Версия для печати

Шетелден келген шер Избранное

Среда, 25 Апрель 2018 05:24 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4497 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

немесе қызанақ күйесі Оңтүстік шаруаларына қауіп төндіруде

Биыл Оңтүстік шаруаларында маза жоқ. Өңірдегі бірқатар егіс алқаптары мен жылыжайларда Америкалық қызанақ күйесі анықталып, жылдағы аста-төк қызанаққа қол жетпеді. Соның салдарынан базардағы баға да көз қуантарлықтай емес. Төмен бағада сатылатын базарлардың өзінде былтырғы жылмен салыстырғанда 50-100 теңгеге қымбат (1 кг 400-500 тг). Оның үстіне тісің тисе порт жарылып, тілі дәм үйіретін сулы қызанақ та жоқтың қасы. Саудагерлердің айтуынша "Шымкенттікі деп" арзан сатылып жатқан қызанақтар Қытайдан алып келінетін көрінеді. Ал Өзбекстаннан әкелінетіндер 750 теңгеге дейін қымбаттаған.


minirujushhie-moli-animalereader

Оңтүстік өңірі диханшылыққа қолайлы аймақ. Шаруаға бейім жұрт жер жыртып, егін еккенді, жеміс-жидек теріп, көкөніс өсіргенді құп көреді. Дегенмен, соңғы жылдары күнгейліктердің негізгі табыс көзі саналатын қызанаққа күйе көбелегі түсіп, шаруаларды әуре сарсаңға салуда. Зиянкес қараусыз қалған бірнеше гектар көкөністі 1-2 апта ішінде жарамсыз етуге қауқарлы. Мамандар күйе көбелегімен химиялық немесе биологиялық тәсілмен ғана емес, кешенді түрде де күресу керектігін айтуда.

shymkala-32-8– Елімізде зиянкестермен күресу үшін жаңа препараттар шығарылып жатыр. Қазіргі таңда тіркеуден өтуде. Соның ішінде кораген, спенозад, дельтаметрина деген дәрілер жиі қолданылады. Алайда бұл дәрілердің бағалары қымбат. Сол үшін фермерлер тексерілмеген препараттарды қолданады. Ал ол препараттар уақытша ғана әсер беруі мүмкін. Оған зиянкестер тез үйреніп алады. Сөйтіп дәрілердің күші білінбей қалады, – дейді Қазақ картоп және көкөніс ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Серік Жантасов. 

Кәсіпкерлер еккен қызанақтар бәсекеге қабілетті және бағасы төмен болуы үшін түрлі дәрі-дәрмектерді пайдаланатыны белгілі. Ал ол көкөніске айтарлықтай зиянын тигізеді. Ғалымдар дәрілерді пайдалану тәртібі мен мөлшері бар екенін айтуда. Мәселен, 30 күнде бір рет шашылатын жерге, аптасына шашатын болса айтарлықтай зиян келтіреді. Дәрі өнімнің ішінде қалып қояды. 

novy-skudce-rajcat-makadlovkatuta-absoluta-7

Ондай жағдайларды болдырмау үшін зиянкестерді агротехникалық жолмен де залалсыздандыру керек. Ол үшін зиян тиген өсімдік қалдықтарын жерге тастамай, топырақты терең қопсытып жырту, алқа тұқымдас арамшөптерді жою, жылыжайда екі есік орнату, жарық ұстағыштарды пайдалану, жерді құнарландырып отыру тиіс. 

Жалпы қызанақ күйесі Оңтүстік Америкада пайда болған. 2006 жылы Испанияда байқалып, Еуропаға тараған. Ал елімізде алғаш рет 2015 жылы ОҚО, Сарыағаш қаласындағы Біртілек ауылында анықталды. Қанаты шашақты, түсі қара-сұр көбелек көкөністің жапырақтары мен сабақтарын жеп, өнімді тесіп тастайды. Қызанақпен қатар тәтті бұрыш, картоп, баялды және декоративті өсімдіктерді де 100 пайызға дейін жарамсыз етеді. Жарық жылыжайда 24-30 күн өмір сүрсе, ашық жерде 30-40 күнге дейін өсіп дамиды. Бір жылда 10 ұрпақ жібереді. Әр көбелек 300 жұмыртқа салады. 

shymkala-32-6– 2008 жылдан бастап жылыжайда қияр мен қызанақ егумен айналысамыз. Аумағы 1 гектар 10 соттық. Ал қызанақ күйесімен күрес 2015 жылы басталды. Жыл аяғына қарай күшейді. 1 жылдан соң онымен қалай күресу керектігін үйрендік. Қазір бізде зиянкестерге арналған қақпандар бар. Соларды қойып ұстаймыз. Терамондар бар. Оларды ұстап мониторинг жасаймыз. Кейін оларды кораген, авант деген дәрілермен өңдейміз. Дәрілерді уақылы қолданса, онымен күресу оңай болады. Ең бастысы егістіктегі зиянкестерді көзден жіберіп алмау керек. Профилактикалық жұмыстар жүргізіп отыру қажет, – дейді кәсіпкер Мұхамедәли Артурходжаев. 

Аталған зиянкес түп-тамырымен жойылмайды. Өйткені, ол Оңтүстік Америкадан келген. Сондықтан бұл жерлерде зиянкестермен табиғи түрде күресетін, оған қарсы шығатын жауы жоқ. Онымен күресу үшін Оңтүстік Америкадағы табиғи жауларын тауып, осы өлкеге алып келу керек. 

Sнntomas del ataque de Tuta absoluta en fruto

Қызанақ күйесі өнімнің көшетінен және қорабынан жұғады. Қазіргі таңда әлемнің барлық жеріне тарап үлгерген. Тек АҚШ пен Қытайда мүлде жоқ. Ал Қазақстанға көрші Өзбекстаннан келіпті. Әзірге еліміздің Оңтүстік өңірінде ғана кездеседі. Шымкентте сәуір айынан бері 13 жылыжай тексеріліп, оның 6-да зиянкес анықталған. Егер залалсыздандыру жұмыстарын тезірек қолға алмаса, оңтүстіктен бүкіл аймаққа тарайды. Мамандар қызанақ күйесінің зардабы айтарлықтай қауіпті болғандықтан, өнімнің бағасына да әсер ететінін алға тартып отыр.

shymkala-32-7– Зиянкестермен күресу үшін авант, матч, кораген, децис деген арнайы дәрілер ұсынылып отыр. Кәсіпкер немесе диханшы әкелінген көшеттерге тексеру жүргізуі керек. Бұл тегін жүргізіледі. Әрбір көшеттің құжаттары бар-жоғын қадағалып, залалсыз екеніне көз жеткізу тиіс. Күмәнданған жағдай болса 55-11-74 нөміріне хабарласып, алдын алу жұмыстары, күресу жолдары жөнінде және тағы басқа кеңестер алуға болады, – дейді Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы Күлзира Қожымбетова. 

Осы орайда, белгіленген мерзімде залалсыздандыру жұмысын жүргізбеген шаруалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айта кеткен жөн. Қазіргі таңда аталған зиянкестермен күресу үшін министрлік тарапынан арнайы бағдарлама дайындалып жатыр. Бағдарлама сәтті жүзеге асатын болса, кәсіпкерлер дәрі-дәрмекті жеңілдікпен алу мүмкіндігіне ие болады. Міне сонда Оңтүстікте қызанақ бағасы арзандап, сапалы өнімге қол жеткізіп қалармыз.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.