405 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Кәсібі бардың нәсібі бар» дейді қазақ. Ол рас. Істің көзін тауып, тындырымды тірлік еткеннің қашанда тұрмысы түзу, еңбегі берекелі. Бүгінгі біз қозғалалы отырған мәселе, Елбасы міндеттеген басым бағыттың бірі – өңірдегі «Өрлеу» жобасының жүзеге асуы, оның көкжиегін кеңейту. Таяуда Оңтүстікке жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Өрлеу» жобасының іске асырылу барысымен танысқан болатын. Осы сапарында министр аталған жоба негізінде жұмыстарды оң бағалай келе, әлі де болса аз қамтылған отбасыларды жобаға көптеп жұмылдыру керектігін айтқан-ды.

 

27,3 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған

Көпшілікке мәлім, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына көмек көрсету үшін ел Үкіметі шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» жобасын іске қосты. Жоба 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап пилоттық режимде барлық өңірлерге енгізілді. Жобаның басты мақсаты – кедейлік шегінен төмен табысы бар отбасылардың нақты табысын арттыру, оларды өзін-өзі қамту деңгейіне шығаруға ықпал ететін әлеуметтік оңалту еді. 

«Өрлеу» – шын мәнінде игілігі мол жоба. Бүгінде елімізде бұл жоба аясында кәсібін бастағандар жетерлік. Осы ретте «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін биыл өңірімізде 7,3 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа 126 мың адамға шартты ақшалай көмек көрсетіліп, 27,3 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде облыстың барлық аудан, қалаларында 1630 отбасыға 445 млн теңгеге шартты ақшалай көмек беріліп, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің 95,2 пайызы жұмыспен қамтылған. 

Бұл жобаға аз қамтылған отбасы қатыса алады. Бірақ ол отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы күнкөріс деңгейінен 60 пайыз төмен болуы керек. Отбасы мүшесі еңбекке жарамды болуы міндетті. Сондай-ақ жоба ұсынатын әлеуметтік келісімшартты орындауға келісім берген жағдайда қатысады. Ал уақытша еңбекке жарамсыз азаматтар, баласы 7 жасқа толмаған аналар қатыстырылмайды. Өйткені, ол бала күтіміндегі ана болып есептеледі, бірақ баласы 3 жастан асқан және балабақшаға баратын болса, қатыса береді.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметті нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің бас маманы Сандуғаш Тоқмурзинаның айтуынша, жобаға қатысушылардың көбі шалғай елдімекен тұрғындары болғандықтан, олар сұрақ туындаған сайын орталыққа келуге мүмкіндігі бола бермейді немесе қала тұрғындары жұмыстан шыға алмайды. Сол себепті жобаға қатысушы келісімшартқа отырған сәттен бастап жобаға қатысу мерзімі аяқталғанға дейін отбасыға көмекші, кеңесші тағайындалады. Қатысушы онымен кез келген уақытта хабарласып, қалаған сұрақтарына жауап ала алады.

 

Жобаға қалай қатыса алады?

Аталған жобаға қатысуға ниетті азамат өзінің тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш беруі қажет. Мұнда өтініш берудің және отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы сауалнама үлгілерін тегін алады. Қолыңызға қажетті құжаттардың тізімін ұсынады. Өтініш қабылданған соң, орталықтан құрылған арнайы комиссия өтініш беруші отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексереді. Отбасында зейнетақы алатын қария немесе жалғызбасты ана алимент алған жағдайда, сондай-ақ өзге де әлеуметтік көмек не жәрдемақы кіріс болса, барлығы есептелінеді, кейін комиссия шешім шығарады.

Шартты ақшалай көмек (ШАК) – жобаға қатысушылардың жұмыспен қамтылып, жұмысын жүргізіп кеткенше ынталандыратын ақшалай жәрдем. ШАК мөлшерi отбасының жан басына шаққандағы табысы мен күнкөрiс деңгейiнiң 60 пайызы айырмашылығына тең. Жоғарыда айтып кеткендей, бұл көмекке келісімшартты орындауға келіскендер екі түрде қол жеткізеді. Біріншісі, отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысқа орналасу керек. Мұндай жағдайда ШАК ай сайын төленеді.

