Пандемияда инфодемия қаншалықты қауіпті?

Четверг, 02 Июль 2020 06:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 443 раз

WhatsApp Image 2020-07-02 at 11.45.11

Елімізде пандемия кезінде ғаламторда шындыққа жанаспайтын ақпараттар легі толастар емес. Бастапқы кезде коронавирустың жоқтығын айтса, соңғы уақыттары пневмония, ЖРВИ емдеуге байланысты түрлі шындыққа жанаспайтын ақпараттар, қисынсыз болжамдар таралып жатыр. Бұл онсызда үрей құшағындағы адамзат үшін жығылған үстіне жұдырық болуда.
Ел-жұрттың үрейін ұшыратын жалған ақпараттар легі бүгінде инфодемия деген атауға ие болған. Қолданысқа жаңадан енген термин қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе болып тұр. Сарапшылар пандемия секілді инфодемияның да қауіптілігіне алаңдаулы.
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Turkіstan open mеdіa-2020» форумында инфодемия тақырыбы талқыға түсті. «Пандемия тұсындағы инфодемияның бүгіні және ертеңі» тақырыбында өткен онлайн іс-шараны
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай ашып берді.
– Бүкіл әлем бойынша мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық порталдар, әлеуметтік желілердегі миллиондаған қолданушылардың коронавирус жайлы түрлі ақпарат таратуы инфодемияның асқынған түрін білдіреді. Сондықтан да жалған ақпараттар тасқынын сарапшылар эпидемия, пандемияға ұқсастырып отыр, - деді Ғ.Елшібай.
Мамандардың айтуынша, жалған ақпараттың таралуын тоқтату – талай адамның өмірін сақтап қалуға әсер етеді. Себебі, инфодемияға арбалған адам түбі депрессияға ұшырайды да өмірден түңіледі, үмітсіздік пайда болады. Екіншіден, коронавирустың таралуын шектеуге бағытталған шараларын сақтауға құлықсыздық танытады.
Онлайн-форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден аса сала мамандары қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, блогерлермен қатар форумға депутаттар, дәрігерлер, санитариялық саланың өкілдері де өз пікірлерін ортаға салды.
Сөз алған спикерлердің арасында Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай да болды.
–Пандемия мен инфодемия – нағыз бүгінгі күннің тақырыбы. Жалпы, қазір журналистика – қоғамның айнасы. Ақпарат құралы ұжымның насихатшысы, ұйымдастырушы деген анықтамалардың бәрі ескірген. Меніңше, масс-медиа оқырмандарды, көрермендерді қалыптастыруға қызмет етеді. Соған сәйкес ақпарат құралдары таратқан өнімнің сапасы өте жоғары деңгейде болуы тиі», - деді Д.Мыңбай.
Тексерілмеген, қате ақпараттың қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін екенін денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтып өтті. Сондай-ақ ол журналистердің жеке басының қауіпсіздігін сақтау қажет екенін ескертті.
Инфодемияның басты көрінісі – тексерілмеген ақпаратты тарату. Бұл ретте әрбір журналист немесе блогер коронавирусқа қатысты қандай да материал, пост жазатын болса, әрдайым жауапкершілік мәселесін ойда ұстауы тиіс. Бұл медиатренер, журналист Жұлдыз Әбілданың пікірі.
– Коронавирустың емі ретінде әлдебір дәрілердің аттарын атаған ақпарат құралдары да кездеседі. Алайда бұл дәрі тек ауыр халде жатқан науқастарға ғана қолданылады. Журналист мұндай ақпараттарды таратар кезде сарапшылардың, дәрігерлердің пікіріне жүгінгені жөн, - деді Ж.Әбілда.
Форумда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – коронавирус кезеңіндегі журналистердің қауіпсіздігі. Өкінішке қарай елімізде бірқатар әріп-тестеріміздің кәсіби міндеттерін орындау барысында осы қатерлі індетті жұқтырып алғанына қатысты ақпараттар тарады. Жалпы, журналист COVІD-19 тақырыбымен қалай жұмыс істеуі керек, қалай ізденгені жөн, қай мәселеге көбірек назар аударуы тиіс? Бұл сұрақтар да форумда кеңінен талқыланды

Последнее изменение Четверг, 02 Июль 2020 06:52
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.