Версия для печати

Мемлекет үшін маңызды науқан Избранное

Пятница, 23 Октябрь 2020 04:22 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2111 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қатерлі сүт безі ісігінің алдын алу, қауіпті дертті анықтап ерте диагностикалау және осындай аурумен дер кезінде күресуге халықты шақыру мақсатында 17-24 қазан аралығында Шымкент қалалық онкологиялық орталығында «Ашық есік күндері» өтіп жатыр.

809

 

Мамандардың сөзіне сүйенсек, омырау безінің қатерлі ісігі дамыған және дамушы елдердегі жалпы рак ауруының ең көп таралған түрі. Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ жыл сайын әлемде бір жарым миллионға жуық әйелден қатерлі сүт безі анықталса, соның кемі жарты миллиондайы осы дерттен көз жұмады екен. Әсіресе табысы төмен, халқының тұрмыстық жағдайы нашар болып келетін мемлекеттерде, соңғы жылдардың статистикасына сәйкес, аталған ауруға шалдыққандардың сан жағынан көрсеткіштері өскен. Мамандар қатерлі дерттің өршіп әйелдер арасында бұлайша тез таралуына бірнеше себепті алға тартады. Аурудың белең алуына басты себептің бірі адамдардың батыстық өмір салтына көбірек еліктеуінен, соңғы уақыттағы урбанизациялық процестердің күшейе түсуінен және өмір сүру ұзақтығының артуынан болуда. Дегенмен бұл да нақты дәйек емес, өйткені қатерлі дерттің неден пайда болатыны туралы әлі күнге дейін ешқандай ғылыми-медициналық дәлелдеме жоқ. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтау қатерлі сүт безі ісігін емдеудің әзірге ең тиімді тәсілі болып қала бермек. Дәрігерлердің айтуынша егер қатерлі сүт безі ерте анықталса, диагнозы дәл қойылса және емдеу шарасы тезірек қолса алынса қатерлі дерттен толықтай жазылып шығуға мүмкіндік көбірек болады.
Керісінше науқас өзінің қатерлі сүт безі ауруына шалдыққанын кеш білсе, одан айығудың мүмкіндіктері де азая түседі. Ондай уақытта қабылдаған дәрілер мен емдік шаралардың нәтижесі мен тиімділігі өте төмен болады. Егер науқас ауруды өткізіп алса ондай жағдайда оған дертті жеңілдету үшін паллиативтік көмек көрсетіледі. Қатерлі сүт безінен өлім-жітімнің көпшілігі орташа дамыған елдерде болады. Себебі мұнда медициналық қызмет сапасы төмен деңгейде болғандықтан және халықтың құлағына қатерлі дерттің қасіреті жайлы жан-жақты әрі дұрыс ақпарат жетпегендіктен әйелдер арасында осы аурудан көз жұматындар саны көп. Соның кесірінен тұрмыс деңгейі нашар елдерде қыз-келіншектер медициналық көмекке өте кеш жүгінеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның ұлттық онкологиялық жоспарларын түзуге, сүт безі қатерлі ісігіне қарсы кешенді бағдарламалар әзірлеуге қолұшын созуда. Осыған сәйкес елімізде әйелдердің сүт безін ерте анықтау мәселесіне, яғни клиникалық сараптама жүргізуге баса назар аударылып жатыр. Маммография бұл скринингтің қымбат түріне жатады. Мұндай анализдік талдауларды тек медициналық инфрақұрылымы дамыған мемлекеттер ғана жүргізе алады. Құдайға шүкір біздің еліміз онкологиялық сүт безінің ауруын анықтап, емдеуде көптеген елдермен салыстырғанда медициналық қызмет сапасы көш ілгері.
Шымкент қалалық онкологиялық орталығында өтіп жатқан «Ашық есік күні» науқанында келушілер дәрігер онкомоммологтан тегін кеңес ала алады. Сонымен қатар қажеттілікке қарай омырау безін ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, маммография жасатып, сүт безінің түйінінен биопсия алуға және оны тегін тексертуге мүмкіндігі бар.
–Елімізде Үкімет қаулысымен 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы кешенді жоспар әзірленген. Осыған сәйкес биылғы жылдың қазан айы сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және аты жаман ауруды халыққа кеңінен түсіндіру мен насихаттау айы деп жарияланды. «Ашық есік күні» науқаны аясында өткізілген медициналық тексерулер нәтиждесінде бүгінге дейін 63 әйел дәрігер маммологтарға келіп қаралды. Үш науқастан қатерлі ісік ауруының пайда болу күдігі туындаса, он бірінен сүт безі ісігінің қатерсіз түрі анықталды. Он жеті науқас ультрадыбыстық зерттеуден, үшеуі маммографиялық тексеруден өтті. Сондай-ақ онкологиялық ауруға күдікке ілінген үш науқас цитологиялық зерттеуден өту үшін түйін тастаған сүт безінен биопсия алынды, – деді Шымкент қалалық онкологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дәулет Жұмағали.
Оның айтуынша әрбір қыз-келіншек медициналық қызметті тегін ұсынып отырған «Ашық есік күні» аясында уақыт тауып қалалық онкологиялық орталыққа келіп сүт безінің қатерлі ісігіне қарсы арнайы тексеруден өтіп, білікті мамандардан қажетті кеңестер алып қалғаны жөн. Өйткені ананың саулығы отбасы үшін керек. Ал отбасы өздеріңіз білетіндей мемлекеттің тірегі.