Версия для печати

КӘСІП ПЕН ТЕРАПИЯНЫ ҚАТАР МЕҢГЕРГЕН Избранное

Среда, 23 Июнь 2021 03:42 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 15585 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекеттің қолдауымен өз ісін бастап, кәсібін жүргізіп жатқан жерлестеріміз аз емес. Тың идеясын ұсынып, бизнес-жоспарын қорғаған жандарға 200 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде грант беріледі. Ол нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

255

 

Осындай қолдау шараларының шарапатын көрген жанның бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнұр Сейітханова. Көп балалы ана саз-балшықтан қыш құмыралар жасайды. «Бастау бизнес» жобасы аясында 21 күндік оқу курсына қатысып, сертификатымен ерекше бизнес-жоспарына грант алған жерлесіміз 2020 жылдың соңында 555 650 теңге көлемінде грантқа ие болған. Айтуға оңай болып көрінгенімен, «грантты ұтып алудың өз қиындығы болды», - дейді кейіпкеріміз.

– Біздің оқуымыз пандемия күшейіп тұрған кезге тура келді. Сабақтың барлығы онлайн өтті. Оның үстіне, менікіне ұқсас жоба кең таралмаған. Оқытушылар «нарықтағы өз бәсекелестеріңізді зерттеп, өз жоспарыңызды жақсартыңыз» деген кезде зерделейтін ешкімді таппадым. Дайын бизнес-жоспарлардың үлгісі де болмады. Сондықтан, өз идеямды расында да қорғап, тер төгіп, грантқа еңбекпен қол жеткіздім деп айта аламын, – дейді Гүлнұр Сейітханқызы.

Қаржыға қол жеткізген соң шебер дереу шетелден қажет құрылғыларға тапсырыс береді. Дегенмен, карантин шектеулеріне байланысты заттары кешіккесін жұбайы Қазақстаннан іздеп жүріп қажет құрылғылар тауып беріпті. Негізгі құрал-саймандары келгенше солармен жұмыс істеуге тура келген.

Былтырдан бері кәсібін бастаған Гүлнұрдың басқа жандардан бір өзгешелігі – балалар терапиясымен де айналысқан. Нақты айтқанда Шымкеттегі мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту орталығында жарты жылдай арт-терапия жүргізеді. Шебердің бұл бағытты таңдауының өз себебі бар.

256


– Былтырғы маусым айында ковидпен қоса пневмония өршіп тұрған кез. Сәбиім екеуіміз қатты ауырып қалдық. Біз ғана емес, бүкіл елде, қаладағы жағдай қиын еді. Ата-анамыздың өмірден өткеніне де көп болмаған, барлығы әсер етіп, балалардың болашағын қатты уайымдадым. Қалың ой құшағында жүріп, бала кезде судың жағасында балшықпен ойнап отыратын кезім есіме түсіп кетті. Университетті қолданбалы өнер және сызу мамандығы бойынша бітіргем. Керамика сабағында барлық жайтты ұмытып, миым демалып, тынығып қалатыным да есіме түсті. Содан Алматыда бірге оқыған құрдастарыма жазып, іздеп жүріп, сабақ берген ағайымның нөмірін тауып алдым, – дейді Гүлнұр Сейітханқызы.

Шәкіртінің жағдайын түсінген қарт ұстаз өзіне шақырады. Алматыға барған сапарынан кейін Гүлнұр қайта керамикамен айналысуға бет бұрғанын айтты. Университетті аяқтағанына 16 жыл болған бұрынғы студент оқытушысының көмегімен біраз жайтты еске түсіреді. Алматыдан саз-балшық ала келеді.

– Шымкентке келген соң этнодизайнер Кендебай Қарабдаловтың шеберлік сабағына қатыстым. Отырар музейінің реставраторы Жанұзақ деген шебердің жасаған дүниесін, жұмыс барысын көріп қайттым. Содан ізденіп жүріп, байқасам, күйзелістен шығып кетіппін. Өмірге деген құштарлығым артыпты. Уайым-қайғыға уақытым да қалмаған. Миым демалып, шабытым оянды, – дейді көп балалы ана.

Осы тұста өз ісін бастауды ойлап жүрген шеберге туысы «Еңбек» бағдарламасы аясында өтіп жатқан оқу туралы айтады. Сол оқуға қатысып, сертификат алған соң қолөнерші енді басқа жандарға көмектесу туралы ойлайды. Мұның да сәті күтпеген жерден түседі.

– Ол кезде Нұрсәт шағынауданында тұратынбыз. Балконға шыққанда үйдің қасындағы ғимаратқа қоларбаға мінген балалары бар ата-аналар кіріп жататынын көретінмін. Барып, сұрастырғанда оның «Қасиетті жол» оңалту орталығы екенін білдім. Мен барған сәтте балалардың би сабағы өтіп жатты. Әр қимылына шаттанған балалар ата-анасына «Міне, мен мойнымды бұра алдым, қарашы!» деп қуана айтып жатқанын көріп, жүрегім сыздады, – дейді кейіпкеріміз.

Өзі арт-терапия арқылы күйзелістен құтылған анада «Ерекше балаларға өз қолымен бұйым жасауға көмектессем, олар дертін ұмытып, өмірге деген құштарлығы артар» деген ой пайда болады. Сол күні-ақ орталықтың директорына жолығады.

– Салтанат Қуатқызының кабинетіне кіріп, өз ойымды айтқаным сол екен, орнынан тұрып, мені құшақтай алды. «Көптен бері осындай маман таппай жүр едім деп» қуанып кетті. Балаларға пайдалы мұндай арт-терапияның Европада дұрыс жолға қойылғанын айтты, – дейді Гүлнұр.

«Қасиетті жол» орталығының жетекшісі шеберді «Маған керек кезде келдің» деп балаларға таныстырады. Гүлнұр басында қобалжып, бірден шешім қабылдай алмай жүреді. Себебі, ерекше балалармен жұмыс істеу аса үлкен жауапкершілікті талап ететін.

268



– Ерекше балалардың ата-аналарының жағдайы мені бей-жай қалдыра алмады. Содан таңертең бірден орталыққа барып, сабағымды бастап жібердім. Олардың шаттанғанын көргенде қатты қуандым. Әсіресе, балалар өздері жасаған заттарын ата-аналарына көрсету үшін үйлеріне апарар сәттегі жүздерін көрсеңіз ғой! Сөзбен айтып жеткізу қиын, олардың өмірге деген құштарлығы арта түсті. Қолдары икемге келмейтін балалар алдындағы затты жасау үшін барынша ойы бөлініп, қолының тырысқаны жұмсарады, – дейді шебер.

Осылайша жарты жылдай Гүлнұр «Шаңырақ» орталығында ерекше баласы бар және көп балалы отбасылардың балаларына тегін сабақ өткізеді. Ал биылғы мамыр айында жеке шеберханасын ашып отыр. Сабақ өтумен қатар өңіріміздегі басқа да шеберлермен тәжірибе алмасып келеді.

– Барлық ісімде қолдау көрсететін – жұбайым. Қазір, міне, бесінші сәбиіме жүкті болған соң, заттарды тасып, балалармен сабақ өту қиынға түсті. Оның үстіне қаланың басқа жағына көшіп, орталыққа жету қиындап кетті. Сондықтан, әзірге үйде отыруға мәжбүрмін. Алдағы жоспарым – бастаған ісімді дамытып, ересектер арасынан шәкірт дайындап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алсам деген арманым бар, – дейді Гүлнұр.

Последнее изменение Среда, 23 Июнь 2021 08:36
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.