Версия для печати

Әскери міндетті өтеу парыз

Пятница, 29 Январь 2021 06:33 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 20380 раз
Оцените материал
(0 голосов)

balamdy-askerge-alip-ketti

Отан алдындағы парызын өтеу әрбір ер жігіттің азматтық борышы. Бүгінде әскерге шақырудың талаптары мен тәртібінде ерекшеліктер мен  өзгерістер бар. Бұл жайлы біз Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығы подполковник Тәуіржан СМАҒҰЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

 

tauirzhan-smagulov– Тәуіржан Сақұлы, алдымен әскерге кімдер шақырылатынын айтып өтсеңіз?
– Әскери азаматтық борышын өтеу үшін жасы 18-ге толған, 18-ден асқан жігіттер  тұрғылықты жері бойынша әскери комиссариатқа шақырылады. Тұрғылықты мекенжайынан таппағандықтан, баланың деректерін іздеуге беріледі. Мұндай жағдайда полиция өкілі оны жұмыс орнынан алып кетуге толықтай құқысы бар. Себебі баланың шақыру учаскелеріне келмеген жағдайда әскери комиссариатқа күштеп алып келу міндеті полицияға тапсырылған.  Ал, кез келген мекеме басшысы  өзінде қызмет ететін, әскер қатарына шақыруға жататын азаматтарды жергілікті әскери басқару органдарының  шақыруы бойынша сол уақытқа жұмыстан босатып, шақыру учаскесіне баруын қамтамасыз етуге тиісті. Олай болмаған жағдайда жоғарыдағы айтылғандай жұмыс орнынан алып кетуге полицияның қақысы бар.

 

–  Егер әскерге барудан себепсіз бас тартқан жағдайда, қандай жазаға тартылуы мүмкін?
– ҚР Қылмыстық Кодексiнің 387-бабы, әскери қызметтен жалтару бойынша бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Немесе сол мөлшердегі ақыны өтейтіндей түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті заңда бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы да көрсетілген.
 Ал, қасақана өзiнiң денсаулығына зиян келтiру немесе аурумын деп жалған мәлімет беру арқылы әскерге барудан бас тартатындар үшін үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге заңдық негіз бар.
– Реті келгенде оқырмандарымызға түсіндіре кетейік, бүгінгі таңда әскерге шақырудың тәртібі, талабы қандай? Әскер қатарынан бас тартуға негіз болатын жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Жыл сайын елімізде 18-27 жас аралығындағы барлық ер азаматтар әскерге  шақырылады. Әскери борышын өтеу, Қазақстан Республикасының әскер сапында болып, Отанын қорғау әр азаматтың  парызы мен міндеті. Дегенмен, азаматтардың әскерден уақытша және тұрақты негізде босатыла алатын бірқатар жағдайлары қарастырылған. («Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес: 35-36 баптары).

 

– Мысалы, қандай жағдайда әскерден босатылады?

– Алдымен Қазақстандағы әскери тәртіп бірнеше бағыттарға бөлінетінін атап өтейік:
• мерзімді әскери қызмет (18-27 ер адамдар үшін 12 ай мерзімге);
• запастағы офицерлер қызметі (29 жасқа дейінгі жігіттер үшін 24 ай мерзімге);
• келісімшарт бойынша әскери қызмет (келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес);
• әскери жиындар (әскери міндеттілер үшін 2 аптадан үш айға дейінгі мерзімде).
Әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады: наурыз – маусым  және қыркүйек – желтоқсан айларының аралығында.
Бейбіт уақытта әскери шақырудан мынадай азаматтар босатылуы мүмкін:
• туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде, қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе І немесе ІІ топтағы мүгедек болып қалғандар;
• басқа мемлекетте әскери  (балама) қызметті өткерген;
• «Қазақстан Республикасының арнайы органдары туралы» ҚР Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды  қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдарында қызметті өткерген;
• оқу туралы растау құжаттарын ұсынуда доктор ғылыми дәрежесі барлар;
• ҚР тіркелген діни бірлестіктерде діни қызметкері болып жұмыс жасайтындар;
• денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар.

 

– Ал, әскерге шақыру мерзімін кейінге шегеру бойынша кімдерге жеңілдік берілген?
– Әскерге шақыруды кейінге қалдыру Заңда көрсетілгендей отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыруы үшін, денсаулығына байланысты әскерге шақыру мерзімін кейінге шегеруіне болады.

 

– Оқырманға түсінікті болсын, «Отбасы жағдайлары бойынша» дегенге қандай жағдайды жатқызуға болады?  Себебі, редакцияға хабарласқан тағы бір оқыр-манымыз былай дейді: «Жалғыз атасымен тұратын көрші жігітті қайта-қайта әскерге шақыртып жатыр екен. Әкесі де шешесі де ерте қайтыс болып, бала тек атасымен өсіп-жетілді. Ол әскерге кетсе, қарияға кім жанашыр болады?» Мұндай  жағдайда қандай жеңілдік қарастырылған?

– Егер, адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн  күтумен айналысатын, сондай-ақ жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азамат болса әскерге шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі бар.
 Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi төмендегіше анықталады:
• әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе І немесе ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
• ата-анасы болмаған жағдайда, І немесе ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
• әскерге шақырылушыдан басқа І немесе ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын немесе 18  жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы/әкесi;
• өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе І немесе ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын 1 және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi);
• І немесе ІІ топтағы мүгедек болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа 18 жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
• Отбасы мүшелерінің біреуі мүгедек және шақырылушы жалғыз ер бала болса;
• өзiнiң асырауында анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары) бар азаматтар;
• ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сотпен бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдары бар азаматтар;
• некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтар болып табылады.

 

–Студенттерге жеңілдік бар ма? Олар оқудан қол үзіп қалмас үшін, әскерге баруды кейінге жылжыта ала ма?
– Білім алуды жалғастыру үшін тиiстi білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған кезде – бiр жоғары оқу орнын аяқтағанға дейiн әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыра алады.
Білімін жалғастыру себебі бойынша кейінге қалдырылған азаматтар, білім алу кезінде ғана кейінге қалдырылады.

 

– Мысалы, әскерге барардың алдында бозбаланың аяқ астынан денсаулығы сыр беріп, тиісті ем-дом шараларын қабылдауы керек болып қалды делік. Мұндай жағдайда әскери борышын кейінге шегере ала ма?
– Денсаулық жағдайы бойынша шақыру мерзімін кейінге қалдыру шақыру комиссиясының шешімімен 1 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады.
Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
• педагогикалық білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстеп жүрген кезеңiне;
• тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
• ҚР Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына;
• өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
• тиісті білімі бар азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипаждарына, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында барлық жұмыс істеу кезеңіне  беріледі.
Бұл жағдайда мерзімін кейінге қалдыру жұмыстың барлық кезеңіне беріледі, ал қылмыстық іс жағдайында – сот шешімі бойынша тергеу аяқталғанға дейін ұсынылады.

Последнее изменение Пятница, 29 Январь 2021 15:40