Версия для печати

БАР МЕЙІРІМ – БАЛАЛАРҒА Избранное

Среда, 18 Май 2022 04:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3589 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай, қаламызда балалар тақырыбына арналған іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Осы мақсатта ұйымдастырылған баспасөз туры барысында қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1 оңалту орталығының жұмысымен жақынырақ танысып қайттық.

523

 

Орталық 2018 жылдың қаңтар айында облыстық мекеме болып ашылған. Кейін Шымкент өз алдына республикалық қала мәртебесін алған соң сол жылдың қыркүйегінде мегаполиске қарасты орталық болып өзгерді.
Оңалту мекемесі бас дәрігерінің орынбасары Мейрамгүл Алтаева орталықта 120 қызметкер жұмыс істейтінін, дәрігерлердің біліктілігі жоғары мамандар екенін айтып өтті.
– Мұнда тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, церебральді сал ауруынан жұту, шайнау қызметтері нашарлаған және тіл мүкістігі бар балалар мен жасөспірімдер емделеді. Науқастарға негізінен медициналық және педагогикалық, коррекциялық емдеу түрлері қолданылады. Балаларға ортопед-травматолог, неврапотолог, дефектолог, психолог, физиотерапевт және реабилитолог сияқты жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсетеді, – деді М.Алтаева.
Мейрамкүл Бауланқызының айтуынша, бүгінгі таңда орталықта 110 бала ем қабылдауда. Сегіз жасқа дейінгі науқастар орталықта жатып емделсе, 8-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге 10 төсек-орынды күндізгі стационар ашылған.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін оңалту орталығында 583 бала ем-дом қабылдап, емдік шаралар өз нәтижесін берген 14 сәби аяғынан нық тұрды, 12 бүлдіршін өздігінен жүріп кеткен.
27 жастағы қала тұрғыны Әйгерім Бекбауова сәбиін осында емдетуге әкеледі. Тумысынан сал дертіне шалдыққан тұңғышы білікті дәрігерлердің көмегімен қазір басын тік ұстап, аяқтарын қимылдатады. Айтуынша, әр үш ай сайын үзбей ем алудың нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отыр.
– Төртінші немеремнің жасы бесте. 2019 жылдан бері осы орталықта ем қабылдаймыз. Оған дейін талай жерде болдық. Бірақ, ешқандай нәтиже бермеді. Бүгінге дейін төрт рет ем алдық. Соның нәтижесінде шығар, немерем жүріп кетті. Оның алдында тіпті отыра да алмайтын. Мұнда логопед, психолог, физиотерапевт және массажшының қызметтерін пайдаланамыз. Немерем сөйлейді, ойлау қабілеті жақсы. Енді тек жақсы жүріп кетсе болды, – дейді кішкентай Аринаның әжесі Мұхтаркүл Сейдәзімова.
Орталықтың басты ерекшелігі – мұнда дәстүрлі емдеу шараларымен бірге заманауи медициналық оңалту тәсілдері де қатар қолданылады.
– Мәселен, кинезотерапия мен ботулинотерапия секілді емдеу түрлері бар. Біріншісі балалардың бұлшықеттерін денешынықтыру әдісі арқылы дамытуға көмектеседі. Ал ботулинотерапия арнайы препарат арқылы церебральді сал ауруының қиын түріне шалдыққан науқас балалардың сірескен бұлшықеттерін жұмсартуға мүмкіндік береді. Кинезотерапияны орталықтың 12 дәрігері арнайы Германиядан келген мамандардың біліктілік курсына қатысу арқылы оқып үйренді. Сонымен бірге 10 маманымыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық оңалту орталығында білімдерін жетілдірді, – деді Мейрамгүл Алтаева.
Орталықта, бұдан бөлек, галотерапия, психологиялық оңалту, монтессори, сенсор бөлмесі, эрготерапия, ойын терапиясы секілді қосымша емдеу шаралары жүргізіледі. Мұндағы емнің барлығы тегін, жергілікті емханалардың жолдамасы арқылы жүзеге асырылады.