Қауын-қарбыздан қауіп жоқ Избранное

Вторник, 14 Июль 2020 18:46 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3102 раз

190813170104352e

Шілде басталмай, сауда орындары мен базарларда бау-бақша өнімдерінің саудасы қызды. Тіпті көшелердің бойында да қауын-қарбызды көлікке тиеп сатып жатқандар аз емес. Қай-қайсысының да бағасы былтырғымен салыстырғанда қымбаттау. Қарбыздың келісі базарларда 50-55 теңге, қауын - 90 теңгеден сатылуда. Бірақ көпшілік бағамен санасып жатқан жоқ. Індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, шөл басатын әуес асқа тәбеті тартқандар одан дәм татуға асығуда.

Негізі оңтүстікте бақша өнімдері маусымның ортасына қарай піседі. Шілдеден бастап, олар жергілікті сауда орындарына шығарылады. Қазір жеміс-жидек пен көкөністің саудасы қызып тұрған кез. Десе де, бау-бақша өнімдерінің сапасына алаңдаушылық білдіретіндер де жоқ емес. Сатылып жатқан қауын-қарбыз нитраттан қаншалықты таза? Адам денсаулығына зиянды әсері жоқ па деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Базар және баға

Шымкенттегі көпшілік-тің аяғы басылмайтын «Қазыбек би» әмбебап базарына келдік. Шілденің күні күйіп тұр. Бірақ базардағы сауда аптап ыстықтан бетер қызып жатыр. Көліктерімен қаз-қатар тізіліп, қауын-қарбыз сатып тұрғандардың дені бұл өнімдердің негізінен Түркістан, Жетісай, Шардара жақтан әкелінгенін айтады.
– Шымкенттің тұрғынымын. Қауын-қарбызды Түркістаннан әкелемін. Биыл да нарықтағы бағасы адамдарға қолжетімді. Әйткенмен қауынның бағасы жылдағыдан сәл қымбаттау. Алғашқы сатылым кезінде көпшілік сапасына күдікпен қарады. Бірақ қазіргі кезде пісіп жатқан өнімдердің денсаулыққа зияны жоқ. Тұтынған адамдар алғыс айтпаса, шағым түсірмейді, - дейді сатушы Руслан Жарылқасын.
Көтерме базар болғандықтан бау-бақша өнімдерін саудалаушылардың қатары аз емес. Олардың кейбірімен тілдесіп көрдік. Алайда біраз тұтынушы қауын-қарбыздың сапасына көңілі толмайтынын да айтты.
– Бала кезіміздегі қауын-қарбыз жоқ қой қазір. Тәттілігі таңдайыңнан кетпейтін, қарбыздың бір тілімін жесең, шөлің басылатын. Қауындар да шекер татып тұратын еді. Қазіргі қарбыздың дәмі жоқ. Себебі құрамында тыңайтқышы көп, - дейді қала тұрғыны Әбдіразақ Жүсіпұлы.
Ал зейнеткер Маржан Бейсенова сатылымдағы қауын-қарбыздар денсаулыққа қауіпті деп санайды. Өзі бұл өнімдердің ешқайсысын әзірге алмайтынын, немерелеріне де жегізбейтінін айтады.
Десек те сатушылар бақша өнімдерінің сәуір-мамыр айларында тыңайтқыштың күшімен пісетінін жасырмады. Ал жаз мезгілінде оның сапасынан қорқудың қажеті жоқ дейді.

Өнім сапаға сай ма?

Базарлардағы сапаны бақылаушы мамандар көкөніс өнімдерін саудаға шығармас бұрын зертханаларда сынама алынатынын айтады. Сондай сынаманың нәтижесінде Айна базарында екі жүк көлігіндегі қарбыздан нитрат мөлшері шамадан көп екендігі анықталып, сатуға тыйым салыныпты. Ал «Қазыбек» әмбебап базарында осындай себеппен үш жүк көлігіндегі қауын-қарбыздың «көзі жойылған».
Еңбекші ауданы бойынша Тауарлардың сапасын сақтау басқармасының маманы Азамат Әбдікәрімұлының айтуынша, департамент мамандарының тарапынан бұрынғыдай сауда орындары мен базарлардағы өнімдер жоспарлы түрде тексерілмейді. Себебі, 2018 жылдың маусым айынан бастап, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланған. Тек тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым ескеріледі. Алайда бүгінге дейін түскен шағым болмапты.

 

top 0afc35a1689c61ffc66ff325d43e6082

 

Мамандар не дейді?

Қауын-қарбызды сатып аларда нені ескеру керек?
Бау-бақша өнімдерін тұтынғанда гигиеналық тазалықты қатаң сақтаған жөн. Мысалы, сатып аларда дақылдың сыртын мұқият тексеріп, үйге әкелген соң, жақсылап жуу керек. Қабықтарында артық сызат, жарық болмауы тиіс. Тілінгені де керек емес. Себебі, онда нитраттар жиналуы мүмкін. Мұндайда әсіресе, сәбилер улануға бейім келеді.
Қауын-қарбыз көлеңкелі орындарда, жерден 20 сантиметр биіктікте сақталуы қажет. Сондықтан көше бойындағы өнімдерді алуға құмартпаңыз. Оның үстіне, көліктен шығатын газ сіңіп қалуы мүмкін. Ал тоңазытқышта қауынды бір күннен артық сақтауға болмайды, дейді мамандар.
Әрине, уақытымен пісіп, дәмі тіл үйіретін қауын, қарбыздың адам ағзасына пайдасы көп. Ми белсенділігін арттырады. Артық салмақтан арылтады. Холестеринді түсіреді. Қуық пен бүйректің қабынуын басады. Бауырды тазалайды. Күніне екі келі қарбыз жеу қаназдықтан құтқарады екен. Алайда бақшалық бұл өнімдерді сатып аларда оның сапасы мен дәміне мән берген жөн.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.