Екіншісі, жұмысқа орналаспай, берілген қаржылай көмекке өзінің жеке кәсібін дөңгелету. Қажетті құрылғылар сатып алады. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығына жарата алады. Бұл кезде шартты көмек 3 айда бір рет, қайтарымсыз беріледі. ШАК-ты бұрын алынған қарыздар мен несиені төлеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсауға тыйым салынады. Жобаға қатысушы азамат орталықтың ұсынған жұмысынан шығып кетсе немесе өз кәсібін ашпай, қаржыны басқа мақсатта қаржыны жұмсаса, келісімшарт бұзылады және төленген ақшаны қайтаруға міндеттеледі. Келісімшарт 6 айға түзіледі.

 

Еңбек еткеннің еңсесі биік

«Өрлеу» бағдарламасы бойынша жаңадан өз ісін ашып, жұмыс бастағанның бірі шымкенттік Айнұр Жаманқұлова бағдарлама арқылы 462 мың теңге көлемінде қаражат алған. Ол ақшаға тігін машинасын алып, кәсібін бастап кеткен. 

– Тігін машинасын алған соң алдымен туыстарыма төсек жабдықтары мен киімдер тіге бастадым. Кейіннен тапсырыстар түсе бастады. Бес балам бар. Олардың күтімі бар, сондықтан маған үйде отырып жұмыс істеу қажеттілігі туды. Қазір отбасыма жетерлік табыс табудамын. Болашақта қасыма көмекшілер алып, ісімді өркендетсем деймін, – дейді Айнұр Жаманқұлова.

Министр Т. Дүйсенова жуырдағы Оңтүстікке келген сапарында шымкенттік тігіншінің жұмысымен танысып, өнімдерінің сапасына жоғары баға берген болатын. Көпбалалы анаға болашақта кәсібін өркендетуге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалғанын да айтты. «Сізге болашақта қасыңызда жұмысшылар алғыңыз келсе жергілікті Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, өтініш жасайсыз. Ондағылар тиісті құжаттар толтырып болған соң, «Жастар практикасымен» сізге жұмысшылар жібере алады. Оларға 6 ай көлемінде айлық мемлекет тарапынан төленеді. Алты айдан кейін «әлі де оларға айлық төлеуге шамамыз келмейді, әлеуметтік жұмысшылар керек» десеңіз 35 пайыз жалақысын мемлекет төлейді, қалғанын өзіңіз бересіз. Сонда бір жарым жыл бойы осындай жеңілдіктер ала аласыз», – деді министр.

 

Нағыз көмекке зәру азаматтарға берілуі тиіс

Осы аптада облыс әкімі Ж. Түймебаевтың төрағалығымен «Өрлеу» жобасына қатысты келелі жиын өтті. Онда бағдарлама аясында мемлекет тарапынан жасалып отырған әлеуметтік көмектер талқыға салынды. Осы жиында өңір басшысы «Өрлеу» жобасын халыққа кеңінен түсіндіру керектігін де баса айтты. 

– Аталған пилоттық жобаның іске асуына аудан, қала әкімдері мен тиісті бөлім басшылары жұмыла кірісуі тиіс. Ең бастысы, шарты ақшалай көмектер шынайы нағыз көмекке зәру азаматтарға берілгені жөн, – деді Ж. Түймебаев.

Айта кетерлік жайт, жоба негізінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі үш түрлі әлеуметтік төлемдер орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілмек. Қиын жағдайға тап болған және объективті себептерге (жасы, денсаулық жағдайы, мүгедектік және өзге әлеуметтік осалдық) байланысты азаматтарға шартсыз көмек ұсынылмақ. Бір сөзбен айтқанда, күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен тұратын аз қамтамасыз етілген азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда шартты ақшалай көмек көрсетілетін болады.

Жауапты сала мамандарының мәлімдеуінше, облыста шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемдеріне басымдық берілуде. Шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту мен жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға жұмсалатын болады. «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 454 адам жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, өз ісін ашқан. 

– 2015 жылы «Өрлеу» жобасы біздің облыста пилоттық жоба ретінде 4 аймақта яғни Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби аудандарында ендіріліп, 139 отбасыға 23 млн теңгеге шартты ақшалай көмек көрсетілді. Отбасы мүшелерінің еңбекке жарамды 167 адамы жұмыспен қамтылды. 2016 жылы «Өрлеу» жобасы облыстың барлық аудан, қалаларында ендіріліп, 1630 отбасыға 445 млн теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалды, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев.

«Өрлеу» жобасын іске асыру нәтижесінде жыл сайын өсіп тұратын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алушылардың саны 7,8 пайызға төмендеп, 59 мың отбасыны құраған. Бүгінде шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары 3,3 есеге артып отыр.

Биыл өңірімізде «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін 7,3 млрд теңге бөлінді.

Последнее изменение Четверг, 10 Август 2017 18:06
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.