"Менің кәсібім" – менің нәсібім Избранное

Среда, 04 Декабрь 2019 04:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 8953 раз

Ынта болса, мақсат болса, бүгінде өз кәсібіңізді ашуға толық жағдай бар. Осындай талапты азаматтың бірі Қайрат  Жауғаш отбасылық кәсіпті бастады. 4 баласының 3-уі мүмкіндігі шектеулі. Жұбайы Мадина Тайжанова екеуі жағдайын жақсарту үшін дүңгіршек ашып, іске кірісті. Тәтті тоқаш, самса, тауық етін пісіріп, сатуды қолға алды. Әрекет етті, қолдайтындар да табыла кетті. Жуырда ғана республикалық «Менің кәсібім» жобасы бойынша кондитерлік тағамдар пісіретін қажетті құралдарға қолы жетті. Қайырымды жандардың арқасында.

3052

 

Талаптыға кәсіп те басын иеді

«Менің кәсібім» республикалық әлеуметтік жобасы – қала тұрғындарына өз үйінде кәсібін ашуға зор мүмкіндік. Аталған жобаны Шымкент қаласының әкімі Ерлан
Айтаханов та қолдап, игілікті шара жүзеге асуда. Жалпы, бағдарламаға қатысуға Шымкент қаласынан 23 отбасы тіркелген. Жобаның мақсаты – табысы аз, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандарға кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және өз ісін ашуға қолдау көрсету.
– Мемлекет көңіл бөліп жатқаннан кейін біз де кәсіп бастауға ниеттендік. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 3 ай арнайы курста оқып, 1 ай іс-тәжірибеден өттім. Өзімнің жобамды қала әкімдігіне ұсынып едім, олар да қолдады. Тегін жер берді. «Атамекен» палатасы арқылы алған мемлекеттік грантқа осы дүңгіршекті тұрғыздық. Әрбір тиынымызды мақсатты жұмсадық. Бұған дейін көше бойында көже, самса пісіріп саттық. Келіншегім дайындап береді, мен сатамын. Уақыт сәтімен осы дүңгіршекті ашуға қол жеткіздік, – дейді отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейткен Қайрат Жауғаш.
Ол 419 835 теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алған. Барлық жинаған қаражатына дүңгіршекті 3 айдың ішінде тұрғызыпты.
Жұбайы Мадина да кәсіпке икемі бар. Кондитерлік тағамдарды дәмді пісіреді. «Дүңгіршек үйге жақын. Бала-шағаға жүгіріп бара қоямыз. Алдағы мақсатымыз осы кәсібімізді дөңгелете беру», – дейді көңілін қуаныш кернеген Қайрат. Талпынған жанды қолдайтындар да табылатынын түсінген.
Мінекей, іздегенге сұраған дегендей «Менің кәсібім» жобасы аясында қайырымды азаматтар тауық етін пісіруге арналған аппаратты сыйға тартты. Қайрат пен Мадина атаулы әлеуметтік көмекті дұрыс пайдаланып, әрі қарай кәсібін дамытып, отбасының жағдайын жақсартып отыр.

307


Осы бағдарлама аясында жеке кәсібін ашқандардың бірі – көпбалалы ана Аманкүл Пірімбетова. Өзі жалғызбасты, 5 баласы бар. Ол да мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке (1 айға 122 325 теңге) қол жеткізген.
Өзі жеті жыл көлік жуу салонында жұмыс істеген. Көлік жуу ісінің де өз ерекшелігі бар екенін меңгерді. Енді өз алдына жеке автожуу салонын ашып, кәсібін жүргізуге мүмкіндік алды. Құрбысы Нұрсила Мұратбекқызымен бірге сервистік қызмет көрсету ісін дамытпақ. Қаланың қайырымды азаматтары екі азаматшаға көлік жууға қажетті барлық құрал-жабдықтарды сатып әперді.
Мадина Пірімбетова да бүгінде «Атамекен» палатасында дәріс алып, қазіргі таңда грант алу үшін конкурсқа құжаттарын тапсырыпты.

«Басты мақсат – кәсіпке ынталандыру»

Республикалық «Менің кәсібім» жобасының жетекшісі Айжани Нұрланова, қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр, аудан әкімдігінің мамандары таяуда жоғарыда аттары аталған азаматтармен жүздесіп, құрал-жабдықтарды тарту етті. Ербол  Әбілқайырұлы кәсібін бастаушыларға мемлекеттік саясатты түсіндіріп, бағыт-бағдар берді. Қалада бұл бағдарлама биыл бірінші рет жүргізілуде.
– Жобаны қаржыландыратын – кәсіпкерлер. Мемлекет тарапынан бұл жобаға ешқандай қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мұндағы басты мақсат – кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпке ынталандыру. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану керек. Әр әдам өзін жұмыспен қамтуға талпынуы керек. Аталған жоба қоғамдағы қайырымды азаматтардың арқасында жүзеге асуда. Үлкен кәсібі бар азаматтар өтінішімізді қолдады. Біз ақшалай материалдық көмек берсек, оны жаратып жіберуі мүмкін. Сол себепті де кәсібін бастауға қажетті заттарды әперуді дұрыс деп шештік, – дейді қала әкімінің орынбасары.

308


Жұмыс істеймін деген адамдарға барлық мүмкіндік бар. «Менің кәсібім» – кәсібін бастауға ниеттенген азаматтар үшін өте сәтті жоба.
Әкімдіктің қолдауының арқасында қаладағы көпбалалы отбасылар осылайша әлеуметтік жағдайын жақсартпақ. Жобаның негізгі мақсаты да осы. Әлеуметтік маңызды жоба ҚР Премьер-Министрінің тікелей бақылауында тұрғанын айта кеткен жөн. Енді әрі қарай шаруасын дөңгелетіп әкету кәсіпкердің өзіне байланысты. 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.