СУИЦИД оған не себеп? Избранное

Среда, 11 Апрель 2018 04:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4998 раз

1. Дерт пе, қиыншылық па?
2. Бала «белгі» береді
3. Қайтпек керек?


Шымкентте жасөспірімдердің өз өзіне қол жұмсау дерегі азаймай тұр. Мәселен, 2017 жылы 7 суицидтік жағдай тіркелсе, биылғы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында шымкенттік 8 оқушы жантүршігерлік қадамға барып, төртеуі өмірмен қоштасты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан Орта Азия елдері арасында суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. Шынтуайтында, жасөспірімдердің өлімге асығуына не себеп?

 

70 пайызының жүйке жүйесінде өзгеріс бар

Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Сәдібек Пазылбеков өз-өзіне қол жұмсау ұлтымызда болмаған кесел екенін айтады. Оқытушы – Шымшаһарда 1994-2003 жылдары белең алған суицид дертінің себептерін зерттеген маман. 

– Тәуелсіздік алып, нарықтық экономика өтіп, жұмыссыздық, жоқшылық басталған жылдарда халықтың жүйкесі сыр бере бастады. Әйелдерге қарағанда ерлер арасында өзіне-өзі қол жұмсағандар саны 4 есеге артты. Сол кезде 800 мың халқы бар Шымкент қаласында 690 адам асылу арқылы өз өмірін қиған. Бұл – сот сараптама құжаттарының тіркелуі бойынша анықталған статистика ғана. Сол уақытта зерттеу нәтижесінде өзіне қол жұмсаудың 41% белгісіз, 18% жан ауруынан, 18% тұрмыстық қайғылардан, 6% құмарлықтан орын алса, қалған аз пайызын ақша жоғалту, өмірге тойыну секілді жағдайлар құрағаны анықталды, – дейді Сәдібек Пазылбеков.

Доцент қазіргі таңда жасөспірімдердің 70%-ның жүйке жүйесінде өзгерістер бар екенін айтады. Оқытушы мұның себебін жаһандану кезіндегі ақпарат легінің шамадан тыс келуімен түсіндіреді.

– Әлеуметтік желілер, интернеттегі жағымсыз дүниелер жүйкеге ауыр салмақ салады. Жастардың көбісі қазір артық әңгімені ұнатпайды, агрессивті. Ата-анасының «жоқ» деген бір ауыз сөзін ауыр қабылдап, өмірден түңілуге бейім. Мұны ауруға жатқызуға болады. Олармен жұмыс істейтін маман – психологтар. Қаламызда кәсіби психологтар жоқтың қасы. Мектептегі психологтар суицид дертіне бейім балаларды анықтайтын тесттің қарапайым әдістерін білмейді. Егер мектептегі жауапты мамандар сауатты болса, мұншалықты жағдайға жетпес пе едік, – дейді ұстаз.

Маманның айтуынша, өлімге асығатындар көбінесе жүйке ауруына шалдыққандар, олар депрессияға ұшырағандықтан, өмірге үмітсіздікпен қарайды екен. Сондықтан, баланың бойында аурудың белгілері байқалғанда психологтың көмегіне жүгіну қажет. Ал облысымыздың бас суицидологы Наушарман Боранбаева науқасқа шалдыққан балалардағы кеселдің белгілерін алдын ала байқауға болатынын айтады.

shymkala28-1

Бала байбаламын «өлім» арқылы жеткізгісі келеді

– Қазіргі таңда өзіне-өзі қол салу біржақты патологиялық тұрғыдан қарастырылмайды. Жасөспірімдердің 10 пайызы шынайы өлгісі келсе, 90 пайызы көмекке шақырған жан-айқайы болып есептеледі. Балалардың бақытсыздығына, олардың өз-өзіне қол салу әрекеттеріне баруына көп жағдайда отбасындағы жайсыздық пен мектептегі түсінбеушіліктің салдарынан болады. Балаларға жай ғана киімін, тамағын тауып беру аз, олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Ал әке-шеше өз дәрежесінде көңіл бөлмейтін бала ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық стреске тап болады. Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез-келген нәрсені жүрегіне тез қабылдағыш келеді. Түсіністік болмаған жағдайда осы жастағы балалар түрлі жағдайларға ұрынады, – дейді бас суицидолог.

Маманның дерегінше, дәл қазіргі таңда орын алып жатқан суицидтің 69,0% - белгісіз, 23,9% - отбасындағы жанжалға байланысты туындайды екен. Жасөспірімдік өтпелі кезеңнің дағдарысынан туындайтын баланың ішкі күйзелісінен, ата-анасына сырын айта алмауынан, өзін қамқорсыз сезінуінен осы қадамға баратын көрінеді. 

Сондықтан балаға қашан да ата-ананың түсіністігі мен арнайы маманның көмегі қажет. Осы бағытта мектеп мұғалімдері мен психологтары баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылап, аңғара отырып, олармен жұмысты жандандыра түсуі тиіс дегенді айтады жауапты маман.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мониторинг жүргізгенде суицид оқиғалары Шымкент қаласында, Сайрам, Мақтаарал және Қазығұрт аудандарында көбірек байқалған.

 

Суицидке қарсы жаңа бағдарлама іске қосылды

Екі айдың ішінде 6 оқушының өзін өлімге итермелегені білім саласының бас ауруына айналғаны жасырын емес. Сондықтан қазір сала мамандары жағдайдың мән-жайын зерделеуді қолға алып, тығырықтан шығудың жолдарын қарастыруда.

Осы мақсатта қалалық білім бөлімінің мамандары суицидтің алдын алу үшін ата-аналар арасында арнайы сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқан 3500 оқушының ата-анасы «Балаңызды үнемі қадағалайсыз ба?» деген сұраққа 49 пайызы «Үнемі емес» деп, ал «Үйдегі кикілжіңге балаларыңыз куә бола ма?» дегенге 57 пайызы «Ия» деп жауап берген. Баласының ұялы телефонын қаншалықты қадағалайтыны жөнінде 28 пайызы қадағаламайтынын жеткізген. Ал 82 пайызы өз перзентіне тиесілі телефонның паролін де білмейтінін айтыпты. Және осы оқушылардың 68 пайызы смартфон ұстайтыны анықталып отыр. 

– Білім ұяларында оқушылардың өз-өзіне қол салған оқиғалардың барлығы жан-жақты зерделенді. Нәтижесінде ата-аналардың балаларын қадағалауы, бақылау жасауының төмендігі және тұрмыстық жағдайдың нашарлығы да әсер еткені анықталды. Әлімжеттіктік, ақша бопсалау салдарынан орын алған бір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүруде, – деді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева. 

Қаланың бас ұстазы бұл тұрғыда мектеп психологтарының біліксіздігін жасырмады. – Жоғарғы оқу орындарында психолог мамандарды даярлап жатқанына енді 2 жыл болды. Осы кезге дейін білім мекемелеріндегі психологтар сырттай оқыған не болмаса бастауыш сыныптың педагогикасы мен психологиясы мамандығын меңгерген мамандар болды. Сондықтан психологтардың жұмыс істеудегі кәсіби біліктілігі өз деңгейінде деп айтуға болмайды. Қазір осы бағытта да жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ж. Арысбекқызы.

Жуырда мәселені шешудің бір тетігі ретінде қалалық білім бөлімі «Bilim Foundation» қоғамдық қорымен бірлесіп, жаңа жобаны іске қосты. «Жасөсіпірімдердің өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» атты бағдарлама 7 бағыт бойынша жұмыс істемек. Мұнда қала мектептеріндегі әр оқушының әлеуметтік жағдайы зерделеніп, олар туралы мәліметтер жинақталады. Бұдан бөлек психологтардың біліктілігін көтеру және балаларға сабақ беретін педагогтардың психологиялық жағдайы сарапқа салынады. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану жолдары қарастырылып, ата-аналармен жұмыс күшеймек. 

 

Сенім телефонына хабарлас

Адамдардың өз еркімен өмірін қию проблемасын дәрігерлер, психологтар, психотерапевтер мен ғалымдардың зерттеп келе жатқанына аз уақыт болған жоқ. Бұл туралы зерттеу жүргізіліп, монографиялар, кітаптар жазып, тіпті, мотивациялық сабақтар өткізуде. Бұлар балаларға қаншалықты көмегін тигізіп жатыр? Жан күйзелісін сыртқа шығармай, жанталаса күн кешіп жүргенде кімнен көмек сұрауға болады? Қол жеткізген ақпаратымыздың бірі – Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерга арналған «111» ұлттық сенім телефоны жұмыс істейтінін анықтадық. Бұл телефонға еліміздің кез келген түкпірінен, кез келген уақытта хабарласуға және кеңес алуға болады. 

– Сенім телефонына күніне 100-ден астам қоңырау түседі, мұнда 42 маман қызмет етеді. Бізге түскен шағымдарды саралағанда 16-17 жастағы жеткіншектер көбіне жалғыздықтан күйзелетінін, үлкендерден ешкімнің көңіл бөлмейтінін, сосын өмірмен қоштасқысы келетінін айтады. ҰБТ-дан өте алмағанда, махаббаттан жолы болмағанда өзіне қол жұмсағысы келеді. Қоңыраулардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысынан түседі. Жақында ғана осы өңірден бір қыз хабарласып, дайындық тестіне өте алмауынан осы жағдайға барғысы келетінін айтты. Тез арада құқық қорғау, төтенше жағдай, білім қызметкерлеріне хабарласып, ата-анасын тауып, психологтарымыз қызды райынан қайтарды, – дейді орталықтың басшысы Ысқақ Қашқынбаев.

2017 жылы сенім телефонына республика бойынша 223 мың қоңырау түссе, оның 87 856-на нақты көмек көрсетілген. 

Суицид – әлемді алаңдатып отырған кесел. Баласының көктей солып, жұмбақ өліммен кете баруы ата-анаға оңай тимесі анық. Психикалық ауру дегенімен бүгінде толыққанды отбасыдан шығып, ортасында үлгілі болып жүрген оқушылардың өздері де қатерге ілігуде. Мамандар суицидке баратын балалардың 4 ай бойы дайындалатын айтып отыр. Бірінші айда бала күйзелісте жүрсе, кейін содан шығатын жол іздейтін көрінеді. Тығырықтан шыға алмағанда суициалды жоспар жасайды екен. Ата-аналарға баланың бойындағы қауіпті, осынау белгілердің бар-жоғын байқап жүріңіздер дейді мамандар. Себебі, бұл кеселмен қоғам болып күрескенімен, балаңызға ең алдымен көмек беретін өзіңіз ғана.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.